Қайыршылар кімнен қайырым күтеді?

13

Қайыршылар. Бүгінде оларды қаланың кез кезген бұрышынан, әсіресе адам аяғы жиі жүретін, көпшіліктің қарасы қалың орындардан көптеп кездестіруге болады. Бірі қос аяғынан айырылып, мүгедектер арбасына таңылған күйде, енді бірі балдаққа сүйенген қалпы қол жайса, тағы бірі күннің ыстық-суығына қарамастан, бес-алты айлық баласын құндақтап алып, жаяу жүргіншілерден қайырым күтіп, өткен-кеткенннен тиын-тебен тіленіп отырғаны…

Түйсікті пендеге мұның бәрі тағдырлы картинадай әсер етіп, жүрегін шым еткізіп, бойындағы аяныш сезімін еріксіз оятары сөзсіз… Алайда олар өздерін қоғамның өгей перзенті немесе тастандыларымыз деп есептейді. Адамдардың, ортаның қатыгездігінен осындай күйге түстік деп парықтайды. Шын мәнінде солай ма? Бұл тақырып жөнінде көптен бері толғанып жүргендіктен, сәті түскенде біраз кейіпкерлермен тілдесіп қалуға тырысып, сол арқылы олардың көзқарастарын, болмыстары мен тағдырларын тануға талпынып көрдік…
Тараз қаласының басты көшелерінің бірі Абай даңғылының орталық «Достық» алаңымен қиылысқан жері қайыршылардан қысы-жазы босамайтыны осы маңның тұрғындарына әбден белгілі. «Қазфосфат» ЖШС-ның, «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Тараз қалалық бөлімшесінің бас ғимараттарының алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегінде қайыр сұрап тұратын екі-үш балалы ананы, шамамен жасы орта жастан асқан бір-екі ер кісінің жүзі маған да жіті таныс. Өйткені, жұмысқа барып-қайтарда бұл тұстан міндетті түрде өтіп жүргеніме аз болмаған. Реті келгенде тиын-тебен тастауды да әдетке айналдырғанмын. Әсіресе, балалы аналардың суық күндерде осында отыратыны жаныма бататын. Олармен сөйлесіп, бұл жағдайға қалай түскендіктері туралы білгім келді. Бірде соның сәті түсті.

«Баламмен жүрсем, табысым көбірек болады»

Төрт-бес жасар баласын құшақтап отырған әйел жанына жақын барғанымды байқап, баласын қойнына одан әрі қыса түсті. Алғашында сауалыма жауап қатқысы келмеген ол қолына қағаз ақша ұстатқанымда кішкене ашыла сөйлеуге көндіккендей болды. Өзін Айман деп таныстырған ол қолындағы баласын үшінші перзенті екенін, алдыңғы екі ұлы мектепте оқитынын жеткізді.
– Мен өзімді қайыршымын деп айтқым келмейді. Олай ойласам, намыстанып кетемін. Бірақ, амал не?! Көніп келемін, тағдырдың басқа салғанына. Осыдан он бір жыл бұрын күйеуге шыққан едім. Алғашында әркімге жалданып жұмыс істеп жүрген жолдасым кейін ішкілікке салынып, бізді тастап кетті. Үш баламен қалып, не істерімді білмей дал болдым. Онда қаланың шағын ауданында пәтер жалдап тұрушы едік. Жолдасым тастап кеткелі қалаға жақын ауылда Алматыға көшіп кеткен туысымның ескі үйінде тұрып жатырмыз, – деп үнсіз қалған әйел «Қайыр сұрауды қашан бастадыңыз? Күнделікті қанша табасыз?» деген сұрағыма жауабын кібіртіктеп барып әзер берді.
– Күйеуім із-түссіз кеткеннен соң екі-үш ай жұмыс іздеп көрдім. Бір-екі мекемеде еден жудым. Алайда айлығым арзымады. Жұмыстан қайтарда кейде жолақым болмай, көшедегі адамдардан тиын-тебен сұрап, қайтып жүрдім. Ол кезде балам бір жарым жаста еді. Қасыма ертіп жүретінмін. Сонда байқағаным, баласыз жүргеннен гөрі, баламен жүргенімде адамдар қолымды бос қайтармай, аз да болса тиын-тебен беретін еді. Қазір де солай, кішкентайымды алып жүрсем, табысым көбірек болады. Осылайша қайыршылыққа етім үйренді. Көшеде отырып жинаған ақшам, еден жуушы болып алған айлығымнан екі есе көп. Күндегі табысым мың теңгеден кем болмайды, – деді Айман.
Айманнан сәл әріректе қол жайып отыратын ірі денелі қара келіншектің түрі маған таңсық емес. Себебі жаз бойы ала таңнан күнделікті ісіне кірісетін оның болмысы өзгелерден өзгеше. Қолындағы шақалағымен отырған ол өткен-кеткенге бар игі тілегін, жақсы сөзін үйіп-төгіп, ақ батасын жаудырудан еш арланбайтындай. Киімі жұпыны әйелдің шақалағы кейде шырылдағанда, айналадағылардың назарын аудармай қоймайды.
Әңгімеге тарқанымда еш именбей, бірден ағынан жарыла кеткен ол өз есімін Гуля деп таныстырғанмен, сөз арасында өзінің аты Ұлболсын екенін бірді-екі қайталап отырды. Онысын өзі байқамады да. Есімін неге өзгертіп отырғанын сұрағанымда келіншек бірден ашуға булықты. Жеңіл-желпі оралған сәбиіне жаным ашып: «Үй-күйіңіз болмаса, Аналар үйіне барсаңызшы. Сәбиіңіздің күтімі де, өзіңіздің жайыңыз да уақытша болса да жақсарады. Аяқтан тұрып алған соң басқа амалын қарастырарсыз», – деп ұсыныс білдіріп, тіпті Аналар үйіне орналасуға қолұшын беретінімді де жеткіздім. Ол бірден бас тартты. Себебін түсіндіргісі де келмеді. Екеуара әңгімемізден оның қайыр сұрауға еті үйреніп қалғанын, ол ісіне өзі мүлде арланбайтынын түсінгендей болдым. Ол өзін емес, қойнындағы еш жазығы жоқ сәбиін де еш аямайтындай…

