Қыздардың қылығымен өмір сұлу…

0
301

Қазір ер-азаматтар біртүрлі болып барамыз ғой. Қит етсе жаны қылдан нәзік қыздарды кінәлап, өзіміз судан таза, сүттен ақ болып шыға келеміз. Аруларға деген құрмет шөлді жердегі аралдың суындай азайды. Жалпыға топырақ шаша алмаймыз, әрине. Дегенмен көпшілік жағдай да өмірге қыз бала әкелген ананы жақтырмай, қорлайтынымыз жасырын емес. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатқан нәзік жандының жазығы неде? Ол жағын ойламаймыз.Мен ес білгенде бойжеткен бір емес, екі әпкем бар еді. Сол әпкелерімді қай жерге барса да, жұрт қадірлейтін, құрметтейтін. Әлде ол кезде адамдардың көзқарасы басқаша ма еді?! Әйтеуір сол кездің жігіттері қолынан келсе қыздарды қорлауға емес, қолдауға дайын тұратын. Әсіресе, Болат деген көршіміз болды. Менің екінші әпкеммен сыныптас еді. Сол Болат мектепке дейін әпкемнің сөмкесін көтеріп барып, қайтарда да сол әдетінен жаңылмайтын. Көктемде мектеппен екі арадағы арыққа су толып кеткенде әпкемді арғы жағаға сүйемелдеп өткізу де Бөкеңнің «штаттан тыс» жұмысы саналатын. Бұл дегеніңіз олардың араларындағы достық, сыйластықты байқатады. Мұндай достық кейіннен Болаттың қарындасы Гүлнұр екеуміздің арамызда да жалғасын тауып еді. Көрші үйдегі Биғайша апамызбен (Болаттың шешесі) біздің анамыз да тату, ынтымақты болатын. Ол кездің аналары бүкіл көршінің балаларын өз перзентіндей еркелететін. Елде ынтымақ бар еді. Содан болар, ұлдарымыз әдепті, қыздарымыз тәртіпті болып өсті.
Қазір ойлап отырсам, сол жылдары біздің ауылда әр үйде кемі 7-8 баладан болатын. Бәріне бірдей жаңа киім қайда? Бірінің киімін бірі киіп, бірінің ескісін бірі жамап, жетілді бәрі. Есесіне, барлық үйдің балалары бауырмал едік. Ұлдарымыз ұятты болатын. Қыздардың бойынан бір бөтен қылық байқалмайтын. Аналары оларға барлық ақылын айтып, болашақ ана екенін, үлкен-кішімен қалай сөйлесу керектігін, ер баламен қалай тілдесу қажеттігін ескертіп, құлағына құйып отыратын. Ол кезде «Қыз өссе – елдің көркі», «Қыздардың қылығымен өмір сұлу», «Қыз – қонақ», деген көтерме, құрмет сөздер жиі айтылатын. Қыз баланың қонақ екенін, болашақта басқа үйдің адамына айналатынын бүкіл ауыл ұғынатын. Сондықтан әр қызға құрмет жоғары болып, қыз абыройы бүкіл ауыл болып қорғалатын. «Қыздарға қырық үйден тыйым» деген нақыл әр ананың, әр азаматтың көңілінде сайрап тұратын-ды.
Содан болар, ауылдан тұрмысқа шыққан ешқандай қыздың жаманаты естілмейтін. Ажырасу деген жоққа тән еді. Ондай сөз шықса, жұрт қасқыр көргендей шошынатын. Қыздарын аналар «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп тәрбиелейтін. Қызы туралы жаман сөз есту әр ана үшін өліммен тең еді.
Ал қазір ше? Еліміз бойынша жыл сайын отау тіккен жас отбасылардың шамамен 35 пайызы ажырасып кетеді екен. Әр 100 шаңырақтың 35-інің дәм-тұзы жараспайтыны белгілі болып отыр. Бұл – қасірет! Ел болып ойланатын мәселе. Одан бөлек 13-14 жасар қыздардың жүктілікпен аты шығып жатқанына жүрегім ауырды. Негізі, бір қыздың қылығы, даналығы 100 жігітті баурап алуы қажет қой. Кезінде даналығымен ел басқарған аналарымыз да тарихтан белгілі. Қазір қыздарымыз да мұндай жауапкершілікті сезіне бермейді. Оған бас ауыртып жүрген аналарды да көрмейміз. Қит етсе, қызының сөзін сөйлейді көпшілігі. Жас шаңырақты шайқауға ниеттенген қызына тоқтам сөз айтып, бетін қайтарып тастаудың орнына «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп отыра береді. Бұл дұрыс тәрбие деп айта алмаймын. Ертеректегі талай ата-аналарды білеміз жас шаңырақта ши шыға бастағаннан ұлағатты сөз айтып, екі жастың ел болуын көздеген. Осындай ақылды шешімдерден ғой, жас отаулардың іргесі ұзақ жылдар бойы берік болып келгені.
Өткен жолы облыс әкімдігі білім басқармасы ұйымдастырған облыстық ата-аналар форумында жас ұрпақ тәрбиесі жөнінде ұлағатты ойлар айтылды. Облысқа белгілі кәсіпкер, Тараздағы №45 гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы Жетен Медеуов сол жиында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын бүкіл гимназия оқушылары, ұстаздары болып оқып, талқылағанын айтып еді. Бұл бастаманы облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Төлепберген қызу қолдап, облыс мектептеріне тарататын үлгі деп бағалаған болатын. Қыздар тәрбиесіне, болашақ аналарды қалыптастыруға бағытталған тың жоба-жоспарлар қажет-ақ… Әйтпесе, жыл сайын отау құрған әр жүз шаңырақтың 35-і ажыраса берсе, ертеңіміз не болмақ?
«Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?» деп аталарымыз қалай дәл айтқан. «Бір қызды бақытты етпеген жігіттен ерлік те шықпайды» деп Нарша ақын жырлағандай, отбасының тірегі ер- азаматтар да майдаланып бара ма?
Жалпы, жастардың тәрбиесіне мән беріп, барлығымызға жауапкершілікті сезінетін мезгіл жетті. Сіз қалай ойлайсыз?

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here