- Advertisement -

Тараздың етігі талайды тамсандыруда

181

- Advertisement -

Атақты француз драматургы Марсель Ашар «Адам өміріндегі ең маңызды заттар кереуеті мен аяқ киімі: біз не ұйықтаймыз, не жүреміз ғой» депті. Расымен де, әсіресе қыстың қара суығы мен көктемнің жауын-шашынды күндерінде сапалы, ылғал өткізбейтін аяқ киім таңдай білу аса маңызды. Өйткені мамандардың айтуынша, Қытайдан келетін сапасыз аяқ киімдер 12 түрлі ауруға шалдықтырады.
Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Таразда тігілген аяқ киімдер талайды тамсандырып келген болатын. КСРО кезінде «Жамбыл былғары комбинаты» экспортқа 5 миллион жұп аяқ киімге дейін шығарған деседі. Жалпы комбинат іргетасы 1961 жылы қаланған. Ол кезде мұнда 7,5 мың адамға дейін жұмыс істеген. Одан бері көп жыл өтті. Комбинат құлдырауды, қайта жаңғыртуды бастан кешті. Бүгінде Жамбыл былғары комбинатының базасында 2002 жылы ашылған «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС-да 400-ге тарта өз ісінің маманы 700-ге жуық техникамен жұмыс істеуде. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 77 мың теңге. Мұндағы құрылғылардың барлығы дерлік Италия, Чехия, Грекия, Германия, Австрия елдерінен алынған. Жаңа технологиялар өз кезегінде шетелдік өнімдермен бәсекелесуге мүмкіндік беруде. Бұл – ірі және ұсақ мал терісін өңдеуден бастап, тұтынушы қолына тигенге дейінгі барлық ұсақ-түйегі тек өздерінде жасалатын Қазақстандағы жалғыз фабрика. Қазіргі таңда қазақстандық ұлттық, алпауыт компанияларды, әскери бөлімдер мен ел тұрғындарын сапалы аяқ киіммен қамтамасыз етуде. Цехта екі «ДЕСМА» болса, оның біреуінің өзі 8 сағат ішінде 500 жұп аяқ киімнің 80-ге жуық түрін құя алады. Ал қуаттылығына келер болсақ, комбинат жылына 400 мың жұп аяқ киім даярлауға қауқарлы. Бағасы да қолжетімді. Таза теріден жасалған тауарды 7500-14990 теңгеге сатып ала аласыз.
Фабрика аяқ киімдері гидрофобты былғарыдан жасалады. Оның бір ерекшелігі – 6-10 сағатқа дейін ылғал өткізбейді. Бұл – алдымен сарбаздарға таптырмас олжа.
Бас директордың орынбасары Мұхтар Шаюнусовтың айтуынша, комбинат 2009 жылы мемлекет қолдауының арқасында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы тиімді шарттармен несие алып, қайта жаңғыртылады. 2016 жылы фабрика 135 мың, былтыр 157 мың жұп аяқ киім шығарған. Ал биыл алға қойылған меже одан да биік. Жоспар – 200 мың дана.
Фабрика басшылығы болашақта өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл үшін Түркиямен келіссөздер жүргізілуде. Ал ағымдағы жылдың күз айларынан бастап тек ерлер ғана емес, әйелдер мен балалар да Тараздың табиғи, таза тауарын тұтына алады. Әзірге Таразда тігілген топылай, бәтеңке мен етіктер Қырғызстанға экспортталып, еліміздің Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Павлодар, Астана, Қарағанды қалаларында саудалануда.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support