Маскүнемдер
мейірімге зәру ме?

Осыдан біраз бұрын қаланың шағын ауданынан орталыққа пәтер ауыстырып, көшудің қамымен жүргенмін. Бар жүгімді буып-түйіп жатқанымда, жасы отыздан асқан ер кісі қасыма келіп, нанға деп тиын-тебен сұрап, айналшықтап кетпеді. Жұпыны демесең, қарулы, көздері отты азаматты қайыршы, қаңғыбас деуге қимайсың. «Әйелім жақында қайтыс болып еді, балаларым үйде аш, киімсіз отыр, көмектесіңізші» деп, өз жайын сұраусыз-ақ жалына баяндай кеткен оның бейнесі жалғызбасты әкеден гөрі маскүнемге көбірек келіңкірейді. Мен оған көшуіме көмектесіп, жүктерімді үшінші қабатқа көтеріссе, ақысын ойдағыдай төлейтінімді айтқанымда, белім, бүйрегім жарамайды деп, бұрылып, тұра қашты. Осы жайт мені көп ойға қалдырды. Шынымен нан таппақ ниет пен балалары үшін шырылдап жүрсе, бірер сағаттық еңбекке ерінбеген болар еді ғой.
Кейін де нанға, жолақыға деп тиын тіленіп, тапқанына ащы су алып, бас жазып жүрген қайыршылар мен қаңғыбастарды жиі кездестірдім. Қоқыс қалдықтарын ақтарып, ас-ауқаттың жуындысымен тамақтанып жүрген ер кісілердің бір-екеуіне тіл қатып та көргем. Қалада үй-жайы жоқтарға арналған арнайы орын бар екенін айтып, сонда неге барғысы келмейтіндерін сұрағанымда, онда ішкілік берілмейтінін алға тартты. Жертөле, жылу құбырларының маңын мекендеп жүрген ондайлардың дені шын мәнінде де маскүнемдікке салынғандар. Өздері айтқандай, қыста тоңбау үшін ішеміз деп ақталулары шын мәнінде сылтау ғана. Бұл ретте адамдығымыз арақ үшін алақан жайған­дарды аяумен өлшенбейті­нін ұмытпағанымыз ләзім.

