1 алтын, 1 күміс

9

Тараздық жасөспірімдер
әлем чемпионатынан табыспен оралды

Украинаның Одесса қаласында каратэ киокушинкайдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеге әлемнің кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылары қатысып, жүлде жолында жанкештілік танытты. Аталмыш додада біздің өңірдің сайыпқырандары да топқа түсіп, ел мен өңір намысын абыроймен қорғап қайтты.

Әлем біріншілігінде 40 келі салмақ дәреже­сінде сынға түскен саңлағымыз Қуаныш Датқа қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, чемпиондық атаққа қол жеткізсе, 44 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Камила Кемелбекова күміс жүлдегер атанды. Екі оғланымызды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері мен спорт ардагерлері Тараз қаласындағы темір жол бекетінен ыстық ықыласпен күтіп алды.
«Одесса төріндегі әлем чемпионаты тартысты жағдайда өтті. Қарсыластардың барлығы да жеңіске деген құштарлық танытып жатты. Мен төрт спортшымен кездесу өткіздім. Иран, Украина елінің өрендері өте тегеурінді қарсылық көрсетті. Дегенмен жеңісті уысымнан шығарған жоқпын. Алда бізді әлі талай аламан күтіп тұр. Бұйыртса сол додаларда да жеңіс тұғырынан көрініп, маған сенім артқан барлық адамдардың үдесінен шыққым келеді», – дейді Қуаныш шаттықтан жүзі бал-бұл жанып. Камила Кемелбекованың да арманы асқақ. Ол да биік белестерді бағындыруды көздейді.
№48 және №36 мектепте білім нәрімен сусындап жүрген Қуаныш пен Камила білікті бапкер Жасқайрат Шейреновтың қол астында жаттығады. №3 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде талмай тер төгіп жүрген саңлақтарымыздың әлі талай байрақты бәсекеде биіктен көрінуге ұмтылғаны көңілімізде шаттық отын маздатты. Бастысы жанарларында от ойнап тұрғанын аңғарғандай болдық. Қуаныш пен Камиланың аналары Советкүл Еспенбетова мен Фарида Кемелбекова ұл-қыздарының жетістіктерін зор мақтаныш көретінін жеткізіп, жеңімпаздарды қошеметпен қарсы алғандарға алғысын жаудырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту