- Advertisement -

Жаңаны үйренуге барлық мұғалімнің мүмкіндігі жете ме?

153

- Advertisement -

2021 жылға қарай білім берудің орта сатысы толық жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Ал 2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Оған кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан электронды оқыту жүйесін қосыңыз. Қысқасы педагогтер үшін күрделі кезең туды. Дегенмен бір қуанатыны – білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырғанның еңбегі де елеулі, жалақысы да жарытымды болатыны. Бірақ шет тілін меңгеріп, жаңаны да үйренуге барлық мұғалімнің бірдей мүмкіндігі жете ме? «Қысқа уақыт күрмеуге келмей қалмай ма?» деген де қауіп жоқ емес.
Бұл мәселелер облыстың білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиында басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова өткен жылғы атқарылған жұмыстардың жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, есеп берді.
Қазіргі әлемдегі қалыптасқан экономикалық ахуалға қарамастан, әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарды арттырып отырған әлемнің санаулы елі ғана. Сол санаулы елдің бірі – Қазақстан. Оны басқасына тоқталмай-ақ, бір ғана өңірдің білім саласын дамытуға жұмсалатын қаржының 2 жылдың ішінде қаншаға өскеніне қарап, білуге болады. Мәселен, 2015 жылы – 75,5 миллиард, былтыр 98,4 миллиард теңге бөлінген еді. Қарастырылған қаржы көлемінің өзі салада ауқымды жұмыстардың атқарылғанын көрсетеді. Былтыр жоспарланғандай, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, жаңадан бой көтерген ғимараттардың есебінен апатты және үш ауысымды мектептердің қатары кеміген.
Ал үш тілде білім беруге көшуге дайындық барысында химия, физика, информатика пәндерінен сабақ беретін 785 мұғалім ағылшын тілін үйрететін курстарды аяқтап, А2, В1, В2 деңгейінің сертификаттарын алған. Дегенмен шет тілін меңгеріп, қажетті құжатты берумен мәселе шешілмейтіні анық. Курсты тәмамдаған ұстаздар жылдан-жылға білімін жетілдірмесе, уақыт ағымына ілесе алмайды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов осыны қозғады.
Мұндай сауалдың туындауы да заңдылық. Себебі, қазір оқушылардың өзі жаңа технологияның «тілін» жақсы біледі. Ағылшын тілін де еркін меңгерген. Сондықтан олар ұстазының жаратылыстану бағытындағы пәндерде жиі кездесетін терминдердің ағылшынша атауын ғана үйретуіне қанағаттанбауы мүмкін. «Сол үшін тіл үйренген мұғалімдердің білімін одан әрі тереңдету қажет. Қазір біз 8 сыныптарға терминдерді үйретіп жатырмыз. 9 сыныпта өз білімімізді жетілдіре отырып, сабақты одан әрі күрделендіре түсуіміз керек. Ал оныншы сыныпқа келгенде тұтас сабақты ағылшынша өтуге көшуге дайын болуымыз қажет. Бұл мәселенің шешімін осылай ғана табуға болады», – дейді жиында жарыссөзге шыққан «Үздік педагог – 2017» республикалық байқауының жеңімпазы, Тараз қаласындағы №1 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Гүлмира Помашева.
Иә, түптеп келгенде жаңартылған білім беру мазмұнына көшу, электронды оқыту жүйесі, үш тілде білім берудің сәтті жүзеге асуы – педагогтердің біліктігіне тікелей байланысты. Орта білім сатысындағы жүргізіліп жатқан реформалар жемісті болуы үшін де жаңа жүйелерді енгізу кезінде туындайтын түйткілді мәселелердің шешімін бірлесе іздеу қажет. Қазіргі талап – білім беру ісін үздіксіз жетілдіру. Ерқанат Нұрбапаұлы сондықтан эксперименттердің алғашқы нәтижесі қандай болатынына қарамастан, білім сапасын төмендетпеу жолын ойластыруды тапсырды.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде балғындарды балабақшаға, мектепке 1 сыныпқа қабылдауда кездесетін проблемалар талқыланып, бұл үдерісте заңсыздықтарға жол бермеу үшін автоматтандыру жүйесі енгізілетіні айтылды. Колледждерге еңбек нарығына сай теникалық және кәсіптік мамандықтарды оқытуда жаңа технологияларды енгізуге баса көңіл бөлу қажет екені сөз болды.
Жиында орта білім беру саласындағы жоспарланған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер тегіс талқыланды. Балабақшадағы және мектеп-тердегі орын тапшылығы, апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептер мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жолдары сараланды.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support