- Advertisement -

Рухани жаңғыру негізі – тіл

189

- Advertisement -

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына, міне, сегіз айға жуықтап қалды. Осынау бағдарламалық мақала қазақстандықтар арасында шын мәнінде де үлкен серпіліс туғызды.

Ой-санамыздың өзгергені – соның көрінісі. Басқосу-жиындарда, түрлі аудиторияларда, тіпті тойларда да ысырапшылдық туралы көп айтылатын болды. Көптеген жиындарда сөзді сананың ашықтығын сақтау мәселесінен байланыстыруымыздың өзі қоғамдағы қасаң ойларға қозғау салды. Бұл, сөз жоқ, әбден құптарлық қадам. Аузы дуалы ақсақал, абыз қарттарымыз жас ұрпақтың рухани жаңғырудың келешек үшін керекті іс екенін ілгерілеу үшін нендей қадам жасау, қандай істер атқару керектігін ұғындыруда.
Жалпы, ұлттық код дегеніміз не? Оны қалай сақтау керек? Адамның тұлғалық, адамгершілік, діни, саяси, эстетикалық, интеллектуалдық қарым-қабілеті мен таным-түсінігінің дамуы ең алдымен адам санасының сапалы сатыға көтерілуімен, адам интеллектісінің жоғарылауымен өлшенетіні баршаға мәлім. Сананы жаңғырту жолы осы мақалада көпке түсінікті әрі қарапайым жазылған. Елбасының мұның алдындағы халыққа Жолдауында да базалық кодтар туралы терең түсіндіріп, заман ағымына ілесу үшін ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы өзгертудің бағыты туралы келелі ой қозғаған-ды.
Бір сөзбен айтқанда, бізге тыңнан сүрлеу салып берумен пара-пар іс болды бұл. Айтпақшы, рухани жаңғырудың қазақ әліпбиін криллицадан латынша жазуға көшіру ісінен бастау алуы да құптарлық қадам, тіпті айрықша елеулі оқиға болды. Жоғарыда біз айтқан ұлттық код кілтінің бірі – тіл. Жадымызда, жанымызда ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру да болмайды.
Қазақ әліпбиінің өз кезінде әлденеше рет өзгеріске ұшырап, бірнеше тарихи кезеңді бастан өткергені белгілі. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы, ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» да пайдаланылған. 1929–40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл әліпбиі қолданылып келеді. Қазақ үшін жазу үлгісінің бірінен екіншісіне көшу жеңілге түспегені, белгілі бір деңгейде ой сананың тоқырауына, көмескіленуіне жол ашқаны да анық.
Ұлы Дала елінің тарихына шолсақ, бірінші тұғыры, байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігіне көз жеткіземіз. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі».
Қысқасы, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, халқымыздың ертеден қолданған әліпбиіне қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады деген ойдамыз және соған бек сенімдіміз.

Жанар БЕКБЕРГЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support