Келімсектердің
кесірі көп…

Елімізде қайыршылар мен қаңғыбастардың көп бөлігін өзге елдерден келген еңбек мигранттары құрап отыр. Себебі, елімізге экономикасы құлдыраған мемлекеттерден келімсектер көптеп келеді. Бұл тізімде Өзбекстан мен Тәжікстан алдыға шығады.
Рас, бір кездердегідей алақанға қарап, болашақты болжап беретін сыған әйелдер қазір көрінбейді. Ауыл-ауылды, көше-көшені аралап, садақа сұрайтындар да жиі кездеспейді. Есесіне шаһардың адам аяғы үзілмейтін орындарында ұлты белгісіз бұйра шашты, қолына адыраспан ұстап, айналаны көк түтінге орап жүретіндер көбейе түскен. Олар тәжікше, өзбекше сөйлейтін лолы ұлтының өкілдері. Қайыршылық салты, әрі күнкөрісі саналатын лолылар (ортаазиялық сығандар) – өте көне жұрттың нәсілі. Өзбектер оларды «лолы», тәжіктер «жөгі» деп атайды. Өзіндік атауы – мугат. Негізінде, өзбек пен тәжік тілінде сөйлегенмен, тек өздеріне ғана тән «құпия» тілдері тағы бар.
– Осы келімсек тілемсектер жөн-жосықсыз жабыса кетіп, мазамызды алатыны жасырын емес. Берсең атүсті алғысын айтып, бермесең қабақ шытып, тіпті тіл тигізіп те жатады. Ондайлардан гөрі, ақшам болса балалы аналарға, мүгедектерге бергенді жөн санаймын. Тараздың «Қаратау» мөлтек ауданында екі аяғы жоқ, арбада отыратын бір шал бар. Сол кісі жол ортасына дейін шығып, көлік жүргізушілердің терезесін қағып, қол жайып жүреді. Бір байқағаным, оны таңертең біреулер әкеп тастап, қас қарайғанда алып кетеді. Меніңше, ол өз еркімен емес, мәжбүрлі түрде қайыр сұрайтын секілді. Мүгедектігі адамдардың аяушылығын тудыратыны рас қой, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Қадіркүл Әлімқұлова. Ал мектеп мұғалімі Әлихан Мэлсұлы келімсек қайыршылардың шын мәнінде мұқтаж емес екендіктерін, олардың бір бөлігі қала маңын қоныстанып алғандарын да айтады.
– Жұма күні мешіттердің, сенбі-жексенбі күндері базар маңы, сауда орындарының маңында қайыршылардың қарасы қалың болады. Әсіресе, жаз мезгілінде қоғамдық көліктер мен аялдамалар тілемсектерден босамайды. Дені өзге ұлт өкілдері. Бір баласын беліне асып орап, екі-үш баласын шұбатып ертіп жүретін олардың әркімнің де алдынан шығары анық. Қайыр тілеуді өздерінің әдет-ғұрпы деп ақталғанымен, кәсіпке айналдырып алған олардың табысы шын мәнінде аз емес екенін естіп жүрміз. Көбісінің қала аумағында үй-жайы бар екенін білеміз.

Қаңғыбастарды қадағалайтын мекеме бар

Шынын айту керек, қайыршылар мен қаңғыбастар жиілеп кетсе, қаланың көркіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың жүріп-тұруына да кедергі келтіретіні сөзсіз. Былайғы жұртқа қайыршылар мен қаңғыбастар қадағалаусыз, өз-өзімен жүретін тобыр болып көрінгенімен, олардың да құжаты болуы шарт және әрекеттері бақыланып, тәртіпке келтірілуі ләзім. Әлбетте, бұл біріншіден тәртіп сақшыларына жүктелетін жауапкершілік екені белгілі. Елімізде мұндай мұңлықтардың да жағдайын жасап, көше кезгендер мен құжатсыз жүрген қаңғыбастарды орналастыратын арнайы мекеме бөлінгенін біреу білсе, біреу білмес. Ол – тұрақты мекен жайы жоқ тұлғаларға арналған қабылдап-тарату орны.
Осыған орай Тараз қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларының жұмысын үйлестіру бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Мұхаммед Жұмаділдаевқа хабарласып, көкейдегі сауалдарымызға жауаптар алдық.
– Жалпы 2015 жылы қаңғыбастық пен қайыршылыққа қатысты жаза қатаңдатылғаны белгілі. Соған байланысты оларға салынатын айыппұл көлемі де артқан. Десе де, қайыршылардың саны күрт азайып кетті дей алмаймыз. Өткен жылы қала бойынша жұмыстар жүргізіліп, 102 хаттама толтырылды. Ол бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 449-бабына сүйене отырып, 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 11 345 теңге көлемінде айыппұлдар салынып, өндірілді, – деген бөлімше басшысы құжатсыз айыпталушыларды қалалық қабылдап-тарату орнына жіберетінін жеткізді. Иә, елімізде мұндай мұңлықтардың да жағдайын жасап, көше кезгендер мен құжатсыз жүрген қаңғыбастарды анықтап, орналастыратын арнайы мекеме бөлінгенін көпшілік біле бермек. Ол – тұрақты мекен жайы жоқ тұлғаларға арналған қабылдап-тарату орны. Біз де мақаланы дайындау барысында Тараз қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің қабылдап-тарату орнына барып, жұмыс барысымен танысып қайттық. Басшы, полиция подполковнигі Мұрат Нұрханов мекеменің қызметі туралы баяндап берді. Оның айтуынша, алпыс орынға арналған қабылдап-тарату орнында қазіргі таңда сегіз адам жатыр екен. Күніге немесе күнара тексеруге шығу үшін арнайы көлік бекітіліп, үш-төрт адамнан құралған іздестіру тобы жасақталған. Топ әр рейд сайын қаланың әр ауданына бағыт алып, қаңғыбастарды ұстап, мекемеге әкеледі. Мұнда олардың кім екені анықталып, туған-туыстары ізделінеді. Жақындары бар болса, хабарласып, үш сағаттан соң алып кетуі негізделеді. Егер туыстары, құжаттары жоқ болса, арнайы орындарға жолданады.
– Қаңғыбастардың арасында жұқпалы ауруға шалдыққандары да, құзыретті органдардың іздеуінде жүргендері де болуы мүмкін ғой. Бізде жуындыру, медициналық тексерістен өткізу, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету секілді қызметтер қаралған. Алып келінген қаңғыбастың жеке басын анықтау, қай елдің азаматы екенін білу де біздің міндетіміз. Олардың дені құжатсыз келеді. Кейбіреулері аты-жөнін жасырып, жалған айта салуы да мүмкін. Ондай жағдайда сурет немесе саусақ таңбасы арқылы қандайда бір қылмысқа қатысы бар немесе жоқтығы да тексеріледі. Заңсыз келімсектер де анықталып жатады. Күдіктілерді тиісті орындарға тапсырамыз. Себебі қандайда бір шара қабылдау мекеме құзырына кірмейді, – дейді М.Нұрханов. Сондай-ақ мекеме басшысы қабылдап-тарату орнынан өткен жылы 357 адам өткенін жеткізді. Олардың 130-ы құжатталса, 98 адам шетел азаматы екені анықталған. 17-сі Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталыққа жіберілген болып шықты.

