- Advertisement -

Адами капиталдың сапасы білім деңгейіне тәуелді

257

- Advertisement -

сарыбеков

Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ғылыми қауымдастық арасында аса үлкен серпіліс туғызды. Білім және ғылым қызметкерлері әр жылы Елбасымыздың Жолдауы жарияланарда Президент бұл жолы қандай жаңа стратегиялық бағыттарды айқындайды деп асыға күтетіні анық. Биыл біздің үмітіміз толық орындалып, Елбасы адами капитал сапасын жақсарту мәселесін жетінші стратегиялық міндетте толық қамтып өтті.
Адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы негізгі факторлардың бірі. Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі адами капиталға салынған инвестицияның болашақта мол табыс әкелетіндігін дәлелдеп отыр. Жалпы, әлемдік банк көрсеткіштеріне қарап, көптеген елдің ұлттық байлығында адам капиталының алатын үлесі жоғары екенін көруге болады. Мысалы, әлемнің 192 мемлекетінің ұлттық байлығындағы жеке капиталдың үлесі – 16, табиғи ресурстар – 20, ал адами капитал – 64 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 76 пайызға тең. Ал 2017 жылғы мәлімет бойынша 186 мемлекет ішінде адам дамуының индексі жөнінен Қазақстан 56-шы орынды иеленді.
Адами капиталдың сапасы білім беру деңгейіне тәуелді. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қажет. Әлем соңғы онжылдықта цифрлық технологияға негізделген жаңа типтегі экономикаға көшуде. Себебі, ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация – бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық өзгерістің негізгі факторы.
Білім қызметкерлері арасындағы байланысты оңтайландыру үшін принципті жаңа ақпараттық-білім беру алаңын құруда «Цифрлық университет» тұжырымдамасына көшу – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бастамасы. Жақында ғана Цифрлық университет» жобасының алғашқы қадамы саналатын студенттерге қызмет көрсету орталығының ашылуы – соның дәлелі. Жалпы оқу барысында студенттерге 15 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетіні белгілі. Міне, сол қызметтерді біздің студенттеріміз енді электрондық форматта «бір терезеден» ала алады.
Кешендік цифрлау қызметі – университеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы біз студенттер үшін сапалы білім алу мүмкіндігін жоғарылатып, сұраныстарын қанағаттандыру деңгейін арттырып, жемқорлық қаупін төмендетуге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарын, трансұлттық корпорацияларды тарту арқылы цифрлық экономика үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертіп, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік берілуде.
Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Португалия мемлекетінің Браганса политехникалық институтымен «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бірлескен білім беру магистрлік бағдарламасын әзірлеуді табысты аяқтап отыр. Бағдарлама жаңаша жоғары технологиялық жабдықтау базасында және жаппай цифрлау форматы кезеңіндегі білім алушыларды дайындаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бүгінде аймақ пен республика үшін өзекті бағыт болып табылатын «Химиялық инженерия» мамандығы бойынша магистранттарға Браганса политехникалық институтымен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы шеңберінде білім алуға мүмкіндік мол.
Елбасы айтқандай, келешекте уақыт ағымымен көптеген мамандықтар еңбек рыногында сұранысқа ие болмай қалады. Сол себепті жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Қазақстанда жоқ сондай мамандықтардың бірі – «Мехатроника». Мехатроника – электротехника, механика, компьютерлік және ақпараттық технологияларды біріктіретін инженерияның жаңа саласы. Бұл сала АҚШ-та, Еуропа мемлекеттерінде аса дамыған. Қазірдің өзінде ЮНЕСКО мәліметі бойынша, ол еңбек рыногында сұранысқа ие 10 мамандықтың қатарына кіріп отыр. Міне, сол «мехатроника» мамандығы Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат бағдарламасы бойынша пилоттық режімде ашылып, бірінші курсқа студенттер қабылданды. Осы мамандық бойынша студенттер алғашқы екі жылды біздің университетте, ал соңғы екі жылды Польша Республикасындағы Люблин политехникалық университетінде жалғастырып, екі мемлекеттің дипломын алатын болады. Республикамызда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы енгізіліп жатқан кезде «мехатроника» ең қажетті мамандықтардың біріне айналады.
Бүгінгі таңда ТарМУ алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындары және халықаралық қорлармен бірлескен жобаларды белсенді жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта Швеция, Финляндия, Италия, Испания, Польша, Франция университеттерімен қатар Erasmus+ Еуроодақтық бағдарламаларының жобасына қатысып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін, сондай-ақ студенттер, магистранттар және қызметкерлердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуды қолға алып отырмыз. Біз үш жыл ішінде Түркиядағы Кастамону университетімен бірге Түркі әлемі туризмінің халықаралық симпозиумының бірлескен ұйымдастырушысы болдық. 2019 жылы ТарМУ-да Түркі әлемі туризмінің V халықаралық симпозиумын өткізу жоспарлануда.
Тараз мемлекеттік университеті Елбасының үш тілде білім беруге көшу тапсырмасын нәтижелі жүзеге асыруда. Бізде 15 мамандық бойынша студенттер көптілді академиялық топтарда білім алады. Мысалы, жастар қазақ тобында оқыса, пәндердің 50 пайызы – ана тілінде, 30 пайызы – ағылшын тілінде, 20 пайызы орыс тілінде оқытылады. Осы бағдарламаның жетістігі «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде айқын көрініп, шет тілдерін жетік меңгерген студенттеріміз волонтерлық қызметті абыроймен атқарды.
Біз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді және «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін университетте «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» атты жобалық офисін аштық. Онда 9 жоба дайындап, облыстық жобалық офисіне ұсындық. Қазір оның алғашқы нәтижелеріне де қол жеткізіп отырмыз. Мысалы, «Әулие ата – киелі мекен» атты тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, экспедиция барысында киелі орындардың географиялық орны, аудандардың этникалық құрамын анықтап, тарихи деректер мен аңыз-әңгімелерді жинадық. Осының негізінде «Жамбыл облысы этностарының» интерактивті-тарихи картасы жасалды, өңіріміздің киелі жерлерінің жаңа туристік маршруттары әзірленіп, географиясы мен картасы жасалды. Сондай-ақ Елбасының №569 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін университеттің профессор-оқытушы құрамы мен қызметкерлеріне, студенттерге үйрету, жаңа орфография мен ережелерін меңгерту, тиімді инновациялық тәсілдермен, заманауи оқу-әдістемелік құралдардың көмегімен сауатты жазу мен оқуға баулу мақсатында «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік» кабинетін ашып, негізгі міндеттерді белгіледік. Келешекте бұл кабинет біздің аймақтағы негізгі үйлестіруші орталыққа айналатынына сенім мол.
Қорыта айтсақ, жоғары оқу орындарында іске асырылып жатқан инновациялық білім беру бағдарламалары ең алдымен, жастардың білім деңгейі мен өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Біздің ғалымдарымыз, профессор–оқытушыларымыз бен студент-жастар Елбасының Жолдауында қойылған міндеттерді нақты іске асыруда өз үлестерін қосатын болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support