- Advertisement -

Ақ Олимпиада

153

- Advertisement -

Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 23-ші қысқы Олимпиада ойындары өтетіні баршаға мәлім. Аталмыш ақ аламанға Қазақстан құрамасы да қатысып, жүлде жолында бақ сынап көрмек.
Осынау байрақты бәсекеде Қазақстан және өзге құрамалардың мүмкіндігі қандай? Бұл туралы букмекерлік кеңселер не дейді? Ендеше байқап көрелік. «Tennis.kz» букмекерлік кеңсесінің болжамына қарағанда, ақ Олимпиаданың басты фавориттері Норвегия мен Германия құрамалары көрінеді. Жалпыкомандалық есепте Норвегия спортшылары көш тізгінін қолға алады дегенге кеңсе қызметкерлері 1,90 коэффициент ұсынса, Германия спортшыларына 2,50 коэффициент беріп тұр. Букмекерлер фавориттерінің үздік үштігін АҚШ спортшылары түйіндеген екен.
Ал Оңтүстік Кореядағы додада ел саңлақтарынан қандай нәтиже күтеміз? Әлбетте, Жазғы Олимпиада ойындарында сайыпқырандарымыз бірнеше жүлдені қанжығаға байлап, ел сенімін ақтап жүргені әлімсақтан аян. Олардың көңіл көншітерлік жетістіктеріне сан рет куә болып келеміз. Өкінішке қарай, Қысқы Олимпиадада Қазақстан қоржынынан бірнеше медаль сыңғырын есту мұңға айналып барады. 2014 жылы мәнерлеп сырғанау спортының шебері Денис Теннің Сочиден еншілеген жалғыз қоласын көңілге медеу тұттық. Риза болыстық. Ал 2010 жылғы Ванкувердегі байрақты бәсекеде биатлоншы Елена Хрусталева күміс жүлдегер атанып, мерейімізді тасытты. Қысқы Олимпиадада алтын жүлдені де, күміс медальды да мойнына іліп, мәртебемізді асырған шаңғышы Владимир Смирновтың дәуірі келмеске кетті. Әрине, жүлде алады-ау деп жүрген сайыпқырандарымыз жеткілікті.
Фристайлшыларымыздан үміт күте-күте шаршадық па? Могулдың мықтыларына телінген қыз-жігіттеріміз бен шаңғышы Алексей Полторанин осы жолы сенім үдесінен шыға ма? Тағы да мәнерлеп сырғанау шеберлерінің жолына үмітпен қараймыз ба? Әлбетте, жүлдеден әрқайсысының дәмесі бар. Бөліп-жарудың қажеті шамалы. Десе де, букмекерлер 84 елдің саңлақтары топқа түсетін аламанда біздің елдің ұлттық құрамасы топ жаратынына мүлде сенбейді. Оны ұсынып отырған 3001 коэффицентінен аңғара аласыз. Сонымен қатар, «Tennis.kz» Қазақстан спортшылары бірден көп жүлде алады дегенге 2,45 коэффициент беріп тұр екен. Мұның өзі саңлақтарымыз бірнеше жүлдемен оралатынына күмән туғызатындай. Сондай-ақ бір немесе бірден көп алтын жүлде алу мүмкіндігіміз 2,55 коэффициентпен бағаланыпты.
Түйіп айтсақ, Қазақстан құрамасының ақ Олимпиададан толайым табысқа қол жеткізетініне букмекерлер сенбейді. Кіл мықты мамандардың терең зерделеуінің нәтижесінде олар осындай байламға келіп отыр. Дегенмен біз өз кезегімізде спортшыларымыз букмекерлік кеңселердің болжамын жоққа шығарады деп үміттенеміз.

Элизат Қонысбай,
ТарМУ-дың студенті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support