- Advertisement -

Толайым тірлік толастамайды

121

- Advertisement -

Жылдағы дәстүрге сай Тараз қаласы әкімінің аумақтық округтердегі есебі басталды. Кеше шаһар басшысы Рүстем Дәулет №44 орта мектепке жиналған аумақ тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шаһар басшысы есепті баяндамасын былтыр елордада өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің жоғары деңгейде өткенінен, Елбасының кезекті Жолдауындағы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттердің қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндаудан бастады. Өткен жылы Тараздағы өндіріс көлемі 242 миллиард 875,3 миллион теңгеге жеткен. 2010-2017 жылдар аралығында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 54 миллиард 754 миллион теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылса, оның 3-еуі былтыр іске қосылған. Қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 33,8 пайызды немесе 3 миллиард 535,4 миллион теңгені құраған. Инфляция деңгейін тұрақтандыру үшін қаланың 6 ірі супермаркеттерінде азық-түлік бағасы тұрғындарға қолжетімді болуы үшін келіссөздер жасасқан.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 12 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 80 пәтерлі екі тұрғын үйге әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдар қоныстандырылған. Ал алдағы уақытта автобекет маңындағы 100 гектар алқапта болашақта соғылатын 14-шағын ауданда 5460 отбасына арналған 200 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда екен.
Шаһар басшысы осы жылы және алдағы уақыттарда атқарылатын істерге де тоқталды. Атап айтқанда биыл «Шөлдала» тұрғын үй алқабында 900 орындық, «Бәйтерек» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы биылғы жаңа оқу жылына дейін аяқталады екен. Болашақ №14 шағын аудан аумағын газбен, жылумен, байланыс желілерімен қамту да осы жылдың еншісіндегі жұмыс көрінеді. Сондай-ақ жердің кезегінде тұрған 3752 азаматқа жер телімі берілмекші.
Есепті баяндама аяқталған соң аталған аумақ тұрғындары сөз алды. Сұлтан Әміркенов Қапал көшесінде арық жүйесінің, қалада суды биологиялық тазарту стансасының жоқтығын, Ғали Жұмабаев Жолбарысхан көшесінің бойы тар екенін, оқушыларға №31 орта мектепке қатынау қиын соғатынын, көше жарығының жоқтығы мен қаңғыбас иттердің көптігін қозғады. Оразбек Үскімбаев көшелерге шағал төсеу мәселесін, Бекболат Сейдахметов №50 орта мектептегі оқушы орнының тапшылығын айтты. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге шаһар басшысы Р.Дәулет жауап беріп, 350 мың текше метр суды тазартатын биологиялық стансаның биыл сметалық құжаты жасалғанын, болашақтағы 14-шағын аудан маңынан 1200 орындық мектеп салынатынын, басқа мәселелер де ретімен шешімін табатынын жеткізді.
Ал «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов: «Қалада атқарылған істің нәтижесін көзімізбен көріп келеміз. Әсіресе медициналық мекемелердің, жаңа мектептердің және қала тұрғындарына арналған тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқаны байқалады. Алдағы уақытта да қала өмірінің тыныс-тіршілігі өзгеріп, одан ары көркейе түссе деген тілегіміз бар. Елбасы салған сара жолдың арқасында еңсе түзедік.
Жалпы, жоспарланған бағдарлама-лардың қалада табысты іске асуы облыс және қала әкімдіктерінің алға қойған міндеттерді өз деңгейінде орындап жатқандығын көрсетеді», – деп, қала әкімінің есебіне оң пікірін білдірді.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support