- Advertisement -

Ұлт тірегі – дарынды жастар

158

- Advertisement -

Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың алты бағытын айқындап бергені баршаға мәлім. Мұны ұлттық санамызды жаңғыртып, ежелден қалыптасқан тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, ұлы тұлғаларымыздың тағылымы мен мол рухани қазынамызды әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында мақсатты қадам жасауымыз деп ұққанымыз жөн.

Айрықша елеулі стратегиялық мән-маңызға ие осынау бағдарламалық мақала еліміздің болашағын ашық та жарқын етіп құруға, әсіресе елдің ертеңі жастарды ынталандыруға бағытталған. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген алғашқы ұрпақ бүгінде басқару ісіне араласып, елімізді жаңа белестерге жетелейтін дәрежеге де жетті. Жаңадан қалыптасқан тұлғаның рухани санасын өткенді еске түсіру арқылы жаңартып, болашаққа сенімді түрде нық қадам басуына негіз қаланды. Мақаладағы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтардың санасын жаңғыртатын «Бәсекеге қабілеттілік», «Білімнің салтанат құруы», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Сананың ашықтығы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» сынды бағыттар қазақстандық жастар өмірінің маңызды бір бөлігіне айналуы тиіс.
Өзгермелі қоғамда сана-сезіміміз бен дүниетанымымызды рухани жағынан серпілтуіміз, жаңғыртуымыз қажет-ақ. Ал рухани жаңғырудың ең басты ұстанымы ұлттық код болып табылса, ал ұлттық кодымызды сақтау – ой-санамызды ұлттық болмысымызға сай ата-баба дәстүрін сақтай отырып, әлемдік өзгерістерді өз болмысымызға лайықтап қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізу. Уақыт алға жылжып, қоғам өзгерген сайын өмір талабы да өзгеріп, жаңаша көзқарастар, ой-пікірлер қалыптасады. Сол өзгермелі қоғамда өзінің ұлттық салт-дәстүрін сақтаған рухы биік халық қана ұлы істерді атқара алатыны мәлім. Әрбір жастың бойында болуы тиіс ХХІ ғасырға лайықты қасиеттер, бәсекеге қабілеттілік, оның ішінде компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты құбылыстар алға ілгерілеуіміздің басты шарты екені анық. Содан да өскелең ұрпақты білімнің кәусар бұлағынан сусындатып, ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағынан нәр таттырып, ғибратты тағылымға тәрбиелеу өте өзекті болып отыр.
Ол үшін ата-аналар мектеппен тығыз байланыс орнатуы қажет. Ұлттық тәрбиеге мән берген жөн. Бір қуанарлығы, қазірдің өзінде ұлттық сипатпен байытылған пәндер мен курстар оқу үдерістеріне көптеп енгізілуде. Мысалы, біздің дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернатында оқушы бойында ұлттық құндылықтарды берік қалыптастыру мақсатында «Абайтану», «Шешендік өнер» сияқты таңдау курстары оқытылады. «Абайтану» курсының мақсаты – ұлы ақын шығармаларын тереңдете оқытып, жан-жақты таныту арқылы ұлт әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім, білік дағдыларымен қаруланған, ой идеяларын нақты кәдеге жарата білетін, өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты, терең ойлайтын елжанды тұлғаларды қалыптастыру. Ал «Шешендік өнер» курсы жас ұрпақты сөз өнерін зерделеп, ойларын нақты жеткізуге, тілді шұбарламай, таза, мәдениетті һәм ұтқыр сөйлеуге үйретіп, шешендік өнерді қоғамдық пікір қалыптастырудың әлеуетті құралы ретінде қолдануға жол ашады.Біз осынау асыл мұраларымызды мектепте қазіргі заманға лайықтап оқытып, ұрпақ игілігіне айналдыру үстіндеміз.
Мемлекет басшысының таяу он жылдықта қазіргі кәсіптердің біразы жойылып кететінін, ол үшін кәсібін оңай ауыстыра алатын білімдар азамат қана табысқа жететінін баса айтқаны есте. Бұл – өмір заңы, даму заңдылығы. Елбасы еңбегінің «Білімнің салтанат құруы» бөлімі де осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақырады. Біз мектеп-интернатта бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз. Соның нәтижесінде шәкірттеріміз әлемдік деңгейдегі білім жарыстарында жеңімпаз атануда. Соңғы бес жылда оқушыларымыз республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарынан – 124, Президенттік олимпиададан – 6, халықаралық олимпиадалардан – 79, халықаралық ғылыми жоба жарыстарынан – 30, дүниежүзілік олимпиадалардан 22 жүлдені жеңіп алды. Олар қазақстандық білім беру жүйесінің жоғары әрі жаһандық бәсекеге де қабілетті екендігін өз білімдерімен дәлелдеді.
Ел жастары Елбасының мақаласында айтылған келелі ойларды өз өмірлерінің өзегі етіп, рухани тамырымыздан бастау алған ұлттық құндылықтарымыз бен жаһандық оңды өзгерістерді бойына бірдей сіңіру арқылы еліміздің зияткерлік деңгейінің жоғарылауына, болашағының кемел де жарқын болуына өзіндік үлестерін қосатынына бек сенімдіміз.

Әсет ОРМАНБЕКОВА,
дарынды ер балаларға
арналған мамандандырылған
«Білім-инновация» мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support