- Advertisement -

Ауыл шаруашылығында мән беретін мәселе жеткілікті

102

- Advertisement -

Жыл қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 255,6 миллиард теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 5,5 пайыз өсім көрсеткен. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 630 мың гектарға жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 37 мың гектарға, яғни 6,2 пайызға өсіпті. Табысты саладағы басқа да жетістіктер мен алдағы міндеттер облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есебінде кеңірек баяндалды. Есепті жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев өңірдің ауыл шаруашылық саласы жылдан-жылға дамып жатқанын, бұған «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» іске асуы оң септігін тигізе алатынын, осы бағдарлама шеңберінде облыс агроөнеркәсіп кешенінің 2018-2021 жылдарға арналған даму картасы әзірлену үстінде екендігін атап өтті. Онда әр ауданның ерекшелігі ескеріле отырып, ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамыту бағыттары айқындалып, таяу жылдарда қол жеткізілуі тиіс мақсаттар алға қойылады.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов өз баяндамасында есепті кезеңде облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барлығы 15,4 миллиард теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен 6,4 миллиард, жергілікті бюджеттен 9,0 миллиард теңге) бөлініп, оның толығымен игерілгенін жеткізді. Саладағы барлық бағыттар бойынша 11,8 миллиард теңге субсидия төленіп, 1 теңге төленген субсидияға 21,5 теңгенің өнімі өндірілген.
Есепті кезеңде егістік алқабының көлемі 630,2 мың гектарды құрап, 37 мың гектарға артқан. Үдемелі алма бақтарының алқабы 2016 жылы 235 гектарды құраса, өткен жылы 325 гектарға жеткен. Осы орайда былтыр «ФиТиСи Экьюти» компаниясының жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобасы қолға алынғаны сөз болды. Жоба бойынша 100 гектар алқапқа алма, жеміс-жидек бақтары отырғызылады екен. Ал қант қызылшасы 905 мың гектарға егіліп, оның 652 гектары есептен шығарылған. Қалған 8,8 мың гектар алқаптан 203,3 мың тонна өнім жиналып, 119,7 мың тоннадан астамы қант зауыттарына өткізіліпті. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 41,3 мың тоннаға артық. Басқарма басшысы қант қызылшасы өндірісіндегі бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Мәселен, бүгінде сапалы тұқым өнімдерінің тапшылығы сезілуде. Сондай-ақ шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, қант зауытының тәтті түбірді сатып алу бағасының төмендігі, өндірілген фабрикалық қант қызылшасын тасымалдау барысындағы мәселелер діттеген межені бағындыруға қолбайлау болып тұрған көрінеді.
Жиында маусымаралық кезеңде облыс тұрғындарын көкөністермен толық қамтамасыз ету үшін жылыжай алқаптары жеткіліксіз екендігі тілге тиек етілді. «Тұрғындар қажеттілігін қамту үшін қосымша 42,6 гектар жылыжай алқаптарын іске қосу қажет», – дейді Н.Нұржігітов.
Ауыл шаруашылығын өркендетудің негізгі тетігі техникалық әлеуетті күшейту екендігі белгілі. Осы орайда өткен жылы 3,5 миллиард теңгеге 308 дана техника сатып алыныпты. Оның 123 данасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке алынған. Осы орайда техникаларды жаңарту көрсеткіштері Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында төмендігі байқалуда.
Есепті кезеңде мүйізді ірі қара малы 358,9 мың, қой мен ешкі саны 2,6 миллион, жылқы 116,9 мың, түйе 6,1 мың, құс саны 1,2 миллион басқа жетіпті. Ет өндірісі 7,5 пайызға, сүт өндірісі 2,9 пайызға, жұмыртқа өндірісі 11,7 пайызға, жүн өндірісі 1,8 пайызға артқан. Осы орайда, «Меркі ет» комбинаты БАӘ-нің Бахрейн Корольдігіне 35 тонна, Иранға 179 тонна қой етін экспорттаған.
Баяндамашы өткен жылы облыста 48 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын жеткізді. Жалпы құны 24 миллиард 762,9 миллион теңгеден астам 57-ге жуық инвестициялық жобалар іске асырылып, 1903 адам жұмыспен қамтылыпты. Ал ағымдағы жылы салаға 38,0 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отырған сыңайлы. Есепті баяндамадан, сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуы, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру бойынша атқарылған шаралар да тыс қалмады.
Бұл ретте жиынға қатысушылар тарапынан баға тұрақтандыру қорының тауарларының, оның ішінде картоптың сапасының төмендігі, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкелері бойынша сұрақтар қойылды.
Басқарма басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев қант қызылшасы алқаптарын техникамен қамтудағы түйіткілді мәселелерге тоқталып, бұл ретте басқарманың қандай жоспары бар екендігін, техника кешенін қандай жолмен алуды көздеп отырғандығын сұрап, өз тарапынан ұсыныстарын айтып, нақты тапсырмалар берді.
Жиында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл филиалының директоры Өксікбай Оразымбетов, Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры Нұрлан Балғабаев, Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support