- Advertisement -

Қос ауданда қордаланған мәселе көп

122

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шу, Қордай аудандарында жұмыс сапарымен болып, ондағы бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Шу ауданындағы жұмыс сапарын өңір басшысы әуелі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 2,28 миллиард долларды құрайтын химиялық паркте келешекте химия өнімдерінің 16 түрін өндіретін өндіріс ошақтары бой көтереді. Биыл арнайы экономикалық аймақта каустикалық сода және хлор өндіретін «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іске қосу жоспарланған. Алайда кәсіпорын басшылығы химиялық парктегі инфрақұрылым тарту жұмыстарының аяқталмауына байланысты өндірістік үрдістің бір жылға кешігіп басталуы мүмкін екендігін айтып отыр. Бұл мәселе жөнінде аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта кәсіпорын шығаратын өнімдерінің өнімділігін арттыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын мықтап қолға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ауданға инвестиция тарту, өндірісті өрістете дамыту мәселесін шегелеп тапсырды.
Мұнан соң, Асқар Исабекұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында болып, ондағы қазандықтарды газбен жылытуға көшіру жұмыстарының барысымен таныс болды. Негізі кәсіпорын қызметінің 77 пайызын Шу қаласының тұрғындары тұтынады. Сол себептен де, өткен жылдың шілде айында бұған дейін көмірмен жылытылған қазандықтарды табиғи газға көшіру қолға алынып, оған 280,3 миллион теңге бөлініпті. Орталық қазандықты «көгілдір отынмен» жылыта бастаған кәсіпорын жұмысына ендігі жерде газ қысымының төмен болуы кері әсерін тигізуде. Мұндағы мәселемен танысқан соң өңір басшысы таяу уақытта осы төңіректен жылыжай салу қажеттігін назарға салды.
Келесі сәтте облыс әкімі Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебіне барып, білім ошағының ахуалын көрді. Дәл қазір сыйымдылығы 460 оқушы болатын бұл мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Білім ордасының жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен жалпы сомасы 164,8 миллион теңге қарастыру көзделуде.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Шу қаласындағы «Жайсаң» тұрғын алабына инфрақұрылым тарту және «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысты.
Қазіргі таңда «Жайсаң» тұрғын алабында инфрақұрылым тарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Себебі тиісті жұмыстарға жауапты «Дайана ПКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысына салғырттық танытқан. Жүрісінен жаңылған мердігерге миллиондап айыппұл салынғанымен, істің алға жылжитын түрі көрінбейді.

