- Advertisement -

Мәдениет – ұлттың мәйегі

227

- Advertisement -

Халықтың мәдениетін арттырып, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді өркендетуде мәдениет мекемелері мен нысандарының орны айрықша. Өңірімізде мәдениет, архив мекемелерінің саны 2000 жылдары 40-қа жуық болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 547-ге жеткен. Бұл туралы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың өткен жылғы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру жиынында мәлім болды.

Дүйсенәлі Дыбысалыұлы басқарманың есептік кезеңде атқарған жұмысына жан-жақты тоқталып, өткен жылы жоспарланған шаралар орындалып, көзделген мақсатқа қол жеткізілгенін атап өтті.
– Мәдениет саласына бөлінген қаржы көлемі 5,2 миллиард теңгені құрап, бюджет қаражаты 100 пайызға игерілді. Оның ішінде бөлінген қаражат басқармаға қарасты мекемелерге 2,3, ал қала мен аудандарға 2,9 миллиард теңгені құрайды. Облыстағы шешімін табуды қажет етіп келген мәселелердің бірі клубы жоқ елді мекендерде клуб соғу жайы болатын. Осы мақсатта Меркі ауданында Аққайнар ауылдық клубының құрылысы аяқталды. Шу ауданында Шоқпар ауылдық клубының құрылысы басталып, жүргізілуде. Есепті жылы Т.Рысқұлов ауданында ыңғайластырылған Әбжапар ауылдық клубы ашылып, облыс бойынша клуб мекемелерінің саны 200-ге жетті. «Баласағұн» орталық концерт залының сыртына күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді.
Сондай-ақ тарихи мұраларымызды сақтау, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстағы тарихи және мәдени ескерткіштердің сандық көрсеткіші 3 365-ті құрайды. Оның ішінде 741 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған, мұның 711 ескерткіші – жергілікті дәрежедегі, 25-і – республикалық, ал 5-уі – халықаралық дәрежедегі ескерткіштер. Биыл қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген академик «К.И.Скрябиннің үй-музейіне» реэкспозиция жұмыстары жасалынып, ежелгі Тараз шаһарына аяқ басар туристердің баратын орнына айналды. Сонымен қатар, Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Бектөбе», «Тамды», «Саудакент», «Георгиевск» қалашықтарына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысы. Мұнымен қоса ол Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облысымыздан 8 тарихи-мәдени нысан енгізілгенін атап өтті.
Жиында облыстың ән-би, театр, кино, өнер саласы бойынша тындырылған тірліктер де назарға алынды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Жолдау жүктеген міндеттер бойынша да жоспарлы жұмыстар сараланды.
Басқосу соңында Ерқанат Нұр-бапаұлы ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында табандылықпен қызмет етіп келе жатқан қызметкерлерді Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Респуб-ликасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен, Алғыс хаттармен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, «Үздік ауылдық Мәдениет үйі, ауылдық клуб», «Театр KZ» байқауларының қорытындысы да жарияланды.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support