- Advertisement -

«Әже, ертегі айтыңызшы…»

824

- Advertisement -

Жұмыстан қолым қалт еткен кей сәттерде үш жасар ұлымды балабақшадан өзім алып қайтатыным бар. Бірде сол әдетіммен балабақшаға бас сұққанмын. Алдымнан «Әкелеп» шыққан ұлымның заттарын түгендеп отырып, мынадай жағымды жайтқа куә болдым. Менімен қатар кірген жылы жүзді, ақ жаулықты әженің немересі де алыстан «әжелеп» келіп, мойнына асылып, құшақтап, сүйіп жатты. «Әже, бүгін маған кешегі ертегіңіздің жалғасын айтып бересіз бе?» – деп тіл қатқан кішкентай бұзығын бауырына тарта түскен әжесі: «Әрине, айтып беремін. Қаласаң, «Нән батыр», «Жезтырнақ», «Тазша бала» туралы да қайталап айтайын…» – деді мейірлене. Жаныңды жадыратып, көңіліңді көркейтетін осы бір әдемі көрініске қарап отыра бергім келді… Бірде көз алдыма дана Зеренің алдындағы бала Абай елестесе, енді бірде ақылман Айғанымның ғақлиясына ұйып отырған зерек Шоқан мұнартты. Тамсанып отырып сүйсіндім. Сүйсініп отырып, «Бүгінгі әже-апалардың бәрі осындай ма екен? Осындай болса ғой, шіркін…» деген сұраулы ойдың құрсауына қамалып, ұлымды жетектеп үйге қайттым…

Жау қаһарынан қаймықпаған баһадүр Баукең: «Мен даудан да, жаудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп барады. Ең алдымен, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам. Үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді, олардың қолына қылыш берсең, кімді болса да шауып тастауға дайын. Олар қолына кітап алмайды, үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан ата мен әже жоқ», – деген екен. Батыр айтқандай, бұл біздің ұлттық тәрбиелік құны бар асыл қасиетіміздің сарқылып бара жатқанынан шығар. Әйтпесе, жоғарыдағыдай мысалдар бүгінде ностальгияға айналғалы жасырын емес. Егер бүгінде тірі болғанда Баукеңнің қорқынышы тіпті қоюлана түсер ме еді, кім білсін?! Қазіргі таңда бесіктегі сәбиіне шумақтатып, шырайын кіргізіп бесік жырын айтып отырған анадан гөрі қолындағы ұялы телефонына телміріп отырып, жаңа эстраданың есерсоқ даңғазасын дабырлатып қойып сәбиін ұйықтатын жас келіндерді жиі кездестіреміз. Кішкентай тентегіне түрлі қиял-ғажайып ертегілер мен төкпелетіп батырлар жырын айтып отырған ақ жаулықтыларды да табу қиындау. Көбіне көк жәшіктен көз алмай, сексенге таяса да кәріс-түрік сериалдарын түгендеп отырған ата-әжелерімізді көргенде, тілімізді тістеп қалатынымыз да шындық.
Қайда жүрсеңіз де сол, қоғамдық орындарда да, базарда да, көлікте де басы түйісіп қалған екеудің диалогінің бір ұшы болса да саңырауқұлақша қаптаған телесериалдарға бір соқпай кетуі мүмкін емес. Әсіресе, жеңгелеріміз бен ақ жаулықты қарияларымыздың телесериалдың түр-түрін түгендеп, ондағы оқиғаларды талқыға салып даурығатындарын қайтесіз. Бірі Анандидің тағдырына алаңдаса, енді бірі Сұлтан Сүлейменнің сұлуларының қылығын жыр қылады.
Әжелеріміз бен аналарымыз осылай телесериалға телмірумен күн ұзатып жүрсе, ертеңгі ел тұтқасын ұстар ұрпақтың тәрбиесіне кім алаңдайды? Өйткені, баланың тәрбиесіне тек әке-ана емес, сонымен қатар ата-әжелер де атсалысуы керектігін және оның қаншалықты маңызға ие екендігін қазақ әу бастан-ақ ескерген. Әженің бала тәрбиелеудегі рөлінің жоғарылығы қашанда дәлелденіп отырған. Бір ғана мысал, ұлы Абайдың қалыптасуындағы әжесі Зеренің ықпалын айтсақ та жеткілікті. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше…», «Балам балдан тәтті, немерем жаннан тәтті» деп халық даналығы айтқандай, расында ата мен әже үшін немеренің орны бөлек. Адам бойындағы асыл қасиеттер отбасында қалыптасады. Ұлттық ұстаным, нағыз қазақы тәлім-тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алады. Біздің қазақ ұлтында ерекше рөлге ие жан – әже. Ол тәрбиелеген бала әдепті, иманды, кішіге ізетті, үлкенге сыйлы болып өседі деген көзқарас бар. Десек те, қазіргі кезде өкінішке қарай «әлди, әлди» әнін айтып, ақ бесікке бөлейтін әжелеріміз азайды. Бесік жырының не екенін білмейтін аналарымыз көбейді. Бұл ащы да болса шындық. Сенбесеңіз, өзіңіз бір ой жүгіртіп көріңізші, немересін алдына алып, бауырына басып, ғибратты ғақлиясын айтып отырған қарияға соңғы рет қашан жолықтыңыз? Есіңізге түсіре алмай абдырап қалатыныңыз анық. Демек, бұл шынында ертегі айтар әжелердің азайғанын аңғартады.
Бірде алыс ағайынымыздың үйінде қонақта болдым. Ішкі бөлмедегі төрге жайғасқан әжеміз «Әже, ертегі айтып беріңізші!» деп еркелей алдына құлаған немересіне: «Ерте, ерте, ертеде, Ешкі жүні бөртеде…» деп төкпелете жөнелгенде, ішім жылып, көңілім бір марқайып қалған-ды. Алайда сол әжеміз ары қарай ертегі емес, күндізгі көрген телесериалының өзі ойша құраған жалғасын немересіне тізбектей кеткенде бала түгілі біз де еліте түстік. Түрік сериалының жалғасы әже аузымен шытырманға ұласқаны бәрімізге таң-тамаша көрінгенімен, ондағы бала тәрбиесіне оң әсер қалдырар сүбелі ойдың тамтығы да жоқтығын ойлау қиын еді. Сонда «Ер Төстік», «Ақжан батыр» секілді баланы батырлықпен қатар, елін, жерін қорғауға үндейтін ертегілерді бүгінгі әжелер білмей ме?!
Қытайдың ұлы ғұламасы Конфуций: «Баланы 5 жасқа дейін еркелет, 15 жасқа дейін құлша жұмса, 15 жастан кейін досыңдай сырлас» деді емес пе? Ендеше, халқына қорған, ата-анасына қамқор болар тұлға қалыптастыруда әрбір балаға – қазақтың баласы деп қарап, бірлесе жұмыс атқарайық. Әжесінің тәлім-тәрбиесінде болған немерелер көбейе бергей! Ертегі – балалардың ой әлеміне дұрыс көзқарас орнатып, олардың жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды, ақ пен қараны айыра білуіне нұсқаушылық ететін рухани азық екенін ескерсек, көненің көзі болатын қарияларымыз кішкентай бұзықтарына тағылымы мол тамаша аңыз-ертегілері мен ғибратты әңгімелерін үнемі баяндап отырса жарасар еді. Ендеше, ардақты әжелер, ұрпағымызға ұлағатты өнеге сыйлар игі дәстүріміздің орнын ойсыратпай, өміріміздің жалғасы болған бүлдіршіндерге әдемі ертегі айтып беруден жалықпаңыздар!

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support