- Advertisement -

Байзақтың жері құтты, елі мықты

653

- Advertisement -

Облыс орталығына ең жақын орналасқан бұрынғы Свердлов, бүгінгі Байзақ ауданы жері құтты, елі берекелі мекен десек, қателеспейміз. Осы өңірдің айтулы тұлғаларының бірі, Байзақ батыр Мәмбетұлының есімін еншілеген ауданның құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Облысқа ғана емес, күллі елімізге сан саладағы еңбек майталмандарымен, дарынды ұл-қыздарымен танылған аймақтың бүгінгі ахуалы қандай? Сексен жылдың сеңгірінде, азаттықтың ширек ғасырдан астам уақыты ішінде нендей жетістіктерге жете алды? Айтулы мерейтой қандай еңбек тартуларымен қарсы алынғалы отыр? Аудан әкімі Рахметілдә Рахманбердиевпен арадағы сұхбатымыз, міне, осы және басқа да сауалдар төңірегінде өрбіген-ді.

– Рахметілдә Сегізбайұлы, бүгінде сіз басқарып отырған ауданның өзіндік бай тарихы, шежіресі, өнегелі өткені бар. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Иә, Ұлы Дала елі саналатын Қазақстанның әр өлкесінің, тіпті әрбір тау-тасының да өз тарихы, аңыз-әпсанасы бар. Сондай шежірелі өлкенің бірі – біздің аудан. Үстіміздегі жылдың 4 ақпанында 80 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған ауданның еңбеккерлері осынау жылдар ішінде ауызбіршілік пен ынтымақ бірліктің арқасында түрлі қиындықтарды еңсеріп, елеулі жетістіктерге жете білді десек, еш қателеспейміз. 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің шешімімен Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы сол кездегі Мирзоян ауданынан бөлініп шығып, өз алдына жеке отау тікті. Сол тұста оның құрамына 42 ұсақ ұжымшар, 1 кеңшар, 2 МТС енген екен. Аудан халқының ежелден бергі айналысқан негізі саласы ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік басым үлеске ие.
– Бір кездері егіншілікке «еті үйренген» байзақтықтардың қызылша өсіруден атағы алысқа тарағаны әлі күнге аңыз болып айтылады.
– Ол рас. Тарихи деректерге сүйенсек, құрыла салысымен-ақ экономикасын қалыптастырып, нығайтуға бет бұрған ауданның еңбеккерлері өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қант қызылшасын өсірудің ғажайып үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, 1939 жылы «Ленин» ұжымшарының звено жетекшісі Сәмен Өтепбергенов балтамырдың әр гектарынан 1410 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд жасады. Ауданның кейбір ұжымшарларында қант қызылшасының әр гектарынан 460-490 центнерден өнім алынғанын сол кездегі мерзімдік басылымдар да жарыса жазып жатты. Аудан шаруашылықтарын қамтитын Свердлов МТС-іне осындай табыстары үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, республика Халық Комиссарлар Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туы берілген. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң да ауданда қант қызылшасын өсіру ісі жандана түсіп, 1950 жылы ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп, балтамыр алқаптарының көлемі 6000 гектарға дейін жетіпті.
– Сол жылдары емес пе, бір ауданның өзінен бірнеше Социалистік Еңбек Ері шығып, жоғары марапатқа ие болғаны? Олардың бейнетті еңбектері де жас ұрпақ үшін жасампаз үлгі. Еңбек Ерлерінің жарқын ісі мен есімдерін ұмытпай, ұлықтау мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Иә, 1948-1965 және 1970-1980 жылдар аралығында аудан еңбеккерлерінің бір тобы қант қызылшасынан, көкөністен мол өнім алып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған еді. Олардың қатарында Айтжан Бөгенбаев, Орынкүл Атабекова, Алтынкүл Әлібаева, Наужан Дидарбекова, Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова, Мәрзия Ибрагимова және тағы басқалары бар. Биыл атақты қызылшашы, ауданымыздың мақтанышы Мәрзия Ибрагимова апамыз 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған Еңбек Ерінің өнегелі өмір жолын, тағылымды ғұмырын өзгелерге үлгі ету мақсатында бұл айтулы күнді облыс көлемінде тойлағалы отырмыз. Қарт қызылшашының мерейтойына дайындық шаралары қызу жүргізілуде.
