- Advertisement -

Бапкер кетті, «Астана» жеңді

111

- Advertisement -

ВТБ бірыңғай лигасында өнер көрсетіп жатқан «Астана» баскетбол клубы ұзақ уақыттан бері жеңіске жете алмай, жанкүйерлерін әбден титықтатқан болатын. Жеңілістен көз ашпаған «Астана» командасы бас бапкер Костас Флеваркис қызметінен кеткеннен кейінгі алғашқы ойынында жақсы нәтиже көрсетті.
Латвиялық «ВЭФ» командасын қабылдаған отандастарымыз ойын басталған сәттен бастап ұпай қорын молайта түсуге тырысты. Нәтижесінде қазақстандық команда алғашқы ширекте басымдылық таныта білді. «Астананың» ойыны алғашқы кезеңдегі жеңістен кейін бір қалыпқа келгендей әсер қалдырды. Екінші он минуттықта да қазақстандық команданың ойыншылары белсенділік танытып, ұпай айырмашылығын арттыра түсті. Ал үшінші ширекте қонақтар барынша жақсы ойын өрнегін көрсетіп, елордалық клубты әбден әбігерге салды. Олар осы кезеңде қалайда айласын асыру арқылы ойынды құтқаруға тырысты. Әйткенмен «Астана» командасының баскетболшылары төртінші кезеңде көптен күткен жеңісті уыстан сусытпай, жарқын мәнерде ойнады. Нәтижесінде «Астана» 67:53 есебімен басым түсіп, алдағы сәтсіздіктерге нүкте қойды.
Бүгін «Астана» баскетбол клубы Саратовта жергілікті «Автодор» командасына қарсы кезекті ойынын өткізеді. Елордалық ұжымға енді қалған кездесулерде қалайда жеңіске жету керек-ақ. Әйтпесе келесі кезеңдердің ауылы алыстай түседі. Әр ойыннан максималды ұпай алуға тырыспаса, қазақстандық команда жарысты ерте аяқтауы ықтимал. «ВЕФ» баскетболшыларынан айласын асырып қанаттанған елордалықтарға сәттілік тілейміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support