- Advertisement -

Құлдық сана құрсаулаған қоғамда

406

- Advertisement -

Біздің бойымызды сұмдық үрей билеп алған. Сәл нәрседен секем алып тұрамыз. Әлдекім ісіңді мақтап, арқадан қақса да, қателігіңді айтып, сынап жатса да астарынан әлдебір астыртын әрекеттің ұштығын іздейміз. Содан кейін көңілде тыныштық жоқ. Жаның жайбарақат таппаған соң да, ұйқың қашып, жүнжіп-жүдеп жүргенің.

Көпке топырақ шашпаймыз, әйтсе де кей жастарымыз қазірден жалтақ. Өзінен шені жоғары, шекпені сәнді үлкендер «әй» десе, «ләпбайлап» тұра ұмтылуға дайын жүретін жасық мінез бар. Сонысына қарай соларды қолдап, демейтіндер көп. Ал қолынан іс келетіндері елеусіз. Олардың бар-жоғын түгендеп жатқан ешкім жоқ. Оқуын оқып, тілді де үйреніп, өз ісін шебер үйлестіріп-ақ жүр. Бірақ, онысын айтып, мақтанға да салынбайды.
Ал енді осыны айтуға түрткі болған жайды айтайын.
Бірде осы қалада ел жастары бас қосып, үлкен жиын өтті. Бұл бір билік пен қоғамды, аға буын мен кейінгі толқынды жақындастырған тамаша шара болды десек, артық айтқандық емес. Шетінен сен тұр, мен атайын дейтіндей, жалындаған жастар жиналыпты. Сонау Атырау, Ақтаудан келгендері өздері қолға алған стартап жобалар жайлы, оны әрі қарай дамытуда кездесетін қиындықтарды айтып, мәселе көтерді. Павлодарлық, алматылық жастарды да толғандыратын жайттар бар екен, нақты ұсыныстарын айтып, қолдау көрсетуді сұрады. Шығыс пен Арқадан жиналғандарының да көкейлеріне түйгені көп. Бірі – Білім және ғылым министріне қояр сауалын ағылшынша жеткізіп, тағы бірі… Сүйсініп-ақ қалдық. Бірақ кезек біздің жақтың жастарына келгенде, бір-екеуінің қойған «жаттанды» сауалын естіп, көңіліміз құлазып сала берді…
Кім білсін, жиында жеңіл, әзілге жақын сұрақ қойылсын деген де шығар? Алайда неге «біздің де жастардың жоспар-ұсыныстары көп, соны осындай орайы келгенде айтып қалайық, қолдау көрсететіндер табылып та қалар» деп, басқа сұрақтар әзірленбеді екен дедік іштей. Бізде де «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген, көп тіл білетін, алдына үлкен мақсат қойған жастар көп еді ғой. Біразын редакциямызға шақыртып, ой-жоспарларын сұрап, сұхбат құрғанбыз талай. Жиында соларға сөз бергенде біздің де мерейіміз өсіп, марқайып қалар едік қой. Сол кеште осы бір ой көп адамның көкейінде кетті.
Бірде жеңгем қызы оқитын мектепке барғанын, сабақтарына қатысып, мұғалімдерімен әңгімелескенін айтты.
– Сол жолы маған химия пәні мұғалімінің пікірі үлкен ой салды. Оның сыныбында өзі тілалғыш, мінезі биязы оқушы бар екен. «Ағай» деп тұрады үнемі, бөтен мінез көрсеткен емес, бірақ сабақ үлгерімі орташа. Сонда да мінезіне қарап, баланың бәрі химик болып кетпейді ғой деп, тоқсандық бағасына 4 қойып жүрмін», – деді. Расында, оқушының бәрі барлық сабақты жақсы оқып кете алмайды, сондықтан керекті бағасын осылай қойып берсе болады ғой, – деді ол.
Негізі мұндай пайым мен әрекеттің жастар үшін пайдасы аз. Осыдан келіп, жақсы баға үшін жұмсақ мінез көрсетіп, тілалғыштыққа бой үйрететіндер көбейеді. Ал ондай жандар кейін тек біреудің айтуымен, жұмсауымен ғана жүретін болады ғой. Жеңгеме осыны ашып айта алмадым. Жалтақтығымнан ба, әйтеуір үнсіз қалдым.
Осындай жайттарды ойлағанда, танымал жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Тілалшақ» әңгімесі еске түседі. Көз алдыңа жығылып жатып, шіркін-ай, осы қазір қайда болсын жұмсайтын адам табылса деп армандайтын тілалшақтың бейнесі келеді. Жазушының кейіпкерін Құлболды деп атауы да кездейсоқтық емес. Ертеректе жаугершілік заманда, шапқыншы ел шапқан жерінен кішкентай балаларын байлап әкетіп, мал соңына салып қояды екен. Оның құл екенін көрсету үшін, азан шақырып қойған есіміне осы сөзді тіркеп атайтын болыпты.
Еліміздің болашағы – жастарымызды тілалшақ қып тәрбиелесек, оңбай ұтыларымыз анық. Өзіндік ой-пікірі жоқ жандар осы әңгімедегі айнала төңірек көрдей қараңғыда қай бағытқа, неге келе жатқаны беймәлім кейіпкерді елестетпей ме? Жазушы айтқандай, ондай адамға алға қарай тек тоқтамай жүре бергені ғана керек. Ал біреудің айдағанымен жүріп, айтқанына көне беретіндер өмірде алдына мақсат қою былай тұрсын, автордың сөзімен бейнелесек, өз тіршілігінің не ұйқы, не елес екенін білмей өтпей ме? Тіпті қайда бара жатқанын да білмейді.
Ал біз неге сондаймыз? Әгәрки осы сұрақты қоя қалсаңыз, оның да жауабы дайын. «Әлі күнге құлдық санадан құтыла алмай жүргенімізден» дейміз ғой жапа-тармағай, кеңесіп алғандай-ақ. Ал сол құлдық сана қалай, қашан пайда болды? Ол жағына бас қатыратынымыз шамалы. Міне, сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық теңестіру мүмкін емес», – деп баса айтып отыр. Ал біз санаға сіңген рухани «дертті» бірден сылып, алып тастау үшін қандай амал жасап жатырмыз? Тағы сол «жаттанды» сөз, әсіре «урашылдарды» жинап алып, рухани жаңғырудың мән-маңызын басқаларға түсіндіріп жүрген жоқпыз ба?
Мемлекет басшысының ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға баса мән беруі де тегін емес. Итальян ойшылы Никколо Макиавелли: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық туған еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштіктен, ұлтжандылықтан бірте-бірте айырылып, жағымпаздық, жарамсақтық, жалтақтық сияқты құлға тән мінездерді санасына сіңіргенін өзі де сезбей қалады», – деген екен. Философ ұлт мұндай дерттен кемінде бір-екі ұрпақ ауысқаннан кейін ғана сауыға бастайтынын айтқан. Ал тарих ғылымында бір ұрпақтың өмір сүру мерзімі 25 жыл, екі ұрпақтікі 50 жыл деп есептелетінін ескерсек, дәл қазір сананы жаңғыртатын кез келді! Өйткені кешегі кеңестік кезеңнің күштеп сіңірген қасаң қағидасына мойынсұнбайтын жас буын келді өмірге!

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support