- Advertisement -

Ұлттық ойындар ұрпақтан алыстады

211

- Advertisement -

Бүгінде ұлттық ойындарды ойнау былай тұрсын, оны көңілде құнттап жүрудің өзі мұңға айнала түскендей. Ұшы-қиырына көз жетпейтін сартап дала, жусанды қырды мекен еткен қазақтың ұлттық ойындары туралы бүгінгі іні-қарындастан сұрай қалсаңыз, әрі кетсе, қазақ күресін, бәйге мен көкпарды, кейбіреуі алтыбақанды әупіріммен есіне түсіретін секілді.
Басқаны қойыңызшы, бастауыш сынып оқып жүргенде біз ақсерек пен көксеректі ойнап, кәдімгідей серпіліп қалатынбыз. Ал бүгін ше? Құндылығын жоғалтқан ел құрдымға кетеді. Иә, ұлттық ойындар – қазақ көзінің қарашығындай сақтайтын баға жетпес байлық. Алайда соны көңіл көзімен түсініп, сезініп жатқан кім бар?
Бұғанасы бекімеген, қанаты қатаймаған қазіргі жастардан ақ сүйек ойыны туралы қалай сұраймыз? Олар үшін аты аталған ойын «қызыл кітапқа» еніп кеткен сыңайлы. Айлы түнде ірі қараның сүйегін іздеп тауып, оны алып сөреге қарай жүгіретін, адамды зерек болуға тәрбиелейтін, кішкентай жүректердің бойында үлкен талпыныстар мен ұмтылыстар тудыратын ақ сүйектің олар үшін еш мәні де, маңызы да қалмаған сияқты… Байқайсыз ба? Сол ақ сүйек ойынының өзі жастардың бойында көшбасшылық қабілетін ұштауға арналып тұрғандай. Тапқан топтың адамы сөреге ұмтылғанда, оның қолынан тартып алу мақсатымен тұра жүгіру – көшбасшылыққа талпыну. Қазақ ұлттық ойындарымен-ақ өскелең ұрпақты биік белестерді бағындыруға тәрбиелегені осындан-ақ мәлім емес пе? Ал біз үшін мұның бәрі қазір құмға сіңген судай ғайып болған. Кім кінәлі? Демек, біздің психологиямыз басқа арнаға бұрылғаны соншалық, жаһандану дүрмегіне жүрегімізді қолымызға ұстап, ентелей жүгіріп, бабалар аманатын қаперден шығара бастадық…
Баяғыны байыппен барлап, санамен саралайтын этнограф-ғалымдардың зерттеулерін парақтасақ, бабалардан мирас болып бізге жеткен ұлттық ойындарымыз қазақ топырағында б.з.б. бірінші мыңжылдықта пайда болған көрінеді. Тіпті сол ғалымдар аталған ойындарды бес түрге бөліп қарастырады. Олардың қатарында аңға қатысты, малға байланысты, зеректік пен ептілікті қалыптастыратын ойындар бар. Ал біз сол ептілік пен зеректікті үстемелейтін ойындарымызды тарихтың бір бұрышына тығып тастап, жетімсіретіп қойғандаймыз.
Сонымен, алтыбақан мен ақ сүйектің не екенін білмейтін ұрпаққа біз қалай мін тағамыз? Алтыбақан басындағы төгілген күй мен шырқалған халық әні баланың бойындағы ұлттық тәрбиенің өзегі екенін қалай түсіндіреміз? Сауал көп, жауап жоқ.
Осы жұрт сақина салу секілді зеректікпен қатар интеллектуалдық деңгейді айғақтайтын ойынды біле ме екен? Әй, қайдам. Оны ойнаған күннің өзінде сақинаны таппай қалған айыбын өтеуші «қысылғаннан қыз болып», көпшіліктің қалауын орындау сәтінде не істерін білмей дал болады-ау. Кейбір білімділер болмаса, қазір көп жасыңыз жаңылтпаш пен өлеңнің, халық әні мен жұмбақтың не екенін түсінбей, ел тілегіне үн қата алмай, басы салбырап тұрмасына кім кепіл? Сондай-ақ ілгеріде тымпи, бестас секілді көптеген құнды ойындарымызды ойнамақ түгілі, оның ережесін білетіндер қалды ма екен, кім білсін?..
Сырғанақ уақыт сырғып өте береді. ХХ ғасырда этнограф М. Гуннер қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын спорттық бәсекелерден бөле қарап, ара-жігін ажыратып берген еді. Ғалым мұнымен қоймай, қазақ ойындарына топтамалық жіктеу жасап, оның бала тәрбиесінде алатын орнын бағамдай білген. Тіпті оқу үрдісінде пайдалану қажеттігі туралы ұсыныс та жасаған. Аты аталған ғалымның танымы алаш ардақтылары А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсариндердің ойымен тамырлас келгенінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Олар да ұлттық ойындардың білім берудегі рөлін жоғары бағалап, сол арқылы жастардың адамгершілік, эстетикалық жағынан дамуын қалағаны мәлім. Тіпті Мағжан Жұмабаев қазақ ойындарын дене тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырым да жасаған.
Әдебиет алыптары мен сақа ғалымдардың сүзгісінен өткен ұлттық ойындардың қазақ өмірінде алар орны ерекше екені талас тудырмайды. Сондықтан біз ұлттық ойындарымызды тарих көкпарына тастамай, қайта жандандырғанымыз жөн. Әйткенмен бүгінде тамырымыздағы бүлкілін тоқтата бастаған қазақ ойындарына кім бас қатырып жатыр? Ойланатын сұрақ. Осы мәселені қаперде ұстап, ескіні жаңғыртып, елдің есіне түсіретін мекемелер бар ма, жоқ па? Қазақтың төл ойындарының жастар арасында жандана түсуіне, насихатталуына атсалысатын азаматтар табылып, білек сыбанып іске кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе ұлттық ойындарымыз деп жүрген алтыбақанның өзін Наурыз секілді мерекелерде көргенімізге қуанатын болдық. Бізде этнографиялық ауыл құрып, қазақ ойындарын, дәстүрін насихаттайтын сәт тым сирек-ақ. Әлде ешкімнің бас қатырғысы келмейді ме екен? Шағын жазба арқылы көкейдегі көп түйткілдің бірін тарқатып көрдік. Нәтиже шығып жатса, қанеки?!

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support