- Advertisement -

Орта ғасырлардан жеткен сый

240

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуге айрықша мән берілді. Оның ішінде ежелгі ескерткіштер мен кесенелер, көне қорымдар мен киелі мекендердің халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін қалаудағы маңызы атап көрсетілген еді. Мұндай көне тарих іздері Қордай жерінде де баршылық. Солардың бірі – ортағасырлық Қордай қалашығының орнындағы қазба жұмыстарының жай-жапсарына бұған дейін арнайы тоқталған болсақ («Ақ жол», 25 қыркүйек, 2017 жыл), бүгінгі айтпағымыз Сортөбе ауылдық округі аумағындағы ортағасырлық кірпіш күйдіретін пеш туралы болмақ.

Егер аудан орталығының тап іргесінен Қордай қалашығының орны 1937 жылдан зерттеле бастаған болса, ауданның екінші бір қиырындағы кірпіш күйдіретін пешті ғалымдар осыдан екі жыл бұрын ғана анықтап, ғылыми айналымға енгізді. Қарақоңыз өзенінің Шу өзеніне келіп құятын сағасында Сеңгір аталатын ұлан-ғайыр жеміс бағы бар болатын. Жылдар өткен сайын ол жердің ағаштары аяусыз жұлынып, орны тегістеліп, егістікке айналып барады. Отыз жыл бұрын су қоймасының салынып өзен суы басынан байлануына байланысты, Қарақоңыз өзенінің табаны да қазір тастақты тақырға айналған. Міне, сол Сеңгірдің бұрынғы өзен жағасында айналасында күйген кірпіш қалдықтары шашылып жатқан төбешік болатын еді, соны археологтар 2015 жылы қазып байқағанда кірпіш күйдіретін көне өндіріс орны табылған. Осындай ежелгі және ортағасырлық пештердің дені су көздеріне жақын жерден салынатын болған. Өйткені саз шикізатын алу мен оны араластырып илейтін судың да жақын болуын сол кездегі көзешілер де дұрыс болжаса керек.
Қазба жұмысына қатысқан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері Ералы Ақымбектің сипаттамасына қарағанда, пештің батыс бөлігін өзен суы толығымен шайып кетсе, қалған бөлігінің топырағы техниканың көмегімен алынып, ескерткіштің шығыс жағындағы егіс алқабына тыңайтқыш ретінде қолданылған. Өйткені топырақ алынған шығыс бөлігінен пақса (соқпа саз) мен қам кірпіштен қаланған қабырғалары техника шөміші тісінің орындарынан көрінеді. Бүгінгі күнге аман жеткені ұзындығы алты, ені үш, биіктігі де үш метрдей жартылай төбешіктің астынан аршып алынған пештің оттық камерасы, оның да шығыс қабырғасының төрт тарапты негізі ғана. Күмбездер арасын ауа жүретін қуыстар бөліп тұрғаны анық көрінеді. Пеш қабырғасын жоғары температурада балқыған екі сантиметрдей қара жасыл түсті шлак жапқандығы оның ұзақ уақыт пайдаланылғанының дәлелі. Оттық камерасының табанында қалыңдығы 10-15 сантиметр күл қабаты қатталған. Пештің оттық камерасының оңтүстік камерасының беті сыланбаған. Кірпіштер негізінен жалпағынан қаланса, жарты метр биіктікте бірқатар кірпіш қаландысы тігінен, сәл ғана қиғаш етіп қаланғаны анық байқалады. Пешке қазба жүргізу кезінде маңайынан жинап алынған қыш кірпіштердің өлшемі 14,5–15 х 4,5–5 сантиметр көлемінде болған. Сонымен қатар керамика сынықтары да табылған. Оның құрамы слюда және қызғылт түсті құм араластырылып, жақсы иленіп, арнайы шырақта жасалған. Саусақ ізі түскен жерін бойлай сынған қыш бұйымның күйдірілуі бірқалыпты. Бұдан ХII-XIII ғасырларға тән бұл пеште қыш кірпіштермен қатар керамика бұйымдары да күйдірілген бірегей өндіріс жұмыс істеген деген ой түюге болады.
Сортөбедегі пешті ғалымдар еліміздегі көне Сарайшық, Отырар, Құйрықтөбе және Жайық қалаларынан табылған орта ғасырлық кірпіш күйдіретін пештердің қатарына жатқызады. Бірақ көне заманнан жеткен бұл мұраның қазіргі ахуалы алаңдатады. Бұған дейін топырақ жапқан төбешік астында сақталып келген болса, археологиялық қазба кезінде аршылған пештің қалдығы жаңбыр мен желдің өтінде уақыт өткен сайын мүжіліп барады. Көне ескерткіштерді қорғау талабымен оның үстіне шатырлап қалқа тұрғызып, болашаққа аманаттау – парыз.

Құрманбек Әлімжан,
журналист

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support