- Advertisement -

Таразға қандай өзгеріс керек?

189

- Advertisement -

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары бүгінде жаңару үстінде. Бес жүз мыңға тарта тұрғыны бар облыс орталығы жыл сайын түрленіп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қала келбеті түлей түскені сөзсіз. Десе де әлі де қала құрылысына тың өзгерістер, жаңаша жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылып келеді. Бұл жайт газетіміздің «халық сөзі» атты жаңа айдарының алғашқы шығарылымына арқау болды. қала тұрғындарын сөзге тартып, «Таразға қандай өзгеріс керек?» деген сауал жолдап, түрлі жауаптар алдық. Біздің сауалымызға жауап берген тараздықтар мен қала қонақтары көкейлерінде жүрген сан қилы ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді. Солардың бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жанғазы Ахмет

Манас ӘКІМБАЕВ,
зейнеткер:

– Мен Тараз қаласының тұрғынымын. Осыдан жеті жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келгенмін. Содан бері осы қаланың өзгерісі, өмірі көз алдымда. Зейнетке шығып, жасымыз ұлғайған сайын жан-жағымызға ойлы көзбен қарап, оқиғаларға іштей баға беріп жүреміз. Алғашында Тараздың жап-жасыл, жинақы қала екендігіне тамсанып, риза болатынмын. Алайда кейінгі жылдары кейбір қала көшелерінің жиектері шашылып, қоқыстан көрінбей жататыны жанымды ауыртады. Орталық даңғылдарды білмеймін, шағын аудандардағы үйлердің ауласы, жол бойлары, қоғамдық орындардан сондай келеңсіздіктер көзге көп түседі. Сосын соңғы кездері қаланың тұрғын үй ғимараттары ыңғайсыз кейіпте, бір-біріне жапсарлас салынып жатыр. Бұрын мұндай көп қабатты үйлердің арасы алшақ, ауа желдетіп тұру үшін арнайы ойластырылып арнайы ретпен тұрғызылатын. Осылар бір ретке келтірілсе деймін.

Күләйша ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,
қала тұрғыны:

– Тараз – менің сүйікті қалам. Осы қалада жұмыс жасап, ұл-қыздарымыз өсіп жатқандықтан, бұл қаланы жақсы көреміз. Сонау екі мыңыншы жылдардың басымен салыстырғанда Тараздың бүгінгі келбеті әлдеқайда өзгеріп, көркейген. Оған өзіміз куәміз. Десе де, облыс орталығынан заманауи зәулім ғимараттарды, өзгеше нысандарды көргіміз келеді. Балалар ойнайтын алаңшалар мен орталықтар көптеп бой көтерсе дейміз. Мұз айдыны, кинотеатрлар көптеп салынса, көптен бері соғылып жатқан «МЕГА» сауда, ойын-сауық орталығы тезірек ашылса, өзге облыстардағыдай цирк, балалар театры болса деп армандаймыз. Олардың бәрі балалардың ертеңгі игілігі үшін ғой.

Майра ӨСКЕНТАЕВА,
қала қонағы:

– Облыс орталығынан шалғай Шу ауданының Төле би ауылында тұрсам да, қалаға жиі келіп, қыдырып тұрамын. Әр келген сайын орын алған өзгерістерді байқауға тырысамын. Жаңа ғимараттар, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Оған сүйсінеміз. Әйтсе де, көптен бері санамда жүрген ойымды айтқым келеді. Тараз – тарихи шаһар. Елбасының өзі де әр сөзінде «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» дегенді жиі айтады. Ендеше, осыған орай қаланың өткенінен сыр шертетін, тарихи келбетін айшықтай түсетін нысандар көптеп бой көтерсе деген тілегім бар. Біздің басты ерекшелігіміз де сол болатын еді. Ескерткіштер мен кесенелерді жақсы білеміз. Онда барып тұрамыз. Мүмкіндік болса, олардың айналасы одан әрі абаттандырылып, кеңейтілсе, «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығының сыртқы келбетін көне қорғандар секілді биіктетіп, қамал-қақпа етіп орнатса деген арманым бар. Сонда сырттан келген қонақтар орталыққа келіп, ежелгі Таразды көргендей әсерде болар еді.

Кенен ЕМБЕРДИЕВ,
қала тұрғыны:

– Мен Тараздың аумағындағы Балуан Шолақ көшесінде тұрамын. Шынын айту керек, қазір қалаішілік тасымал қоғамдық көліктердің аздығы байқалады. Біз тұрып жатқан көшеге мүлде келмейді. Қоғамдық көлікке міну үшін бірталай жерді жаяу жүріп өту керекпіз. Ол қарт кісілер мен жас балаларға оңай тимейді. Сондай-ақ таза ауызсудың әлі күнге тартылмағаны – біздің көшенің тұрғындарының басты мәселелерінің бірі. Кәріз құбырларының да өзіндік алаңдатарлық ахуалы бар. Осы мәселелер алдағы уақытта шешімін тапса, тұрғындардың қуанышында шек болмайтын еді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support