- Advertisement -

Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

166

- Advertisement -

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ел дамуының жаңа мүмкіндіктері мен отандық білім беру ісін ілгерілететін бірнеше мәселені қозғап өтті. Экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басқан уақытта біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертетінін айтты.
Біз білім берудің орта сатысына өзгерістер әкелген жаңартылған мазмұнға көшудің екінші кезеңіне қадам бастық. Нәтижесінде 1,2,5,7-сыныптар жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуда. Оны табысты жүзеге асыруға «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасының тигізіп отырған септігі мол екенін айта кетуіміз керек. Соның нәтижесінде мектебімізде мультимедиалық кабинет ашылып, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар электронды журнал «Kundelik. kz» сайтын қолдануда. Ал бұл өз кезегінде ата-аналардың үйде отырып-ақ балаларының оқу үлгерімін бақылауына мүмкіндік туғызды. Цифрлық технологиялардың енгізілуінің арқасында бұрын мектепте қолмен толтырылған есептер қазір автоматты түрде жасалатын болды. Барлық деректер нақты уақыт режімінде жаңартылып, мұғалімдер «һsmk.edu.kz», «bilimland.kz» сайттарынан әдістемелік көмек алып, өздерінің үздік сабақтарын осы сайттарда жариялап, бір-бірімен тәжірибе алмасуына жол ашылды.
Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс. Ал көп тілді меңгеруге талаптану – жаңашылдыққа ұмтылыстың бір көрінісі. Елбасымыз айтып өткендей, қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша мектебімізде орыс тілі 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптарға жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндері ағылшын тілінде оқытылмақшы. Үш тілде білім беруге дайындық жұмыстары қазірдің өзінде қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, химия пәнінің мұғалімдері Д. Әбуталиева мен И.Авдонкина, биолог Қ.Шметова, информатика пәнінің мұғалімдері Г.Күнбасова мен И.Жүнісжанов Starter, А1, A2 деңгейі бойынша ағылшын тілі курсынан өтті.
Биыл педагогтердің біліктілік санаттары арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін жаңа кестесі енгізілмекші. Категориялар бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беріледі. Бұл қадам педагогтерді өздерін ұдайы жетілдіруге ұмтылдырып, ізденуге ынталандыратын болады.

Болатбек Қыстауов,
№9 В.А.Савва атындағы
орта мектептің директоры

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support