Жылы төсек,
ыстық тамақ…

Орталық демекші, бұрындары оңалту және бейімдеу орталығы ретінде көпке танылған мекемеде бүгінде жүзден аса адам жылы жатын орын, ыстық тамақпен қамтылған. Оған арнайы ат басын бұрып, танысып қайтқанда көз жеткіздік. Орталық директорының орынбасары Бегайдар Қырықбаев қаңғыбастар мен қайыршыларды қабылдау кезінде олар әуелі медициналық тексеруден өткізілетінін айтады. Сондай-ақ қоғамның осы тобы инфекциялық ауруларды көптеп таратушы саналатындықтан, түрлі жедел алдын алу шаралары шеңберінде рентген-диагностикалық тексеру ұйымдастырылады. Ал қаңғыбастар мен қайыршылардың қатарында өмірі медициналық тексеруден өтпегендер де кездесіп жатады. Айта кететіні, мұнда жұқпалы ауруға шалдыққандарды бөлек ұстайтын арнайы медициналық оқшаулау бөлмесі де бар екен. Жеті бағыт бойынша қызмет көрсететін орталықта қыс мезгілінде тұрғындар саны арта түседі. Өз аяғымен барып паналайтындар да барын білдік. Үш ай немесе бір жылға дейін келісімшартпен қызмет көрсететін мекеме өмірлік қиын жағдайда қалғандарды тіршілікке, қоғамға бейімдеп қана қоймай, өзге де әлеуметтік көмектер көрсетеді. Атап айтар болсақ, өткен жылы осындағы паналаушылардың 64-іне құжаттарын түгендеуге, 30-ына мүгедектер үйіне орналасуға, 14-іне түрлі топтағы мүгедектікке шығуға және 54-іне түрлі жұмыстарға тұруына ықпал етіліпті. Бегайдар Фазылұлының айтуынша, тиісінше орталықтың өз тәртібі де бар екен. Қоныстанушылардың жүріп-тұруы, сыртқа шығуы арнайы уақытпен белгіленіп, келіп-кетуі тіркеліп отырады. Қайыршылық, тіленушілікпен айналысуға, ішімдік ішуге қатаң тыйым салынған. Мекеменің іздестіру тобының оған бөлінген арнайы көлігі де бар болып шықты. Көбіне тұрғындардың шағым-өтініштері, қоңыраулары арқылы жұмыс жасайтын топ аптасына бірді-екілі қала аралап тұратынын білдік.

Жанғазы АХМЕТ

P.S:Иә, ешкім анасынан бомж, қайыршы болып тумайды. Олардың бұл күйге түсуіне түрлі тағдырлары себеп десек, салдары өздерінен секілді. Олармен әңгіме барысында байқағанымыз – көбісі өзін емес, өзгені кінәлауға бейім. Бірі – қоғамды, бірі – туыстарын, бірі – күйеуін… Ұлы Абай «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген. Ендеше, бұл орайда кімді айыптай аламыз. Кінәмшіл қайыршыларды ма, әлде қайырымсыз қоғамды ма?..

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту