- Advertisement -

Үздік отыздыққа бастайтын он міндет

142

- Advertisement -

DSC_2495

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – қазіргі сын тегеуріндерге қарсы іс-қимылдардың нақты жоспары. ал 10 негізгі міндет сол межеге жетуді жеделдетеді. Бұған дейін талай сыннан сүрінбей өткен тәуелсіз еліміздің алдағы ұстанар бағыты мен бағдарын Елбасы жан-жақты көрсетіп берді. Бұл міндеттер облыста қалай жүзеге асады? Президент Жолдауын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын тұрғындарға түсіндіру үшін құрылған ақпараттық топ аудан жұртшылығына осыны жеткізуде.

Жиында жарыссөзге шыққан «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Қасымхан Қанаев, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-ның бас директоры Мырзабай Бекназаров, Гродеково орта мектебі химия пәнінің мұғалімі Венера Рахымбердиева Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты пікірлерін ортаға салды. Жиналысты қорытындылаған Ерқанат Манжуов барлық күш Жолдауда айтылған басым бағыттарды жүзеге асыруға жұмылдырылатынын айтты.

• ЖАМБЫЛ

Он бір жоба іске аспақ

Елді өрлеуге бастаған, Қазақстанның халқын ортақ мақсат жолында жұмылдырған Жолдаудың негізгі 10 бағытын жүзеге асыру жолдарын саралаған аудан активінің жиналысына ақпараттық топ жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Онда аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы баяндама жасап, өндірістегі өркенді істерге кеңірек тоқталды.
Оның айтуынша, былтыр кәсіпорындарда өндірілген өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Оған «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Кнауф Гипс Тараз», «БиномСтройДеталь», «СуперФарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосқан үлесі қомақты. Алдағы уақытта бюджет қаражаты есебінен 5, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен.
Ауданда агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру үшін ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жылыжайлар саны мен оларда өсірілген өнімнің артуы – соның жемісі. Биыл ауыл шаруашылығы бойынша 14 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр екен. Оның ішінде фермерлік үлгідегі жылыжай кешенін салу, интенсивті алма бағының көлемін көбейту, тамшылатып суару технологиясын енгізу, лизинг жүйесі арқылы техника сатып алу, тауарлы-сүт фермасын, құрама жем зауытын, жеміс-жидек қоймасын, мал бордақылау алаңын салу жобалары бар.
Жолдаудан туындаған жаңа міндеттерге сай аудан аумағында ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін арттыру көзделіп отырған көрінеді. Ал тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту негізінде шешімін таппақ. Аудан әкімінің орынбасары өз баяндамасында білім беру үдерісін жетілдіру мақсатында қолға алынатын шараларды, жекеменшік балабақшалар ашу, үш тілде оқытуға көшуге дайындық, робототехника кабинеттерін жабдықтау, интернет жылдамдығын жоғарылату, мектептерді интерактивті құрылғылармен жабдықтау мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Сонымен қатар Бас құжатта көрініс тапқан басқа да тапсырмалардың қалай жүзеге асырылатынын айтып өтті.

• САРЫСУ

Өркенді өзгерістерге бастайтын құжат

Елбасы Жолдауындағы өнеркәсіптік революция кезеңіндегі өндірісті дамытуға жол ашатын мүмкіндіктермен танысқалы сарысулықтардың көңілі тоқ. Себебі ауданға инвестиция салатын «ЕуроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені секілді ірі кәсіпорындар бар. Әрине, егер осы өндіріс орындарының қуаты артып, жаңа жұмыс орындары ашылса, тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы тұрақтала түседі.
Аудан активімен өткен жиында осы мәселелер сөз болды. Оған облыстық ақпараттық топ жетекшісі, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мақсат Ахаев және бірнеше ақпараттық топ мүшелері қатысты.
Елбасы Жолдауында басымдық берілген 10 негізгі міндеттер аясында атқарылатын жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей баяндама жасады.
Баяндамашы аудандағы ауыл шаруашылық саласын жаңа технологияға көшіру бағытында қолға алынған шаралар және адами капиталдың жаңа сапасын қалыптастыру міндеттеріне тоқталып, «Ақылды қалалар» жобасы туралы айтып өтті. Бұдан кейін облыстық ақпараттық топ жетекшісі, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген Елбасы Жолдауының 10 басым бағытының дамуға серпін беретін мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады.
Жиында «Қаратау» тау-кен өңдеу кеніші техникалық бөлімінің басшысы Радий Забиров өндіріске жаңа технологияларды енгізудің еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізіп отырғанын тілге тиек етті. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мақсат Ахаев ресурстық әлеуетті пайдаланудың тиімділігін арттыру жолдарын айтып өтті. «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС филиалының директоры Болат Кәрімов Президент Жолдауының оныншы міндеті, яғни «Ақылды қала» жобасына қатысты өз ойын ортаға салып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігін баяндады.
Актив жиынын аудан әкімі Балабек Нарбаев қорытындылап, Елбасының Жолдауын жүзеге асыру үшін ауызбіршілік қажет екенін еске салды.

