- Advertisement -

Қағаз қолданбайтын ауруханаға қашан көшеміз?

119

- Advertisement -

Жұмыс жүйесі солай қалыптасқан соң тұрғындар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін ем-шараларды, сондай-ақ дәрі-дәрмек алу үшін қажетті тексерулердің бәрінен өтуі қажет. Қазіргі талап осы. Сондықтан жұрт Елбасы Жолдауында айтылған ақпараттық жүйелерді біріктіретін, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану арқылы электрондық денсаулық паспортын енгізетін, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігі артатын кезді асыға күтіп жүр. Ал мұндай жүйеге көшуге отандық медицина мекемелері дайын ба? Облыстық қан орталығында өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде осы сұрақтардың жауабы беріліп, саладағы түйткілді мәселелердің шешімі сараланды.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтып өткендей, тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан қолданылып келеді. Биыл біз психиатриялық көмекті бастапқы медициналық қызмет көрсету ұйымдарына беруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметін әрі қарай дамыту жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар, созылмалы ауруларды басқару бағдарламасын да осы мекемелерге енгізу жоспарлануда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
Негізі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өңірімізде миокардтың жіті инфарктың, жіті инсультті, онкологиялық ауруларды, босандыру және балалар қызметін және жарақаттану жағдайында медициналық көмекті ықпалдастыра басқару моделінің 2016-2019 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, іске асырылуда. Дегенмен маман тапшылығы салдарынан дәрігерлік қызметтің қолжетімділігін арттыру мүмкін болмай тұр. Басқарма басшысы бүгінгі күні облыстағы дәрігерлер саны 2634-ке (2016 жылы – 2488 дәрігер болған), орта буын медицина қызметкерлерінің саны – 10261-ге жеткенімен, 45 жоғары білімді маман жетіспейтінін айтады. Сондықтан 2018 жылға жергілікті бюджет есебінен 9 резидентті оқыту жоспарланған. Бәрінен бұрын акушерлік-гинекология, неонатология және реаниматология мамандығы бойынша кадр жасақтауға баса мән беріліп отыр екен. Резидентураны аяқтағаннан кейін бұл мамандар облыстың емдеу ұйымдарына жұмысқа орналастырылмақшы.
Дәрігерлер, әсіресе ауылдарда тапшы. Өткен жылы өңірімізге 118 жас маман келіп, оның 29-ы қалалық жерлерге, 89-ы ауылдарға жіберілгенімен, аудандарға әлі де 25 білікті маман керек болып отыр. Жоғары білімі бар медицина қызметкерін еңбек жолын елді мекеннен бастауға үгіттеу, шағын қалаларға қарағанда біршама жеңілдеу. Себебі, ауылға барғандарға бірреттік әлеуметтік көмек беріледі. Мәселен, былтыр 64 маманға 800,0 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Ал Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларына барғандарға әлеуметтік төлем тағайындау мүмкін болмай тұр. Өйткені, олар аудандық мәнге ие болғанымен, статусы бойынша шағын қалаға жатады.
Иә, Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау – аса маңызды. Маман тапшылығын жоймай, дәрігерлік көмектің қолжетімділігі туралы айтудың өзі артық. Дегенмен емдеу әрі диагностикалау, маманнан кеңес алуды жеңілдету үшін медициналық мекемелер «мобильдік қосымшаны» жедел енгізуі керек-ақ. Басқарма басшысы Марат Жұманқұлов бұл жүйе, әсіресе, ана мен бала денсаулығын жақсартуға септігін тигізетініне сенімді. Мысалы, жүкті әйелдер осы қосымшаны пайдалану арқылы дәрігерден қажетті кеңес алып немесе алдын ала қабылдауға жазылу арқылы, уақытын үнемдейді дейді.
Қазір денсаулық сақтау саласында маман мәселесі өте өзекті. Мұндайда қазақ «жоққа жүйрік жетпейді» деп жатады. Сол себепті өңірдегі сала басшылары аса қажет мамандықтар бойынша кадрларды қайта даярлауды қолға алуда. Былтыр облысымыздың 30 дәрігері қайта даярлаудан өтіп, 380 жоғары білімді медицина қызметкері және 690 орта буынды медициналық қызметкер білімін жетілдірген. Сонымен қатар, Сингапурда 2 балалар ортопед-травматологы, Түркияда балалар нейрохирургі Ұлыбританияда 5 маман біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Облыс әкімінің орынбасары сала мамандарының тұрғындар денсаулығын сақтау бағытында еңбегі өлшеусіз екеніне тоқталып, әйтсе де емделушілердің бір ғана шағымы барлық жұмысты жоққа шығаратынын айтып, келеңсіздіктердің алдын алуды тапсырды. Ғалымжан Райылұлының тұрғындар шағымына жеке тоқталатынындай бар, 2017 жылы денсаулық сақтау басқармасына 1338 өтініш түсіпті. Оның 356-сы тұрғындардың шағымы екен.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support