- Advertisement -

Су тасқынының салдары ауыр

204

- Advertisement -

сондықтан сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс

Көктем шығып, күн жылына келе еліміздің әр өңірінде жылма-жыл дерлік су қоймаларының тасқынға тосқын бола алмай, «сыр» беріп жататыны бар. Алматы облысында ана жылы осындай сел салдарынан бүтіндей бір ауыл тып-типыл болып, талай жанның ажал құшқаны ұмытыла қойған жоқ. Соңғы жылдары орталық және солтүстік өңірлерде су қоймалары мен бөгеттердің бұзылғаны тағы бар. Қардың қызыл суы да елді әжептәуір әбіржітеді-ақ. Әйтеуір, біздің өңірде ондай апат орын алмағанымен, «бізде тыныш» деп арқаны кеңге салып отыруға да болмайды. 2005 жылғы наурыз айында Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасына жиналған су кемерінен асып, аудан тұрғындарын аяғынан тік тұрғызғаны есімізде. Абырой болғанда жұрт болып, жұмыла қимылдаудың нәтижесінде ылдидағы Саудакент ауылы су шайып кетуден аман қалды. Былтыр Талас ауданынындағы Ақкөл көліне Аса өзенінен су мол құйылып, төмендегі ауылға қауіп төндірді. Онда да облыстық және аудандық тиісті құрылымдар мен жұртты дер кезінде жұмылдырудың арқасында селге тосқауыл қойылды. Кейінгі жылдары Шу және Талас өзендері де арнасынан асып, іргесіндегі елді мекендерге жиі қауіп төндіруде.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы су пайдалану бөлімінің басшысы Қайсар Бестерековтің мәлімдеуінше, филиал қарамағында республикалық меншіктегі 5 үлкен су қоймасы бар. Оның ішінде пайдалануға берілгеніне 55 жыл болған Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына бүгінде 72,003 миллион текше метр су жинақталған. 21,039 мың гектар суармалы жерді ылғалмен қамтамасыз ететін бұл қойманың жобалық көлемі 158,6 миллион текше метрді құрайды. Қазір судың түсімі секундына 6,8 текше метр, тасталуы 0,2 текше метр көлемінде екен.

