- Advertisement -

Талғамы анық,бояуы қанық

253

- Advertisement -

Өңірімізде өнерін өмірім деп түсініп, жаратылыстың сан қырлы сұлбасын, сартап дала, жусанды қырды, аспанмен астасқан асқақ Алатауды, көл мен шөлді, жалпы дала пейзажын сурет тілінде сөйлеткен жандар аз емес. Суретшілік өнердің ләззаты мен азабы қатар жүреді. Картинаңа жан бітіру жолында алай-дүлей күй кешетінің де анық. Қылқалам құдіретімен қанаттанып, суретшіліктің азап-мехнатына төзіп, әр туындысын туған баласындай әлдилеп жүргендердің бірі – Алтыбай Орманов.

1960 жылы Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген Алтыбайдың бала күнгі арманы кәсіби суретші болу еді. Алайда мектеп бітірген соң 1977 жылы КазПИ-дің көркем графика факультетіне құжат тапсырып, оқуға түсе алмай, ауылға ұнжырғасы түсіп қайтқаны оның әлі күнге есінде. Сол сәтсіздік жасөспірім Алтыбайдың шабытын қайрап, намысын жани түскені сөзсіз. Бойдағы жастық жігерінен қуат алған талантты жас қолына қылқаламды мықтап ұстап, арманға жету жолында жанкештілік танытты.
Сол бір кездері оқудан жолы болмаған Алтыбай азаматтық борышын өтеу үшін Кеңес әскерлері қатарына шақырылады. Екі жыл әскер қатарында жүріп, шыңдалған өнер иесі ауылға келген соң аудандық суретшілер шеберханасына қатардағы суретші болып жұмысқа орналасты. Осында жүріп өнердің қыр-сырына бойлап, өз-өзін шыңдай түседі. Алайда тәуелсіздіктің елең-алаңында аталмыш шеберхана жабылып, ондағы суретшілер жұмыссыз қалады. Алтыбайға да бұл оңай тиген жоқ. Тапсырыс бойынша сурет салып, біреудің мүсінін жасап күн көре бастайды. Әрі-сәрі күй кешіп жүргенде Мойынқұм ауданының сол кездегі әкімі Бағлан Қарашолақов мырзадан алты алаштың алып тұлғасы Абылай ханның мүсінін жасау туралы ұсыныс түседі. «Алғашында жүрексініп, бас тартуға дейін бардым. Шыны керек, жалғыз өзім жұмысты бастағым келген жоқ. Өзіме-өзім сенбедім. Сөйтіп бұрынғы шеберханада бірге жұмыс істеген достарымды көмекке шақырдым. Олар қарсы болмады. Қысқасы Абылай ханның мүсінін Мойынқұм ауылындағы орталық алаңға орнаттық. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ісімізге риза болып, батасын берді. Содан бері менің Мойынқұмдағы шығармашылық жолым басталды», – дейді мүсінші өткен күнге шегініс жасап.
Иә, суретшілік – өнердің төресі. Адам бейнесін айнытпай қағазға түсіруді екінің бірі жасай алмайды. Ол құдіреттің ерекше жандарға сыйлаған сыйы. Алтыбайдың өзі айтқандай, 1990 жылдан бері ол Мойынқұм ауылының гүлденіп, бой түзеуіне біркісідей атсалысып келеді. Өткен жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуына байланысты және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласына орнатылған Керей мен Жәнібек ескерткішінің көшірме нұсқасын жасап, Мойынқұм ауылының кіреберісіне қондырды. Тұғыры биік нысан маңайына ерекше көрік беріп, ауылдың ажарын ашып тұр. Хандардың бейнесін зор ынтамен айшықтаған оның өзге де еңбектері ел назарынан тыс қалған емес. Атап айтар болсақ, 2009 жылы аудан орталығындағы «Даңқ» аллеясының бір шетіне 1941-1945 жылдардағы екінші жаһандық соғысқа арналған монументтің тұрғызылуына үлкен үлес қосты. Онда «Азат етуші солдат» бейнесін барельеф тәсілімен орындап, екінші жағына саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған монумент тақта орналастырылған. Нәубет жылдардың ауыр зардаптарын еске түсіретін бұл нысандар ауыл тұрғындарының ерлікке тағзым ететін қасиетті орнына айналды.
Өз ісін жанындай сүйетін Алтыбай ерінбей еңбек етуге дағдыланған. Қолға алған жұмысын тиянақты етіп орындап шыққанша талмай жұмыс істейді. Өткен жылы Ауған соғысы құрбандарына арналған монументті қабырға тұрғызып, онда Ауған жерінде мерт болған талдыөзектік Қайрат Бөлдешовтің мүсінін сомдап, әскери комиссариаттың қасына орнатыпты.
Игілікті істердің егесі Алтыбайдың аудан орталығы Мойынқұм ауылының гүлденіп, көркеюіне қосқан үлесін санап, тауыса алмайсың. Аудан әкімінің тапсырысы бойынша көптеген плакаттар, үлкен масштабтағы портреттер, Әйтеке, Қазыбек, Төле би сынды ұлы тұлғалардың бейнесін майлы бояумен салып берген. Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің ауласына Халық Қаһарманы Қайраттың бюстін орнатып, елдің алғысын алып, құрметіне бөленді. Қоқан хандығының езгісіне қарсы бас көтерген халықтың хас батыры Биназардың жартылай мүсінін жасады. Ол таяу күндері батыр есімімен аталатын ауылдың көрікті жеріне орнатылмақ.
…Бүгінде Алтыбай Орманов бала күнгі арманының қанатында қалықтап, халқына ту биіктен сырлы суреттері арқылы қуаныш сәулесін себелеген өнер иесі атанды. Оның салған суреттерін немесе сомдаған мүсіндерін көрген жанның жаны жадырап, бір жасап қалары анық.

Тампылбай МОЛДАҚҰЛОВ,
баспасөз ардагері

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support