Қызыларықтың қысқы қызықтары

0
507
«Көкпар қандай, көкпар шапқан ат қандай! Шабандозбен бірге серке тартқандай!»

«Алыстан күткен iзгi үмiт,
Ауылдың аппақ реңi.
Қысты да жатыр қыздырып,

Тiрлiктiң титтей жүрегi». Иә, ақын Қазыбек Иса жырлағандай, қысқы ауылдың көрінісі кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Қаладағыдай емес, ондағы тіршілік иірімдері мүлде басқаша. Сонау жаздың аптап ыстығында да бір мысқал тыным таппайтын ауылдықтар қыстың қытымыр аязын да елемейтіндей…
Шын мәнінде де қазақы қалпын жоғалтпаған ауыл болмысы, талайлардың темірқазығы саналатын ата жұрттың тынысы қалалықтар үшін таңғажайып, тіпті өзге әлемдей көрінуі бек мүмкін. Сондықтан да ауылдағы әрбір көрініс суретшінің сағыныш бояуымен салған құнды картинасы іспетті. Жуырда газетіміздің «Ақәділдің объективі» айдарын ауыл тынысымен ажарландыру үшін Жуалы ауданы, Қызыларық ауылдық округінде болып, елді мекеннің бір күндік тіршілігімен танысып, ондағы әрбір қозғалыс фототілшіміздің объективінен қалтарыста қалған жоқ.
…Алатау баурайындағы аядай ауылды аралай жүріп, жан жадырататын түрлі жайттарға куә болдық. Таяу маңдағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының өзі қызыларықтықтардың қысқы тіршілігіне жан бітіргендей. Ауыл тұрғындарының балықшылыққа ебі барлары мұзды ойып, қармақ салуы ілгеріден бергі дағдылары екен. Су қоймасының отыз сантиметрдей қатқан мұзында балық аулауды тек ауылдықтар ғана емес, облыс орталығы Тараз шаһарынан келіп те ермек қылатындар аз еместігіне жолай соғып, көз жеткіздік. Ал ауылдың батыс беткейіндегі алаңша әуесқой көкпаршылардың атшабарына айналған. Аптаның алтыншы күнінде барған біз де қиқулаған көкпаршылардың қызығына тап болдық. Ат жалын тартып мінген жастармен қатар жасамыстар да, тайды жүгендеген балалар да сол маңда. Ұлттық спорттың көрігін қыздырған жалынды ұландарды көріп, делебеміз қозып, әдемі әсерге бөлендік.
Тап-тұйнақтай күрелген ауыл көшелеріндегі көріністер көз сүйсінтеді. Иін ағашы болмаса да, қос шелегімен су тасыған ана, шана сүйретіп, шат-шадыман ойын қуған бүлдіршіндер, аула тірлігіне қолғабыс етуге жарап қалған кішкентай көмекшілер мен төрт түлігін түгендеген малсақ бала да ауылдан табылады. Әсіресе, ақ қозысын қуалап ойнаған сәбидің қылығы еріксіз езу тарқызып, ерекше сезім кештірді. Бәрі-бәрі шағын ауылдың шырайын арттырып, ажарын аша түскендей. Осы көріністерді мүлт жібермей, нысанаға алған фототілшіміздің түсірген суреттері Қызыларықтың бір күндік өмірінен сыр шертеді.

Жанғазы АХМЕТ

Жуалы ауданы

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here