АҚШ-пен әріптестік тамыры тереңдей түсті

0
75

Мұхиттың арғы жағындағы азуын айға білеген мемлекетпен жер-жаһанда санаспайтын ел кемде-кем. Әлемдік деңгейдегі оқиғалардың бел ортасында АҚШ болса, ол жиынның айтары да салмақты, беделі де биік. Дүниежүзілік қайсыбір саяси ахуалдың шешілер тұсында көп көшбасшының Тынық мұхит жаққа бір көз тігіп, құлақ түретіні де заңдылыққа айналғалы қашан. Мықтымен жолдас болғанның мұртын балта шаппайтын заманда, сондай алпауытпен терезесі тең деңгейде пікірлесіп, сыйласқанымыз қуантады. Күні кеше мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйге ат басын бұрып, екі ел арасындағы достықтың іргесін нықтап қайтты.

АҚШ айбарлыдан төменшіктеп, асқақтағаннан аласаратын мемлекет емес. Ресми сапармен барған Қазақстан басшысын Дональд Трамптың зор салтанатпен қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетуін еліміздің әлемдік аренадағы беделін айқындай түсері анық. Мұнда Елбасының сыртқы саясаттағы сарабдал ұстанымы маңызды рөл сомдайтындығын да айта кеткен абзал. Сондықтан ғой, Ақ үй қожайынының Twitter желісіндегі парақшасына мемлекетіміздің басшысын күтіп алған сәтінің видеосын жариялап, «Ақ үйде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты күтіп алу – мен үшін мәртебе», деп жазғаны. Осы рәсімнен соң Елбасы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Енді екі ел басшыларының келіссөздеріне көшсек, онда қос тарап арасындағы сауда-экономикалық мәселелерден бөлек, Орта Азиядағы қауіпсіздік, Ауғанстандағы тұрақсыздық төңірегінде де сөз болды. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге ұсыныс білдіріп, шақырғаны үшін Дональд Трампқа алғысын білдіріп, АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтынымызды жеткізді. Содан кейін Ақ үй басшысын президенттік қызметінің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктерімен құттықтады.
«Қазақстан – АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым ‒ соның айғағы», – деді Елбасы.
Д.Трамп болса АҚШ тарапының Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сапаға көтеріліп отыр. Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізген АҚШ Президенті «Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіздің еліңіз үшін жасаған ісіңіз, шынында да, тамаша», – деді.
Журналистерге арналған брифингпен жалғасқан басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев осы сапары қос тараптың қарым-қатынасын екі елдің игілігіне айналар кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретіндігіне сенім білдірді. «Бүгін Астана мен Вашингтонның өзара қарым-қатынасының жаңа дәуіріне бастама болатын бірлескен саяси мәлімдеме қабылдаймыз», дей келе Елбасы АҚШ-қа Орталық Азиядағы бес мемлекеттің атынан келіп отырғанын айтты. Мемлекет басшысының пайымынша, қазіргі уақытта Орталық Азияға алпауыт мемлекеттердің қызығушылығы зор. Солтүстікте – Ресей, шығыста – Қытай, оңтүстікте ислам әлемімен шектесіп жатыр. Бұл ретте АҚШ-тың «С5+1» форматына қатысуы өте маңызды.
Жиында Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынастағы экономикалық байланыстың маңызын да әңгімеледі. Оның сөзінше, еліміздегі америкалық компаниялар экономикамызға 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнын ашқан. Қазақстанға келетін АҚШ азаматтарына визасыз режім енгізілген. Елбасы осындай қадамды АҚШ тарапынан күтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылмақ.
Сөзін Қазақстан басшысына алғыс айтудан бастаған Д.Трамп біздің елімізді Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде танитынын айтты. «Біз алдағы уақытта Қазақстанға салынатын инвестиция көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе энергетика секторына маңыз беру жоспарда бар. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз алға жылжып келеді. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүріп жатыр», деген АҚШ президенті екі арадағы әріптестіктің Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығайғанын атап өтті.
Мемлекет басшылары сапар қорытындысы бойынша кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда ХХІ ғасырдағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері қамтылған. Президенттің сапары «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен, АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перримен және іскер топтар өкілдерімен кездесумен жалғасты.

Асхат Райқұл

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here