- Advertisement -

Көлмекөл

170

- Advertisement -

(Эссе)

Өмірдегі бір айқын жай, асқақтаған таулардың да аласарып, айдын көлдердің де суалары, жанартаулардың да сөнері бар. Ақтоғай ауылы маңындағы қос шалқардың да тағдыры осылай аяқталған. Мұны біреу білер, біреу білмес. Бұл жағдайды сол ауылдың тумасы, белгілі сазгер Илья Жақанов та өзінің «Көгілдір көл ме?» деп аталатын жаңа бір әніне арқау етіпті. Бір кезде болған көл, енді жоқ. Оның Көлмекөл аты ел аузында, Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» әнінде де айтылады… Сол тұста қазақ даласын «Қаратаудың басында көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ел-жұртынан айырылған жаман екен, Қара көзден мөлтілдеп жас келеді» деп келетін осы бір шерлі әуен күңіренткен. Күллі елдің қасіретнамасына да айналды ол! Тұтастай бір ұрпақты қынадай қырған осынау «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдар қасіреті ұмытылар ма, сірә!
Он сегізінші ғасырдың 1723 – 25 жылдарында орын алған осынау сұрапыл кезеңде қалмақтың Еже ханы қолдарына бір-бір пілтелі мылтық беріп, он-сан түменін қазақ даласына қаптатқанда, қырда қой бағып қамсыз жатқан, қолында қамшысынан өзге торғай үркітерлік қаруы жоқ қазақ «қара қазан, сары баланың» амандығын ойлап, үдере көшпегенде қайтсін! Сол тұста Арқадағылар біздің шөлейт жақты сағалап, Ақ Жайыққа қарай ағылған секілді. Көнекөз қариялар да он-сан көш осы Көкшенің құмы арқылы өткен деседі. Құмның жолы ауыр. Талай жанның сүйегі қурап, далада қалды. Ең бастысы, жау жасағы тұмсығын батыра алмайды мұнда. Содан да «алыс болса да, жақындау» осы жол таңдалған сыңайлы. Құмның бұралаң жолдарымен кімдер жүрмеген десеңізші!
Бүгінде еліміздің өңірлерінде айтылатын «Елім-ай» әні мәтінінің түрлі нұсқалары бар. Сарысулық шежіреші Нұрлыбай Жәнкел бұл әннің:
Ауылым көшіп барады Көлмекөлге,
Көлмекөл алыс дейді көрмегенге…
Алыс болса Көлмекөл жаяуға алыс,
Ай жарылқап күн туар өлмегенге…
Көлмекөлдің тұсында көш келеді
Көшке ілесіп бір тайлақ бос келеді…
– деп келетін мәтіні есінде сақталғанын айтады. Жау-жарағын сайлап үлгермей, қапыда қалып, сан соққан елдің шерлі, зарлы жүрегін, міне, осы бір жыр емдеген… Сол әнді сыңсыта салатын. Сол әннен жігер-қуат алатын.
Ал Көлмекөлдің азалы жырға арқау болуы жайдан-жай ма? Енді осыған келсек… Білетіндердің айтуынша, сол бір зұлматтың бірден-бір куәсі ол! Оның жағасына ашыққан жұрт «Өлі балық кездесер өлмегенге» деген үмітпен келеді-ау. Оның үстіне оңында «Қалмаққырған», шығысында «Бүркітті», «Хан қосы» сияқты биік дегерездері менмұндалаумен тұратын Қаратау маңындағы осынау ойпаңда айдыны жарқырап, көздей тұнып жататын қос көліңіз қырдың қысаң ұңғысынан шықты ма, әлде қар, жаңбыр суынан пайда болды ма, әйтеуір, Көкшенің құмы тұсынан көз ұшынан көзге ұрып, айрықша сиқырымен баурап, өзіне еліктіре шақырып, мөлдір суы аңқасы кепкен жұрттың алты көштей жерден таңдайына татумен тұрыпты! Көңілдерінде үміт, желік пайда болған жұрт соның өзінде оған екі-үш күншілік жол жүріп әупіріммен жететін көрінеді.
Нұрлыбай қария бұл тұрғыда егіз көлдің бағзы заманнан бері болғанын, бұл аумақты түрікпендердің жайлағанын, қағынан жеріп, құмнан үріккенде, киіктердің шөлбасар суат еткенін де айтады. «Түрікпендеріңіз түстіктің, теріскейдің малын айдап келіп, Саудакентте елге өткеріп, сатуды үйлестірген. Ахмет хан, Құралай қасапшы көлден құс аулап, саят құрып демалған деген де сөз бар, – дейді ол. – Бала кезімде өзім де көріп, куәсі болдым. Алуан гүлмен көмкерілген табиғаты айрықша көркем еді. Айдынында алуан құс жыртылып айырылып жататын. Суы қайтып, табаны құрғамай тұрғанында Көлмекөлге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың да келіп, демалып қайтқаны ел есінен шыға қойған жоқ…».
Бағзы кездердегі ел тартқан қасіреттің көбі ұмытылды. Бүгінде өңір көгені бай, бақуатты тұрмысты елге айналып отыр. «Ақтабан шұбырынды…» сол жылдардан бір белгі қалған болса, ол – «Елім-ай» әні, Көлмекөл тағдыры!
Осы ретте менің де кейде «Көлмекөл» шөлге біткен жалғыз көл ме еді? Арқадан ауған, ашыққан, аңқасы кеуіп шөлдеген жұрттың әупіріммен жеткен «Алқакөл сұламасы» тап осы Көлмекөл емес пе?» деген ойға берілерім бар. Мен де оны көріп, суын ішпегенмін. Кезінде айдынына аққу қонып, аспан көшкен, «Елім-ай» қасіретін бастан кешкен киелі сол бір көліңіз түсіме де енеді.
Рас, көретін көз болса, жақпарлы жартаста кемер судың әлі де ізі бар. Күңірене күрсінген кәрі тау мұнда күн сайын көз жасын тамызып, көл содан құралды ма екен? Бір кездері бұл тұста қария таудың қос жанарындай егіз көлдің болғанын айтсаң, ешкім сенбейді де… Көлмекөл қайда кетті, қайдан келген? Қиын-қыстау кезеңде жан-жақтан талықсып жеткенінде шөл бассын деп, ойран болған елге берген Тәңірдің тарту-сыйы ма, әлде. Көлмекөл сан тараптан әкеп құйған қаймана қазақтың көз жасы ма? Әйтеуір сол бір зұлмат жылдарда Арқадан Ақ Жайыққа үдере көшкен елдің көз жасы Көлмекөлдей болғаны анық.
…Ал бүгін… Көлмекөл баяғыдай айдыны шалқып, алдыңнан шығып қарсы алмайды. Оның сорланып көлтабанда мұңы қалған… Өңірде көл жоқ. Неге? Бұл, әлде елдің көз жасы құрғағандығынан ба екен?

Баймаханбет АХМЕТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support