- Advertisement -

«Күретамыр» – дәстүр мен құндылықтардың сақшысы

2 348

- Advertisement -

Жақында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні, ұлттық салт-дәстүріміздің сақшысына айналған терең ойлы жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бүгінде аталмыш кітап көпшіліктің сұранысын тудырып, қызығушылығын оятуда.
Бұған дейін «Бабалар аманаты», «Шуақты күндер» секілді тағылымға толы бірнеше кітаптарын ойлы оқырмандарына тарту еткен автор 203 беттен тұратын бұл жинағында қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымы туралы толғанады. Шынтуайтында бүгінгі таңда этнографиялық бағыттағы дүниелер көптеп тасқа басылып шығып жатады. Дегенмен онда ұрпақ тәрбиесі, ұлы даланы мекен еткен бабалардың ұстанған дәстүрі мен қағидаттары келешек ұрпақтың қажетіне қаншалықты жарайды? Қаламгерді осы мәселе ойландыратыны сөзсіз.
Сүйегіне сөз қонған Зейнеп Ахметова осынау жинақта баланы қалжалау, шілдехана, тұлым, айдар қою, тұсаукесер секілді байырғы дәстүрлерімізді байыппен саралап, ұлттық құндылығымызға айналған, ежелден келе жатқан ырым-тыйымдардың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына терең бойлайды.
Жаңа кітапта бүгінгі күн мен кешегі өткен дәуірлердің ортақ сабақтастығын қалыптастыру, байырғы кезеңдердегі қазақ пен бүгінгі қазақ қоғамының арасында қандай өзгерістер орын алғаны кеңінен сараланады. Ұлттық кодымызға телінген дәстүрлер жалғастығын қазіргі буын өкілдері қаншалықты орнымен пайдаланып жүр, кем түсіп жатқан жеріміз қайсы, неден ұтып, қандай дүниелерден ұтылып жатырмыз? Қаламгер осы мәселелерге барынша кеңінен тоқталып, кестелі сөз, көркем оймен өз пайымын оқырман жүрегіне орнықтыруды мақсат етеді. Ол миссия әлбетте орындалды деуге негіз де бар.
Зейнеп Ахметованың терең толғаныстарға толы жаңа жинағының бүгінгі жас толқын ұрпаққа берері мол екендігі ешқандай талас тудырмайды. Кешегі қазақ жұртының салмақты болмысын, асыл текті бабалардың аманатын, ұлттық құндылықтармен астасып жатқан ұстанымдарын жазушы көркемдік құрылымын келістіре отырып, өндірте жазып шыққан.
Алаштың ардақты қаламгерінің тың туындысы 2000 данамен шығып отыр. Кітап жеке демеушілердің қолдауы есебінен жарық көруіне байланысты мемлекеттік кітапханалар мен кітап дүкендеріне түспейді екен. Сол себепті жалпы оқырман қауым құнды жинақты тек жеке таратушының қолынан ғана ала алады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support