- Advertisement -

Сүт бизнесі

256

- Advertisement -

береке көзіне айналып отыр

Бүгінде байзақтықтардың дені негізінен «Сүтті дүңгіршек» («Молочный бидончик») өнімдерін тұтынады екен.
Содан ба, «өзіміздің сүт» деп мақтап та жатады. Шынында да оған негіз жоқ емес. Аталмыш кәсіпкерлік құрылым ұқсатып, өңдеген сүт өнімдері ешқандай химиялық қоспа қосылмайтындығымен, экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Әрине арнайы қоспалар қосылмайтындықтан, сүт, айранның көп сақтауға келмейтіні анық. Былайша айтқанда үйдің сүті секілді. Осы жағын ескерген «Сүтті дүңгіршек» цехының иесі, жеке кәсіпкер Владимир Ильич Лесняк сүт бизнесін батыл қолға алып, шикізатты өңдеп, ұқсату арқылы сүт, айран, қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, йогурт секілді сүт өнімдерінің 18 түрін шығаруға қол жеткізіп отыр.
Айтпақшы, оның кәсіпкерлік ісіне келуі де қызық. Мүмкін техник мамандығын меңгергендігінен болар, зейнетке шыққаннан кейін артық-кемі жоқ, 66 жасында Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылында сүт өңдеу цехын іске қосуға тәуекел еткен. Кәсіпкердің мұндай ойға келуіне сол тұста экспедитор ретінде фабрикадан сүт жеткізу қызметін атқарған ұлы Сергейдің де үлесі бар көрінеді. Ол жер-жерге іссапарларға жиі шығып, өзінің болашақ тұтынушыларын да жинаумен болған екен.
В.Лесняктің айтуынша, қуат­тылығы 4 тонна сүт өнімдерін өңдеуге есептелінген жекеменшік кәсіпорны 2011 жылдың наурыз айында өз жұмысын бастаған. Осы бір ғана жылдың ішінде мұнда тәулігіне 10 тоннаға дейін сүт өңделуіне де қол жеткізіліпті. Шикізат негізінен өңірдегі сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын өсірумен айналысатын жеке шаруашылықтардан жеткізіледі.
– Мемлекет тарапынан үлкен көмек, қолдау бар. Мен танкерді 1200 мың теңгеге сатып алдым, маған оның 30 пайызын – 400 мың теңгесін қайтарып берді. Яғни, өзім төлеп отырған несиені мемлекеттен алып отырмын. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша трансформаторлық электр стансасын, қазандық ғимаратын орнаттық. Кәсіпорын мекен-жайларын өзімізде босқа рәсуә болып жатқан буды пайдаланып жылыту әлдеқайда арзанға әрі жеңілге түсуде, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпорын 8 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Олардың айлық жалақыларының көлемі орташа есеппен 60-70 мың теңге аралығында. Ал мұндағы бір литр сүттің бағасы майлылығына, ыдысының сыйымдылығына байланысты 130-200, сары майдың келісі 900-1100 теңгеден айналуда. Кәсіпорынның айлық табысы 2 миллион теңгеге жуық қаражатты құрайды. Сондай-ақ мұнда өнімдерді Алматы қаласына жеткізетін бес жүк көлігі бар. Цех қызметкерлерінің біліктіліктерін жетілдіру де жүйелі жолға қойылған.
Бастапқыда қаймақ, сүт және сүзбе өнімдерін шығаруға ғана арналған құрылғылардың саны да, сапасы да артты. Олар негізінен Ресейдің Рязань, Новосібір, Тула қалаларынан, Алтайдан әкелінуде. Цех еңбеккерлері сүт өнімдерін қайта өңдеумен қатар, сатумен де айналысады. Компанияның тұрақты тұтынушыларының қатарында балабақшалар, түзету колониялары, су жүйесі, басқа да мекеме, ұйым, кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, цех өнімдері Тараз қаласындағы 23, облыстағы 3 балабақшаға, Тараздағы 8, Алматыдағы 9 емдеу мекемесіне, басқа да 15 ұйым мен 15 сауда орнына өткеріліп, коммуналдық және орталық базарлардағы сауда нүктелерінде сатылу үстінде.
Ауылдық шаруалардың мал, егін өсірумен ғана айналысып, көп жағдайларда алынған өнімдерін ұқсатып, өңдеп, кәдеге жарата алмай жататыны бар. Байзақтық кәсіпкер азамат өңіріміздегі, міне, осы өңдеуші кәсіпорындардың тапшылығы мәселесінің күретамырын дөп басуымен өзгелерге үлгі болып отыр. Жасы 73-ке жетсе де, еңбек етуден, жастарға ақыл-кеңес беруден, тәжірибесін үйретуден жалықпауда. Айтпақшы, бүгінде негізгі жұмыстарды оның ұлы Сергей мен немересі Виктор Лесняктар үйлестіруде екен. Ұрпақ сабақтастығы, әулеттік еңбек дәстүрі дегеніңіз осы болар, сірә.
«Сүтті дүңгіршек» алдағы уақытта өндірісті толықтай автомат­тандыруға көшіруді жоспарлап отыр. Бұған қажетті құрал-жабдықтардың жартысынан астамы сатылып алынып та қойылыпты.

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауылы,
Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support