- Advertisement -

Ұлттық рухтың негізі – ұлттың тілі

281

- Advertisement -

Сұлушаш Құрманбекова,
облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің болашағын бағдарлайтын үлкен мақсаттарды, жүгі ауыр міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ Жолдауда қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату, терминология мәселелері жақсы қамтылған. Бұл маңызды құжат еліміздің одан әрі ілгерілеуіне жол ашары сөзсіз.

«2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет. Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2019 жылдан 10, 11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген Жолдаудағы жолдар біздің жұмысымызды одан әрі жандандыруға, атқарылған шаруаларымызды сараптап, жоспарымызды тиянақтап алуға тың мүмкіндіктер әрі жауапкершілік жүктеп отыр.
Осы ретте айта кету керек, былтыр қоғам назарындағы маңызды мәселелердің бірі латын әліпбиіне көшу жайы болғаны сөзсіз. Аталған маңызды оқиға аясында біздің басқарма тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесін кеңінен түсіндіру, насихаттау мақсатында бекітілген желілік кестеге сәйкес облыста 1019 іс-шара өткізілді. Оның 142-сі облыстық, 79-ы қалалық, 798-і аудандық деңгейде ұйымдастырылды. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы қазақ жазуын латын графикасына көшірудің маңыздылығын халық арасында насихаттап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 3 әлеуметтік жоба жариялап, жоба аясында 51 іс-шара өткізді. Жалпы ұйымдастырылған іс-шаралар мен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында 16 мыңға жуық адам қамтылды.
Тіл мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» және «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілердің байқауы өткізілді. Мемлекеттік тілдің беделін арттыру және қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілге сұранысты үстемелеу мақсатында әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 6 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау процесін талқылауға қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесін 2017 жылға қарай 75 пайызға жеткізу көзделген.
Аталған индикаторға қол жеткізу мақсатында барлық аудандарда «Ономастика саласындағы атау берудің жолдары» тақырыбында көшпелі семинар-кеңестер өткізіліп, атау беру, қайта атау жұмыстарына жауап беретін тұлғаларға әдістемелік нұсқаулықтар таратылып, жан-жақты кеңес берілді. 2016 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктерге және нысандарға атау беру мен қайта атау туралы облыстық ономастика комиссиясында 95 ұсыныс қаралып, 71-і мақұлданса, өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған комиссияның 3 отырысы өткізіліп, комиссия отырысында 1 ауылдық округ, 6 елді мекен, 1 саяжай, 237 көшені қайта атау туралы ұсыныстар оң шешімін тапты. Облыстық маңызы бар, Тараз қаласындағы мағынасы ескірген 238 көше мен атауы жоқ 3 шағын ауданды, 25 көшені тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту бойынша ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиясында қаралып, оң қорытынды қабылданса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 8 мектеп пен 1 кітапханаға мемлекет және қоғам, мәдениет қайраткерлері мен Халық Қаһарманының есімдері беріліп, былтыр облыс бойынша 520 жаңа атау мақұлданды.
Көрнекі ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі бағдарламаға сәйкес 2017 жылы 70 пайыз болу керек деп көрсетілсе, осы көрсеткішке қол жеткізу үшін 57 зерделеу рейдтері мен 10 акция өткізілді. 2399 нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде белгіленген көрсеткіш 15 пайызға артық орындалып, 85 пайызды құрады.
Сонымен қатар Елбасы осыған дейін де, биылғы Жолдауында да негізге алып отырған көп тілділік жайы да назардан тыс қалған жоқ. Үш тілді меңгерген жастар арасында «Тілдарын» олимпиадасы, қазақ тілін меңгерген этнос жастары арасында «Тіл – парасат» облыстық байқауы және «Көп тіл білу – басты міндет» атты полиглоттар форумы, «Мен көп тіл білемін» атты жаппай акция өткізілді. Өткен жылғы мәлімет бойынша өңірде барлығы 300 полиглот болса, оның 220-сы үш тілді, 73-і төрт тілді, 7-еуі 5-7 тілге дейін меңгерген. Оның ішінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 21 полиглот болса, соның 6-ауы 5 тілден артық меңгергендер екендігін атап көрсеткен жөн. Сондай-ақ өңірдегі жоғары оқу орындарында 279 студент ағылшын-қытай тілдерін оқыса, 176 студент ағылшын-түрік, 156 студент ағылшын-кәріс, 120 студент ағылшын-неміс, 77 студент ағылшын-француз, 13 студент ағылшын-араб тілдерін, барлығы 821 студент екі тіл үйренуде. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы дарынды полиглот ұл-қыздарды өзге жастарымызға үлгі ете отырып, көп тілді меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатындағы жұмыстарын биылғы жылы да жалғастыратын болады.
Басқарма тарапынан өткен жылы этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқыту мәселесіне де үлкен көңіл бөліп, этнос өкілдерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар өткізді. Облыстағы этномәдени бірлестіктер жанындағы ана тілдерін үйрету курстарына 2157 адам қамтылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту мақсатында басқарма жариялаған әлеуметтік жоба аясында «Тіл дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі жексенбілік мектептер ұйымдастырып, этностарға мемлекеттік тілмен қатар неміс, қытай, түрік, кәріс тілдерін ана тілі ретінде оқыту курстарын қолға алды.
Жақында тұсауы кесілген «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында Ұлт Көшбасшысы «Қазақ тілі – қазақ ұлтының мәдени тұтастығының қайнар көзі. Ғасырлар бойы солай болған, болашақта да солай бола береді» деген еді. Олай болса, өңірімізде тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу – абыройлы міндетіміз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support