- Advertisement -

Қысқы Олимпиада

103

- Advertisement -

Оңтүстік Кореяда қанша спортшымыз топқа түседі?

9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында Қысқы Олимпиада ойындары өтетіні белгілі. Аталмыш додаға Қазақстан құрамасы да қатысып, жүлде жолында талас жүргізеді.
Біраздан бері Қысқы Олимпиада ойындарынан алтын медальдің сыңғырын естімедік. Осы жолы сайыпқырандарымыз сол олқылықтың орнын толтыра ма, жоқ па, кім білсін?! Әлемдік додаға сақадай сай саңлақтарымызға еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев сәттілік тіледі.
«Байрақты бәсекенің басталуына санаулы күн ғана қалды. Біз бұл ақ аламанның ресми ашылу салтанатын асыға күтудеміз. Әрине, ұлттық құраманың намысын қорғайтын спортшыларымыздан толайым табыстар күтеміз. Оғландарымыз бірнеше жүлдемен оралады деген сенім бар. Көз тимесін», – деді Үкімет басшысы өрендерімізді жігерлендіре түсіп.
Екі аптадан астам уақытқа созылатын ақ Олимпиадаға Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алғаны мәлім. Енді ұлттық құраманың мүшелері айтулы сында абыроймен оралса деген ниет бар. «Қатысушылардың саны әлі де өсуі ықтимал. Дәл қазір 46 спортшы қатысатыны анық. Сайыпқырандарымыздың 45-і өз түлектеріміз. Олимпиада алдында біз 2014 жылы Сочиде көрсеткен нәтижеден төмендемеу туралы мақсат қойып отырмыз. Сол үдеден шығуға ниеттіміз» – деді еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз ойымен бөлісіп.
Қысқы Олимпиада ойындарына спортшылардан бөлек 30 бапкер, 15 журналист және басқа мамандар аттанады. Доданың басы-қасында ұзын саны 138 маман еңбек етпек. Ұлттық құраманың барлық мүшелері мен команда сапына енуге ниеттілер бірнеше рет рұқсат етілмеген преператтарды қолданбайтынын айғақтайтын сынамалардан өткізілді. Дуы басым доданың ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-тректен бірнеше мәрте әлемдік сындарда жүлдегерлер қатарынан көрінген Абзал Әжғалиев ұстап шығады.
Сонымен, Қысқы Олимпиада ойындарында спорттың қай түрінен спортшыларымыз көбірек қатыспақ? Әлбетте, биатлоншыларымыздың қарасы қалың. Бұл спорт түрінен Василий Подкорытов, Максим Браун, Владислав Витенко, Роман Еремин бастаған ерлер құрамасы мен Галина Вишневская көшбасшы саналатын қыздар құрамасы жүлдегерлердің қатарынан көрінуге тырысып көрмек. Жалпы, 10 биатлоншымыз Пхенчхан төрінде топқа түседі.
Биатлоншыларымыздан бөлек фристайл спортының шеберлері де Қысқы Олимпиадада құрамы жағынан басымдыққа ие болып отыр. Ақ Олимпиадада 6 аруымызбен қатар ерлер сынына 3 саңлағымыз араласпақ. Олардың қатарында атақты Юлия Галышева, Жанбота Алдабергенова бар. Алексей Полторанин бастаған шаңғышыларымыз да жүлдегерлердің қатарынан көрінсек деп жұлқынып тұр. Полтораниннен өзге жарыс жолына 6 саңлағымыз шығады. Қайсысына жүлде бұйырар екен? Сондай-ақ Абзал Әжғалиев бастаған шорт-трек шеберлерінің құрамы да 7 спортшыдан тұрады. Сайдың тасындай іріктелген оғландарымыз ақ аламанда медаль алуға ниетті.
Жалпы, Сочиде мәнерлеп сырғанау спортының шебері Денис Теннің қоласына тоқмейілсіп қайтқан ұлттық құрамамыз Оңтүстік Кореядан бірнеше жүлдемен оралса дейміз. Оған мүмкіндік те бар. Шаңғышыларымыз бен биатлоншыларымыздан, фристайл спортының мықтыларынан үміт күтеміз. Сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева, Айза Имамбектердің де жақсы нәтиже көрсететініне сенгіміз келеді.

Элизат Қонысбай,
ТарМУ-дың студенті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support