Осы орайда айта кету керек, аудан орталығы – Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі «Батырлар аллеясында» ауданнан шыққан 27 Социалистік Еңбек Ерінің және Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев пен бейбіт күннің қаһарманы Ғазиз Байтасовтың суреттері орналастырылған.
– Ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл 27 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде байзақтықтар қандай биіктерді бағындыра алды?
– Егемендік алғаннан бергі кезеңде ауданның экономикалық-әлеуметтік саласы айтарлықтай өркендеді. 1995 жылдың 20 желтоқсанында бұрынғы Свердлов ауданы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Байзақ ауданы болып өзгертілді. Бастауын ғасырлар қойнауынан алған ауданның қалыптасуына көптеген азаматтар атсалысып, тер төкті. Жақаш Мамыров, Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Ұзақбай Сыздықбаев секілді өзге де тұлғалар ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Тоқсаныншы-екі мыңыншы жылдары аудан басшылығына келген С.Әбілеков, А.Кәрентаев, Қ.Жабағиев, Ә.Әсілбеков, А.Нұралиев, Б.Құлекеев, М.Шүкеев секілді басшылар да өз іздерін қалдыра білді.
Бүгінгі таңда егін және мал шаруашылығымен айналысатын өңірде мал басын көбейту, өндірілген өнім көлемін арттыру, ұсақ шаруаларды біріктіріп, кооперативтер құру арқылы олардың арасындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру, мал тұқымын асылдандыру, қант қызылшасының көлемін ұлғайту, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлінуде. Осының нәтижесінде өткен жылы ауданда өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан 2,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 104 пайызды құрады. Аграрлық аудан болғандықтан, тоқтала кетейін, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 31,4 миллиард теңгені құрап, өсім 103,0 пайызға жеткен. Былтыр 11 800 гектар алқапқа егілген масақты дәнді дақылдардан 27022 тонна астық бастырылды. Аудан бойынша егілген 2002 гектар қант қызылшасы алқабынан жиын-терін кезінде 48 мың тонна өнім жиналды. Биыл қант қызылшасы егістігі көлемін 2500 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды қолданудың арқасында тамшылатып суару технологиясы 902 гектар алқапқа енгізіліп, көрсеткіш бұрнағыдан 12 пайызға артты.
– Елімізді Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда ағымдағы жылы 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанынан хабардармыз. Олар қандай жобалар?
– Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында биыл аудандағы «Rola-7» ЖШС Оңтүстік Корея инвесторлары көмегімен жалпы сомасы 4 миллион доллар болатын, көлемі 3 гектар аумақты құрайтын өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысын жүргізбек. Сондай-ақ «Әулие-Ата Феникс» ЖШС жалпы құны – 900 миллион теңгеге 6 құс өсіру нысанын іске қосу жобасын дайындауда. Бұл арқылы құс етін өндіретін фабриканың өндірістік қуатын арттыру көзделуде. Осы серіктестік құны 106 миллион теңге тұратын сою цехының қалдықтарын тереңдетіп ет-сүйек ұнын өңдейтін құрылғы мен құны 42 миллион теңге тұратын қаптау машинасын сатып алып, орнату инновациялық жобасын әзірлеуде.
Ол ғана емес, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы саласында жоспарланып отырған жұмыстар қатарына 4,4 гектар алқапқа жаңадан 4 жылыжай салуды да енгізе аламыз. Сонымен қатар «Есо fruit» ауыл шаруашылық кооперативі 50 гектар алқапта 800 миллион теңге тұратын үдемелі алма бақ жобасын жүзеге асыруға, 2000 тонна алма сақтайтын, құны 825 миллион теңгені құрайтын қойма, «Дулат» шаруа қожалығы 100 басқа арналған мал соятын кешен құрылысын салуға ниеттеніп отыр. Қазіргі жұмыс істеп тұрған 44 кооперативке қосымша 18 ет, сүт, егін шаруашылығы бағытындағы ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, 34 ішкі шаруашылық каналдарды тазалау шаралары да көзделуде. Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары да назарымызда. Тиісінше, төрт түлігіміздің саны да жылдан-жылға өсу үстінде. Барлық меншік түрі бойынша 36880 мүйізді ірі қара малы, 233630 қой-ешкі, 11180 жылқы, 818 түйе, 331050 құс бар. Мал басының және мал өнімдерінің 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда барлық түрінен өсім бар. Ең бастысы, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы ретте ауданда 18 қолдан ұрықтандыру бекеті жұмыс жасауда.
