- Advertisement -

Әрбір тасына дейін таныс һәм ыстық

168

- Advertisement -

Отбасымызбен Астанада тұрып жатқанымызға 15 жылдай уақыт болып қалды. Биыл 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған елордамыз көз алдымызда көркейіп, гүлденуде. Еуразия кіндігіндегі ғажайып шаһардың жағырапиялық орналасуы, көркем табиғаты, сәулеттік айшығы тұрғысынан болсын әлемнің айтулы қалаларымен терезе теңестіріп, талайға таңдай қақтырып жүр. Міне, біз осы ғаламат өзгерістердің тікелей куәгері болып жүргенімізді мақтаныш та етеміз.

Жалпы Астананың ауа райына, әсіресе боран-бұрқағы мен аязды суығына етіміз үйреніп кетті десе де болады. Дәп бір осында бағзыдан бері тұрып жатқан секілдіміз. Әрбір тасына дейін таныс һәм ыстық. Өйткені бұл – менің қалам, қазақ елінің бас қаласы, болашақтың қаласы. Былтыр төрткүл дүниені тамсантқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің кереметтерін тамашалауға шетелдерден қонақтар ағылып келгендегі бойымызды кернеген қуаныш пен мақтаныш сезімін жай сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Дүниедегі барлық өзгеріс, жаңалық атаулы ең алдымен алты алаштың жүрегі іспеттес осы қала арқылы өтіп, таралатыны да анық қой. Кейде «Біз астаналықтармыз!» деп жарияға жар салғымыз да келеді. Иә, астана ертегідегі Алпамыс батыр секілді күн санап өсуде. Онымен бірге біз де өсудеміз. Мұнда үш бөлмелі үйім, жеке шеберханам бар. Өзім «Тұран Астана» университетінің дизайнерлік факультетінде студенттерге дәріс беремін. Балаларым да менің жолымды таңдады. Бүгінде қызым Ақмарал дизайнер, ұлым Жүсіп сәулетші болып қызмет етеді. Айтпақшы, осыдан он бес жылдай бұрын туған қаламыз Тараздан Астанаға көшкенімізде, өзіммен бірге інім Ерлан мен Ержанды да ерте келгенмін. Олар да суретшілер. Ағайынды үшеуміз бүгінде елорданың көркіне көрік қосып, көркемдеп, безендіру мақсатындағы тапсырыстар түсіп жатса, оны да бірлесе жүзеге асырамыз. Суретшілік, мүсіншілік һәм сәулеткерлік бір-бірімен байланысты, бірінсіз бірі жоқ кәсіптер екенін ескерсек, Назарқұловтар әулетінің бас қаламыздың ажарын ашып, мәртебесін асқақтатудағы игі жұмыстары өз-өзінен бір сызық бойында тоғысары айтпаса да түсінікті. Бұған жұбайым Сәлима екеуміздің үш немере сүйіп, «ата», «әже» атанып отырғанымызды қосыңыз. Астана тойын біз де қуанышпен, зор жетістіктермен қарсы алатын боламыз.
Ең бастысы, мұнда өзім үшін шығармашылық жақсы орта, ауқымды жоба, идеяларыңды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. 2008 жылы тікелей Елбасының қатысуымен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Астанадағы ғимаратының ашылуы болғаны баршаға мәлім. Осының алдында аталған басылымның шыға бастағанына 90 жыл толуына орай атқарылған, газеттің бүкіл тарихы қамтылған үлкен ауқымды жұмыс – «Ақорда» деп аталатын, көлемі 3х6 метрді құрайтын монументалды картинаны салу ісі маған жүктеліп, айрықша сенім артылған еді. Тапсырысты ойдағыдай орындап шықтым ғой деп ойлаймын. Бүгінде бұл картина газет редакциясы орналасқан ғимараттың бірінші қабатындағы кіреберіс холда менмұндалап тұр. Астана ғимараттарын айшықтау, безендірудегі күрделі ісім, міне, осыдан басталды.
Сондай-ақ Еуразия ұлттық университеті үшін де тапсырыстар орындадым. «Астана – жастар қаласы», «Қасиетті билер елі» деп аталатын монументалды картиналарым бүгінде аталған білім ордасы бас ғимаратының ажарын ашып, атын асқақтатумен тұрғандай. Бас қаланың ажар айшығын арттыруға қосқан басты еңбектерім – осылар. Бұдан өзге де ірілі-уақты тапсырыстар бойынша атқарылған жұмыстар көп-ақ.
Туған қалам Таразды түрлендіруге, түлетуге байланысты да шаһардың бірқатар көрнекті орындарына он шақты кіші нысандар орнатылуына үлесімді қосқанымды жерлестерім жақсы біледі. Әсіресе тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Астана» шағын ауданындағы «Гүлденген Қазақстан» мемориалды кешені еткен еңбек, төккен терімнің арқасында дүниеге келді. Осынау сәулеттік туындының өн бойында бірлік пен бейбітшілік, махаббат, «Мәңгілік Ел» идеясы, басты ұлттық құндылықтарымыз да көрініс тауып, ел рухын асқақтатуға әбден жарап-ақ тұр. Жалпы, монументтің биіктігі – 15, ал ені 6,25 метрді құрайды. Кешен құрылысына жергілікті бюджеттен 104 миллион теңге бөлінген. Бұл ескерткіш нысаны да тараздықтардың көзқуанышына айналып үлгерді. Астанада да, міне, осындай бағыттағы халықаралық тендерлер мен конкурстарға ұдайы атсалысумен келемін.
1991 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесімін. Былтыр мен үшін қуанышты һәм жемісті жыл болды. Атап айтқанда, маған Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі атағы берілді. Осы жылы одақтың «Құрмет» медалін қоса алдым. Мұны көп жылдық еңбегімнің еленіп, бағалануы деп білемін.
Айтпақшы, бүгінде өзім, отбасым тұратын Астана қаласының ажарын ашып, айшығын арттыруға себі тиер деген мақсатпен өз тарапымнан тағы да бір тың жоба ұсынып отырмын. Жобам қала әкімдігі тарапынан қолдау тауып жатса, бұл менің ғана емес, қайда жүрсем де қолдау білдіріп, жанашырлық, тілектестік танытып отыратын тараздықтардың да тартымды табысы болар еді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Еңбегіміз, ізденісіміз халық үшін ғой. Бойымдағы шығармашылық қабілет-қарымымды елордамыздың гүлденіп, көркеюіне талмай жұмсай беруге әзірмін.

Аманат НАЗАРҚҰЛОВ,
суретші-монументалист,
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support