Ал «Жетісу» тұрғын алабындағы 4 көп пәтерлі үй толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілсе, 350 отбасын баспанамен қамту мүмкін болмақ. Бірақ мұнда да тірліктің берекесі қашып тұр. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жоғарыда көтерілген мәселелерді реттеп, «Жетісу» тұрғын алабындағы көп пәтерлі үйлердің барлығын күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ А.Мырзахметов «Жамбыл жол құрылысы» кәсіпорнының меншігіндегі «СПТУ-24» техникалық колледжі ғимаратының жағдайын көзбен көрді. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын ғимарат қазір «Қазкоммерцбанкте» кепілде тұр. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 600 орындық мектеп-интернаты етіп пайдалану жайын ойластыру қажет екендігін айтты.
Ауданға жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов мақсары майы мен майлы, дәнді дақылдар өнімдерін өндіретін «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. 2012 жылы ашылған кәсіпорын тәулігіне 3 тонна сұйық май өндіреді. Мұнда қазір 63 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жетекшілері жер көлемін көбейту арқылы өнімділікті де арттыруға мүдделі. Дегенмен «Kaz-Ir-Agro»-ның шығарған өніміне нарықта сұраныс өте аз. Сұраныс аз болған соң өндіріс ошағының табатын пайдасы да аз болатыны бесенеден белгілі. Бұлай дейтін себебіміз, облыс орталығындағы үлкен супермаркеттерде, үлкенді-кіші дүкендерде бұл өндіріс ошақтарының өнімдері кездесе бермейді. Жарнамасы жұпыны. Сондықтан сапасы жоғары өнім тек аудан орталығынан ұзаққа өткерілмей жатыр. Әрине, барлығын ауызбен айтып, ақыл айтқан оңай шығар. Дегенмен, аудан әкімдері жергілікті жерде шығарылып жатқан өнімді қолдап, оның өткерілуіне мұрындық болғаны абзал. Әйтпесе, Шуда өндірілген «Kaz-Ir-Agro»-ның өнімі облысты былай қойып, сапасы жөнінен шет мемлекеттерді таңғалдыра алатыны анық.
Негізі Шу ауданы ауыл шаруашылы-ғымен аты алысқа кеткен өңір. Облыс бойынша агроөнімдердің 40 пайызын осы аудан береді. Алайда кетпен ұстаған егінші қауымның нәсібін табатын егістік жерлердің көпшілігі белгісіз себептермен жайылым жерлерге айналып кеткен. Сондықтан келешекте егістік алқабын ұлғайту мәселесін барынша назарға алу керек.
Айтпақшы, тоғыз жолдың торабында орналасқан құтты мекенде бір көңілге қонғаны аудан бойынша қанша жер пайдаланусыз жатыр, кімге тиесілі екенін білу үшін ғарыштан бақылау жасауға мүмкіндік туыпты. Осы ілкімді істі басқа аудандар да көп ұзатпай қолға алып, дереу іске қосса, ауыл шаруашылығындағы біраз түйінді мәселелердің шешімі табылар еді.
Күні бойы Шу ауданындағы облыс әкімінің сапары аудан активінің бас қосқан жиынында қорытындыланып, жоғарыдағы мәселелер көпшіліктің талқысына салынды. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, кеткен кемшіліктерді түзеуді шегелеп тапсырды.
Облыс әкімінің жұмыс сапары келесі күні Қордай ауданында жалғасын тапты. Өңір басшысы аудандағы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысуды «Куликово сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 227 миллион теңге болатын кәсіпорын 2012 жылы іске қосылған. Жылына 1400 тонна қаймақ, ірімшік және майлылығы әр деңгейдегі сары май сынды сүт өнімдерін өндіретін серіктестікте 35 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Аудандағы жұмыс сапарында А.Мырзахметов «Қордай» шекара-өткізу және «Қарасу» бақылау-өткізу бекеттерінде болды. «Қордай» өткізу бекетінің қазіргі әлеуеті тәулігіне 25 000 адам мен 1500 дана көлік құралын өткеруге қабілетті. Өткен жылы дәл осы бекет арқылы мемлекеттік шекараны 5,7 миллион адам мен 504 649 дана көлік құралы кесіп өткен. Бекет жағдайымен танысқан облыс әкімі жауапты тұлғаларға онда қалыптасқан бірқатар мәселелерді реттеуді тапсырды.
Мәселен, «Қордай» шекара-өткізу бекетін кеңейту және қайта жаңғырту қажет. Сондай-ақ «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінің өткізу қабілеттілігін арттыру және қазақ-қырғыз шекарасында жаңа көпір құрылысын жүргізуді талап етіп отыр. Содан соң, өңір басшысы «Георгиевский» магистральды канал су бөлу гидроқұрылымында болды. Гидроқұрылымдағы су «Георгиевский», «Атбашинский» магистральды каналдарына түседі. Су шаруашылығы жүйелері мен барлық құрылымдар Қырғыз Республикасының су шаруашылығы департаментіне тиесілі. Диспетчерлік пункт пен өзге шаруашылық нысандар Қордай ауданында орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары іске қосылған гидроқұрылым жөндеуді қажет етіп тұр.
Мұнан соң, өңір басшысы 2016 жылы пилоттық жоба ретінде құрылып, 60 шаруа қожалығының басын біріктірген «Қарасу – Өтеген» кооперативіндегі ахуалмен танысты. Мұнда облыс басшысы шаруаларға мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласы бойынша көптеген жеңілдіктер жасалып жатқанын, бірақ бұл көмектердің қарапайым шаруалардың құлағына жетпей жатқанын қынжылыспен жеткізді. Бұл істе ауыл, аудан әкімдері, салалық басқарма басшылары енжарлық танытып отырғанын бүкпесіз айтты. Тіпті, осы жеңілдіктерді жіліктеп түсіндіретін, елге жарнамалайтын арнайы мекемелер ауылға ат іздерін салмайтынын да жасырмады. Сөз барысында аталмыш кооперативтің де алдағы жоспарлары айтылды. Әсіресе, облыс әкімінің малды сойып сата бермей, өндірілген өнімді өңдейтін кооператив жанынан цех ашу мәселесін тілге тиек етті. Сондай-ақ тек ет өнімінен бөлек сиырдан сүт сауып, оны кәдеге жаратуды тапсырды.
Дегенмен шаруасы шалқыған «Қарасу – Өтеген» кооперативі өткен жылы Алматы қаласына жалпы құны 167 миллион теңгені құрайтын ет жөнелтіп, тірліктерін тіктеген екен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселеп өсіп, облыс әкімі айтқан ұсыныстар өз ретін табады деген ойдамыз.
Сонымен бірге, А.Мырзахметов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Бүгінде ХҚКО 726 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады. Орталық қызметіне тәулігіне 700-1000 мың адам жүгінеді. Алайда орталыққа бөлінген 1 қабатты ғимараттың іргетасы 1969 жылы қаланған. Әрі ескі, әрі тар ғимарат орталық жұмысын жүйелі жүргізуге кері әсерін тигізуде. Осы орайда, ХҚКО жаңа ғимаратты қажет етуде.
Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментіне қарасты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, өрт сөндіру және апатты-құтқару қызметтерінің де жұмысымен танысты. А.Мырзахметов материалдық-техникалық база мен арнайы қызметтің техникалық әлеуетін жетілдіре түсу жайына баса назар аударды. 41 елді мекені бар ауданға қосымша өрт сөндіру ғимараты және 6 арнайы көлік қажет.
Жалпы, Қордай жерінде жасалған тірлік ұшан-теңіз. Дегенмен әттеген-ай дейтін тұстары да аз емес. Әсіресе аудандағы білім көрсеткішінің сапасы көңіл көншітпейді. Соңғы үш жылда Ұлттық Бірыңғай тестілеуден облыс бойынша ең соңғы орынды иеленуде. Мүмкіндігі көп ауданның бұлай білім бәйгесінде сүрінуі көпшілік көкейінде сұрақ күйінде қалды. Сонымен қатар, ауданда құрылыс саласында қордаланған проблемалар жетіп артылады. Әсіресе құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық-сметалық құжаттардағы құрылыс құны адам сенгісіз соманы құрайды. Бұл өте күрделі проблема. Сондықтан мұндай мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешкен абзал болар.
Облыс әкімінің екі күндік жұмыс сапары барысында көптеген түйіні тарқамаған мәселелер айтылды. Әсіресе салалық басқармалардың аудандағы кемшіліктерді жіпке тізіп, мәселені майшаммен қарап жатқаны көңілге медеу. Бірақ кейбір басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің өз ісіне жүрдім-бардым қарап, мәселеге толық талдау жасай алмай жатқандығы қынжылтады. Сондай-ақ ауыл мен аудан әкімдерінің арасындағы алшақтық істің тұралауына алып келуде. Осындай олқылықтарды жауапты тұлғалар жете түсініп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бар күш- жігерін салса, бітпейтін іс, жетпейтін жетістік болмаса керек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support