– Әлеуметтік мәселелерді шешу қалай жүргізілуде?
– Әлеуметтік мәселелер де тұрақты назарымызда. Аудандағы 43 елді мекеннің 17-сі орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биылғы жылы 4 ауылда – Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдарында су-құбыр жүйелері құрылысын салуға 1,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, тиісінше жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге Сарыкемер, Байзақ, Қостөбе, Талас, Көктал, Сеңкібай ауылдарына су-құбыр жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. 22 ауыл табиғи газбен қамтылса, 21 елді мекенді газдандыруға жобалау-сметалық құжаттары жасалу үстінде. Құрылыс, тұрғын үй, көлік және көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстар да ауқымды. Өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 4,4 миллиард теңгені немесе 2016 жылмен салыстырғанда 188 пайызды құрады. Есепті кезеңде 24812 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудандық мәндегі автомобиль жолдарына, елді мекен көшелеріне және жаяу соқпақтарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 362 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде елді мекендерде былтыр 57420 түп түрлі тал-дарақ өскіндері отырғызылды. Білім беру саласын қаржыландыру көлемі 2018 жылы 6,6 миллиард теңгені құрады. Қазіргі таңда Байзақ ауылында 300 орындық мектептің, Сарыкемер ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ақшолақ ауылындағы 120 орындық мектеп құрылысын салу, 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, үш мектептің қазандықтарын газға арнап қайта жарақтау жоспарланса, 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ Бурыл ауылында 300 оқушыға арналған орта мектеп және Қостөбе орта мектебіне спорт зал, асхана соғуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
– «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» демекші, ауданның сексен жылдық мерейтойына дайындық шаралары қалай ұйымдастырылуда?
– Төсінде хас батырлар мен халқына ерен еңбегі сіңген тұлғалардың ізі қалған өңірдің 80 жылдығын атап өтудегі басты мақсат – өсіп келе жатқан жастар санасына туған жердің тарихын сіңіру, алдыңғы толқын ағалар мен аналарымыздың өнегелі істерін дәріптеп үлгі ету. Мерекеге дайындық және оны өткізу шаралары жүйелі жүргізілуде. Алдын ала жасалған жоспар бойынша облыс орталығында Байзақ ауданының күнін өткізу, баспадан ауданның жетістігіне арналған кітап шығару, облыстық ақындар айтысын, спорттың бірнеше түрінен спартакиада өткізу белгіленді. Аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде мерейтойлық арнайы айдар ашылып, оқырмандарға құнды деректерге толы материалдар ұсынылатын болады. Сондай-ақ мерейтой аясында бірқатар көрнекті, тарихи орындарды абаттандыру жұмыстары қолға алынуда.
Одан бөлек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Ауылым – алтын бесік» атты аудандық форум өткіздік. Осы форум шеңберінде 541 миллион теңгенің жобалары қолға алынып, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жалпы жұртшылық ауданның гүлденуіне ықпал ететін жобаларды іске асыруға қолдау мен көмек беруде. Жуырда Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жоспары жасалып, оның жолдары мен тетіктері нақтыланды. Байзақтықтар қашанғыдай ерекше еңбек етудің үлгісін көрсетіп, қарыштап алға баса бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жанғазы АХМЕТ

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support