- Advertisement -

Бірлесе еңбек еткеннің берекесі артады

123

- Advertisement -

Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2018 жылғы жоспарларымен бөлісіп, есеп берді. Тараздағы «Достық үйі» ғимаратында өткен жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева ашып, жүргізіп отырды.
Рано Мақсұтқызы аталған мекемеге облыстық бюджеттен 113 миллион теңге бөлініп, жүз пайыз игерілгенін, оның 41 миллион 600 мың теңгесі өңірлік мерекелік іс-шараларға, 7 миллион теңгесі орталықтың материалдық-техникалық қажеттілігі үшін жұмсалғанын атап өтті. Қазір мекемеде 12 ұлттың өкілі, нақты 40 адам еңбек етеді екен. Атап айтқанда орыс, поляк, корей, өзбек, ұйғыр, қырғыз, түрік, татар, қазақ және өзге ұлт өкілдері өңірдегі 26 мәдени бірлестіктің жұмысын үйлестіріп отыр.
Жалпы өткен жылы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен 512 түрлі мерекелік және қоғамдық іс-шара өткізілген. Соның ішінде Шу, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарын қамтыған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – дамудың жаңа моделі» атты облыстық семинардың маңызы ерекше. Сондай-ақ белгілі шеберлердің қатысуымен екі көрме ұйымдастырылып,12 шеберлік сабағы жүргізілген. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткізілген екі семинар да көпшілік назарын аударыпты. «Татулық тірегі – отбасы», «Шаңырақ – үйдің символы», «Менің отбасымның дағдысы» мерекелік іс-шараларының да деңгейі жоғары болған.
Баяндамашының айтуынша, биыл бұл мекемеге облыс бюджетінен 150 миллион 700 мың теңге бөлініпті. Рано Убайдуллаева осы жылы да мәдени бірлестіктермен бірлесіп, ұлттар достығын нығайтатын шараларды өткізе беруге, жұмысты жаңа бағытта жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Бұдан соң жарыссөзге Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы жанындағы ғылыми-сараптама тобы төрағасының орынбасары Парида Мамедова, облыстық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Любовь Горр, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зейнутдин Махусеев, «Жамбыл облыстық неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер шығып, сөз сөйлеп, мекеме жұмысын жандандыру жөнінде ұсыныстарын айтты.
Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева қорытындылап, барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтып, мекеме басшысының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support