- Advertisement -

Томирис

420

- Advertisement -

Сақ патшайымы Томирис (Тұмар) туралы тарих тарауларында түрлі аңыздар бар. Солардың негізі тарих атасы саналатын Геродоттың жазбасынан таралады. Онда парсы патшасы Кир Томирис патшайымды өзіне әйел етіп алмақшы болып, елшілер жібереді. Томирис Кирдің өзіне емес, елі мен жеріне «құда» түскелі отырғанын түсініп, оның ұсынысын қабылдамайды. Қулығы іске аспаған Кир массагеттерге ашық соғыс жариялайды. Соғыста Томиристің баласы Спаргапес тұтқынға түседі. Томирис баласын босатуын сұрайды. Бірақ, Спаргапес ұяттан өзін-өзі өлтіреді. Томирис айтқанын тыңдамаған Кирге қарсы шабуылға шығады. Шайқаста массагеттер жеңіп, Кир ажал құшады. Томирис торсықты қанға толтырып, оған Кирдің басын салуға бұйрық береді: «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!» – дейді. Томирис патша өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын талай таңғалдырады.

Жуырда Томиристің қайсарлығы мен сұлулығы облыстық қазақ драма театрының сахнасында көрініс тапты. Болат Жандарбековтің «Сақтар» романы бойынша сахналанған «Томирис» тарихи драмасы тараздық театрсүйер көрермендердің көңілінен шықты. Жоғарыдағы аңыз-әңгімелер желісімен жазылған автор шығармасын астаналық қоюшы-режиссер Дина Жұмабекова сахна тіліне икемдеуде де артық абстракті мен шамадан тыс шытырмандылықтан аулақ болғаны қуантты.
Жан-жақтан аш қасқырдай анталаған жаугершілік заманда халқын, елін сыртқы күштерден қорғап қалу – нәзік те нәркес, тәкаппар Томиристің маңдайына жазылғаны қойылымның өзегіне айналған. Сол себепті де спектакльді тебіренбей, ойланбай көру әсте мүмкін емес. Оның тигрохауд тайпасының патшасы Ұлы Кавадтың баласы Рустам батырмен үйленуі, Кирдің басын алуы секілді қайғы мен қуаныш қатар көрініс тапқан сәттері сенімді суреттелгені оқиғаның бояуын қанықтыра түсуде ерекше рөл атқарғаны ақиқат. Режиссердің шешімімен пластикалық әрекеттер де өз жемісін берген. Суретші Рахат Сапаралиеваның елеулі еңбегінің нәтижесінде сахна арқылы ежелгі сақтар заманымен бетпе-бет күй кешкендей әсер алдық. Мұның бәрі тынымсыз ізденістің арқасы дер едік.
Десе де, тарихи шығарманың шырайын актерлік ансамбль кіргізетіні бесенеден белгілі. Сақ жауынгерлерінше шошақты бөрік киіп, алдаспан асынып, сауыт-қалқан тағынған батырлар ең болмағанда шайқас кезінде атойлап көрініп, найза-қылыштарын жарқылдатып жүргенде ғой деген ойдың жетегінде отырдық. Алтын киіммен жерленген сақ жауынгері санамызға оралғанда, алтын тақта отырған ажарлы да асқақ кейіптегі Томиристі көргіміз кеп, іштен тындық. Тақтағы Томиристен гөрі құштарлық құрбанына айналған сымбатты әйелдің сұлбасын бір емес, екі емес, бірнеше рет сахна төрінен кездестіре отырып, режиссердің мұндағы түпкі ойын барлай алмай дал болдық. Мүмкін, «Патшайым да әйел ғой» деген қағиданы қойылым барысында байқатқысы келген болар. Әйтсе де, онсыз да драматургиядағы тапшы тақырыптың желісінде көрерменге әйелден гөрі сақ патшайымының ерлігі мен өрлігін таныстыра түсу маңыздырақ еді. Оқиғаның құрғақ баяндалуына қарағанда «сахналық қиял» спектакльдің көркемдік бояуын қалыңдататыны сөзсіз. Тек бояу шамадан тысқары болса, оқиғаның көркі кемитінін де ескерусіз қалдырмаса дейміз. Қойылым соңында тілдескенімізден білгеніміздей, жас режиссердің бұл тарихи тақырыпқа алғашқы қадам басуы екен. Содан да кейбір кемшіліктерге көз жұма қарап, өзі айтқандай, келесі рет сахналау барысында қойылым оң өзгерістермен толығады деп топшыладық.
Бір анығы – басты рөлді алып шыққан театр актрисасы Анар Сағымбекова өз образының нағыз тұлғасы бола білгендігі. Сендірді, селт еткізді. Сондай-ақ Рустам рөліндегі Мәмбет Қожалиев пен сахнада Кирдің тағдырын кешкен Кенен Ақүрпековтің де ойнау шеберлігі жанр шеңберін тиісінше дөңгелетіп отырды. Талайдан талантымен танылып жүрген олардың шығармадағы актерлік үштіктері сәтті ашыла түсті. Өзге де актерлердің еңбегі еш кетпеді. Яғни бас-аяғы бір айдай уақыт еңбектенген шығармашылық ұжымның жұмысы жеміссіз емес. Облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов бұл спектакльдің театр репертуарынан орын алатынына күмән келтірмеді.

Жанғазы АХМЕТ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support