- Advertisement -

Транзиттік тасымал – табыс кепілі

287

- Advertisement -

Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауы ел өміріндегі айрықша құжат саналады. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауды ескі жүйеден арылудың жаңа жолы деп түсіну қажет. Аса күрделі әлемдік, саяси-әлеуметтік жағдайлар тұсында жарияланған бұл құнды құжаттың мән-маңызын әрбір қазақстандық жіті түсініп, алдағы мақсаттарға патриоттық жауапкершілікпен нық қадамдар жасауға тиіс. Осы орайда, жаңа Жолдауды халыққа тереңірек түсіндіру жұмысына теміржолшылар да атсалысып, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жайын талқылау мақсатында арнайы жиын өткізді.

Жиында «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының президенті Оралхан Кулаков облыс орталығына келіп, жамбылдық болат жол бапкерлерінің басын қосты. Сондай-ақ аталмыш кездесуге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бірқатар қызметкерлері де арнайы келіп қатысты. Басқосуды «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» АҚ облыстық бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов ашып, жүргізіп отырды.
Оралхан Райханұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2016 жылмен салыстырғанда компанияның бірқатар биік межелерді бағындырғанын атап өтті. Жүк тасымалдаудан түскен табыс жоспардан артық орындалыпты. «Көптеген қиындықтарға қарамастан, өткен жылы соңғы 15 жылдағы ең үлкен көрсеткіштерге қол жеткіздік», – деді ол.
Жолдаудың маңыздылығына кеңірек тоқталған баяндамашы Елбасы өзінің соңғы жылдардағы Жолдауларында көліктік логистикаға айрықша мән беріп келе жатқанын атап өтті. Осылайша ол биылғы Жолдаудағы міндеттерге жеке-жеке тоқталып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өндірістік үдерістерді цифрлау бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті.
«Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» атты төртінші міндет аясында Қазақстан арқылы 2017 жылы жүк транзиті 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтаса, 2020 жылы транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 5 миллиард долларға жеткізу міндеттелген. Бұл ретте Оралхан Кулаков осы міндетті орындау бойынша компания транзиттік тасымалдауды арттыру жұмыстарын 4 басты бағыт бойынша жалғастыратынын, бүгінде компания Қытайдың 17 провинциясында, Вьетнам, Еуропада жұмыс істеп жатқанын және өз географиясын бұдан әрі де ұлғайта беретінін сөз етті.
– Жүк тасымалын көбейту мақсатында ел ішіндегі және шетелдердегі негізгі жүк айналымының орталықтарында транспорттық-логистикалық орталық жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасын табады. 2018 жылы компания транзиттік жүк тасымалын 17 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Біз «Қытай–Еуропа» бағытындағы транзитті-контейнерлі пойыздардың Қазақстан аумағынан өту жылдамдығын арттыру бойынша жұмысты күшейтеміз. Яғни жылдамдықты тәулігіне 1150 шақырымға арттырмақпыз. Транзитті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 317 шақырымға күрделі жөндеу жүргізсек, биылғы меже 868 шақырым болып тұр. Транзит үшін бастысы – жылдамдық, жүктің сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді баяндамашы.
Жолаушылар тасымалында да біршама ілгері басушылық бар. Компания вокзалдарда және пойыздарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын да жетілдіру үстінде.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support