• Т.РЫСҚҰЛОВ

Өрлеу қадамдары
қарышты

Облыстық ақпараттық топ мүшелері сейсенбі күні Құлан ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, Елбасы Жолдауында нақтыланған дамудың жаңа мүмкіндіктерін іске асыру жолдарын саралады. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі Асқар Қырықбаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиында баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов он негізгі міндетке тоқталып, алдағы жоспарланған шаралармен бөлісті. Бұдан кейін жарыссөзге шыққан «Құлан-Дән» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Рахманәлі Әбдіқадыров, Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Жұмакүл Бүкірова, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұхтар Ботабаев және аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова Жолдау жүктеген міндеттердің әр саланың ісіне серпін беретінін айтып өтті.
Актив жиынында облыстық ақпараттық топтың мүшесі, облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов сөз сөйлеп, Президент өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызуды тапсырғанын айтып, аудандағы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева Жолдаудың жұртты жұмылдыратын, біртұтастыққа үндейтін міндеттеріне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асқар Қырықбаев Жолдау міндеттерін тұрғындарға кеңінен түсіндіретін ақпараттық топ жергілікті жерде құрылғанын мәлімдеді. Осы жиыннан кейін ақпараттық топ мүшелерінің сапары Луговой, Қарақыстақ, Абай, Көкдөнен және Көгершін ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

• ЖУАЛЫ

Тұрғындар өркендеу мүмкіндігінің көптігіне қуанады

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жолдарын нақтылаған актив жиналысы өтті. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жүргізген жиынға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жастар ұйымының жетекшілері қатысты.
Жиында баяндама жасаған аудан әкімі Жуалыда салынған Орта Азиядағы ірі күн электр стансасының жұмысына ерекше тоқталды. «Жасыл экономиканы» дамытуды көздейтін стансада алдағы уақытта өндіріс қуатын арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан кейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева жұртшылықты Жолдаудан туындайтын міндеттердің қалай іске асырылатынынан хабардар етті. Жарыссөзге шыққан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, жеке кәсіпкер, «Бурное» сүт компаниясының басшысы Әбдібек Пошқаев және Орджоникидзе атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры Эльмира Әбішева өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтып, жуалылықтар Жолдауда айтылған міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

• БАЙЗАҚ

Даму жолы айқын

Әл-Фараби атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен актив жиынында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді іске асыру жолдары сөз болды. Жиналысты аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев жүргізіп отырды.
Жолдау жүктеген міндеттерге жеке-жеке тоқталып, баяндама жасаған аудан әкімі алдағы атқарылатын жұмыстың жоспарларын тілге тиек етті. Өндірістегі еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы қолға алынған шараларға тоқталды. Он негізгі міндетті іске асыру жолдарын баяндады.
Жиында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, облыстық ақпараттық топтың жетекшісі Мақсұт Нәлібаев Жолдаудағы заң үстемдік құрғанда нәтижелі бола түсетін жемқорлықпен күрес шараларына көбірек тоқталды. Ал жарыссөзге шыққан аудандық шаруашылық және фермерлер одағының төрағасы Шахайхан Асанов, «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Дарын Әбдіжапаров, Сарыкемер мектеп-гимназиясының директоры Мұхит Нәметқұлов, аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Мамырбаева, аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақов, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Арман Дауренбеков Елбасы Жолдауы әр саланың өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын айтып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында аудан басшысы Р.Рахманбердиев Жолдаудың негізгі басымдықтарын жүзеге асыру бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

• ҚОРДАЙ

Цифрлық дәуір келді

Еліміздің саяси-қоғамдық өмірінде маңызы ерекше Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру жолдарын көпшілікке жеткізу үшін Қордай жеріне келген облыстық ақпараттық топ аудан активімен кездесіп, жиын өткізді. Оған аудан әкімі Болатбек Байтөле төрағалық етті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер турасында баяндай келе, Жолдауда көрсетілген 10 басымдықты іске асыру жолдарына тоқталды. Жарыссөзге жазылған «Қарасу-Өтеген» кооперативі төрағасының орынбасары С.Қиялов, «Камшат-Асель» ЖШС-ның басшысы А.Баймұханов, «Интенсив Білім» ЖШС-ның директоры В.Ромащенко, қоғамдық кеңес төрайымы Б.Қарамолдаева, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері З.Қадырбекова Жолдауда айтылған негізгі бағыттарды нақты мысалдармен кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ Жолдаудың мемлекетімізді дамудың жаңа белестеріне бастайтынын, жаңа «цифрлық дәуірге» жол ашылатынына сенім білдірді. Елбасы айқындаған міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырды.
Жиынға қатысушылар Президент нақтылаған тапсырмаларды орындауда аянбай тер төгіп, сала мамандары сенім үдесінен шығуға атсалысатындарын жеткізді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Марат ДИХАНБАЙ,
Есен ӨТЕУЛИЕВ,
Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Еркін ҚАТБЕКОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support