2004-2012 жылдары қойманың сейсмокүшейту жұмыстарының бірінші және екінші кезеңі Бурно-Октябрь ауылында орналасқан дренажды сорғы стансасында қайта құру жұмыстарымен бірге жүргізіліпті. 2012 жылы жоспарланған жұмыс толық аяқталып, бүгінде техникалық жағдайы қанағаттанарлықтай жағдайға келтіріліп отыр.
Облыстағы ең үлкен «Тасөткел» су қоймасы Шу ауданында ауданның атымен аталатын өзеннің іргесінде орналасқан. 1974 жылдан бері ел игілігіне айналған қоймаға 620 миллион текше метрге дейін су жинауға болады. Алайда техникалық жағдайына байланысты 500 миллион текше метр су жинауға ғана рұқсат етілген. Қазір мұнда 300,4 миллион текше метр су бар. 2007-2009 жылдар аралығында су қоймасының плотинасында бірінші кезекті сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілген. Бұл қойманың да техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.
Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасы қолданысқа 1975 жылы берілген. 30 миллион текше метр су жинау әлеуетіне ие. Мұнда қазір 7,9 миллион текше метр ғана су бар. Дегенмен, бастауын Қаратау сілемдерінен алатын сай-жыралар арқылы су мол келіп, қойма суға демде толып қалуы ғажап емес. Сондықтан су аз деп алаңсыз отыруға болмайды. Жоғарыда «Ынталының» «тентек мінез» танытқанын еске салдық. 2009 жылы нысанның бас су алу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қордайдағы «Қарақоңыз» және «Қақпатас» су қоймаларының да техникалық жағдайлары қанағаттанарлық күйде көрінеді. «Қарақоңызда» – 2,219, «Қақпатаста» – 3,395 миллион текше метр су жиналған. Бұл нысандар алғашқы үшеуіне қарағанда кейінірек 1986 және 1988 жылдары пайдалануға беріліпті.
«Тасөткел», «Ынталы» және «Қарақоңыз» су қоймалары «2017-2021 жылдардағы агроөнеркәсіп кешендерін дамыту» мемлекеттік бағдарламасына еніп, 2018-2020 жылдар аралығында ауқымын ұлғайту жұмыстары жүргізілмек екен. Сәтін салса, жоғарыдағы үш нысанның етегінен бастап, ернеуіне дейін нығая түседі. Су қоймаларының жұмыс істеу кестесін Шу-Талас бассейндік инспекциясы қадағалайды. Келіп құйылып жатқан суды Жамбыл филиалының қызметкерлері тәулік бойы бақылауға алған.
– Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жамбыл су қоймалары коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 73 су қоймасы бар. «Меркі-Рысқұлов» бөлімшесінде – 26, «Жамбыл-Жуалыда» – 23, «Байзақта» – 10, «Қордай-Шу-Мойынқұмда» – 8 және «Талас-Сарысуда» 6 су қоймасы орналасқан. Мекеме мамандарының күшімен теңгерімдегі және аудандық коммуналдық меншіктегі барлығы 105 су қоймасының техникалық паспорты мен су пайдалану ережелері жасалған. Тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актілері алынып, Әділет басқармасынан тіркеуден өткізілді, – дейді мекеме директоры Айдар Асамбеков.
Қысқы-көктемгі су тасқынының алдын алу іс-шараларын мекеме қызметкерлері тұрақты түрде жүзеге асыруда. Жоспарға сай облыс аумағында орналасқан су қоймалары мен бөгеттердің гидротехникалық құрылғыларының техникалық жағдайына тексеру-зерделеу жұмыстары жиі жүргізіледі. Мұндай жұмыстарды құзырлы органдардың өкілдерінен құрылған комиссия тобы да атқаруда. Анықталған кемшіліктер, ұсыныс-пікірлер бойынша акт жасалып, тиісті шаралар қолданылады.
Облыс бойынша коммуналдық меншік-тегі су қоймаларын тәулік бойы бақылау үшін мекеме мамандары мен аудан әкімдіктері бірлесіп, кезекшілік ұйымдастырады. Нысандардың техникалық жағдайы туралы аптасына үш рет облыстық әкімдікке, прокуратураға және төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке шұғыл мәліметтер беріліп тұрады. Мекеменің аудандағы бөлімшелері дәнекерлеу аппаратымен, қапшықтармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 6 «Нива», 1 «УАЗ» автокөлігі сақадай сай дайын тұр. Аудан басшыларына, инженер-техниктерге және су бақылаушыларға су қоймалары мен бөгеттер бекітіліп беріліпті.
Облыстық бюжеттен бөлінген 135 миллион 955 350 теңгеге 2012-2016 жылдары апатты жағдайдағы 44 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал былтыр «2017-2020 жылдарға арналған тасқын су қаупін жою және алдын алу шаралар кешені» жол картасы бойынша 257,6 миллион теңгеге 23 су қоймасы ағымдық жөндеуден өтсе, биыл 25 су қоймасына 347,6 миллион теңгеге осы бағдарлама негізінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Республикалық және облыстық-коммуналдық меншіктегі су нысандарын күтіп ұстауға, техникалық жағдайын жақсартуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазына қаржысы аз жұмсалып жатқан жоқ. Республикада алғашқы болып облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан «Жамбыл су қоймасы» мекемесінің 2011 жылдың 31 наурызында құрылуы – соның бір көрінісі. Иесіз қалған су қоймалары мен бөгеттердің қалыпты жағдайда жұмыс істеуін, ауыл тұрғындарын, ауыл шаруашылық нысандарын, жолдар мен темір жолдарды, тағы басқа нысандарды қауіп-қатерден қорғау мақсатында құрылған мекемеге жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Сол себепті аумақтарында су нысандары мен өзен-көлдері бар аудандардың әкімдері мен тиісті құрылым басшылары да қырағылықты күшейтуі керек.
Өткенде облыс аумағына қар үш күн бойы толассыз жауды. Қыс ортасынан енді ауды, алда әлі талай рет ақ ұлпа түседі. Оның үстіне өңірге кейінгі жылдары көктемде жауын-шашын мол түсуде. Осыны ескере отырып, меншік түріне қарамай барлық нысандарға бақылауды бұрынғыдан да күшейте түскен жөн. Апаттың айтып келмейтіні кім-кімнің де есінен шықпаса дейміз.

Амангелді Әбіл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support