Хирургтің күнделігі

7

немесе менің және әріптестерімнің қателігі

Адам үшін денсаулықтан қымбат ешнәрсе жоқ. Өмірден ерте өткен, бірақ қысқа ғұмырында білікті балалар хирургі болған Сұлтанбек Ешмұхамбетұлының өз басынан кешірген оқиғаны сипаттаған мына күнделікті оқыған кезде осыған айқын көз жеткіземіз. Күнделік көшеде көлік қағып кетіп, ауыр жағдайда ауруханаға түскен Мәнсия есімді қыздың азапты халі туралы. Бұдан дәрігерлер, оның ішінде хирургтердің жұмысы қандай күрделі, қатерлі әрі жауапты екенін айқын аңғарамыз. Автор мәртебелі мамандық иелерін білімді, білікті болумен бірге төзімділік, табандылыққа шақырады. Хирургтің күнделігі оқыған адамды бейжай қалдырмасы анық.

Мамыр айының 16-сы күні, түстен кейін көшенің өтуге болмайтын жерінен өтпекші болып, жүгіріп бара жатқан Мәнсияны машина қағып кетіпті. Көрген елдің айтуына қарағанда, жүргізуші кінәлі емес көрінеді. Себебі, Мәнсия жолдың оң жақ шетінде тоқтап тұрған жүк мәшинесінің қалқасынан кенеттен жүгіріп шыға келген. Жүргізуші тежегішті басып үлгергенімен, екпіндеп келіп, қызды сол жағынан қағыпты. Кейін қыздың әкесінің айтуына қарағанда, жүргізуші жолдың осы бөлігінде көрсетілгендей, сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрудің орнына, 50 шақырым жылдамдықпен жүрсе керек. «Егер 40 шақырым жылдамдықпен келе жатса, тежеуішті басып, мәшинесін тоқтатып үлгеретін еді. Сонда қызымды қаққан күннің өзінде, соққы аса қатты болмайтын еді», – дейді. Иә, қалай десек те орны толмас қайғылы оқиғаның себепшісі көше тәртібінің бұзылуы болып тұр. Бұл жерде көше тәртібін қыз да, жүргізуші де бұзған. Қайсысын кінәларсың енді? Айналып келгенде, бәрі көше тәртібінің мәдениетін білмейді деген сөз. Дүниежүзіндегі көше тәртібін сақтамайтын ең тәртіпсіз ел – біздің ел шығар деп ойлаймын. Кейде теледидардан үлгі етіп, АҚШ-тың, Италияның, Жапонияның, Сеулдің, тіпті Сингапурдың орталық қалаларындағы тазалықты, тәртіптілікті көрсетіп жатады. «Осылардан біздің қай жеріміз кем?» деген ойға қаласың? Өз-өзіңнен ұяласың, намысың келеді.
Қағуын қағып кетіп, жарақат алған қызды қашып кетпестен ауруханаға өзі алып келген жүргізуші кінәсі болса да, қанша айтқанмен, санасы да, адамгершілігі де, мейірімі де бар жан болып шықты. Әйтпесе, адам қағып кеткен жүргізушілердің кейбірі «пәле-жаласынан аулақ» деп, «ана байғұс тірі ме, өлі ме» деп те қарамай, қашып кетіп те жатады. Адам қағып кетіп, көмек берместен қашып кететіндер нағыз қорқақтар, қорқаулар, қанішерлер деп білем. Қағып кетті екенсің, ақыл тоқтатып, қолыңнан келгенінше жарақат алған адамға көмегіңді бергенің дұрыс қой. Заң бойынша да, адамгершілік жолы да солай.
Машина қағып кеткен кезде ес-түсінен айырылып қалған қызды жүргізуші дереу біздің экстренді хирургияға алып келді. Баланы тексере келе, былай деп клиникалық диагноз қойған: «Бас сүйек жарақатын алған, миы зақымданған, сол жақ үлкен жіліншік сүйегі морт сынған, іш қуысы ағзаларында жарақат бар, сол жақ бүйрегінен соққы алған, бет-аузының, денесінің сырылған жері көп, жарақат салдарынан екінші дәрежелі шок алған». Шоктан шығару үшін қажетті ем-домын жасаған соң, наркоз беріп, жіліншігінің сынығын орнына түсіріп, гипс салып, емін одан әрі жалғастыру үшін жансақтау бөліміне ауыстырыпты. Сол күні мен кешкі сегізден кейін экстренді хирургия бөлімінде жауапты хирург болдым. Түнгі сағат онның шамасында жансақтау бөліміндегі науқастарға шолу жасап келе жатып, бірінші палатада жатқан қызды көргенім есімде. Жансақтау бөлімінің сол күнгі кезекші дәрігері Толқын Әнуарқызы: «Негізгі кеселі – миы шайқалған, үлкен жіліншігі сынған, шок алған, іш қуысы ағзалары жарақаттанған, сол жақ бүйрегінен соққы алған», – деп тапсырды. «Бірақ зәрінде қазір қан жоқ. Түскен кезде қан болған. Жалпы жағдайы өзгеріссіз, есін жиды», – деп баяндады. Ішін басып көргенімде, жұп-жұмсақ болатын. Тек сол жақ бүйрегін басқанда қыз бет-аузын тыржитып, ауыратынын сездірді. Бірақ қайталап айтайын, жұп-жұмсақ еді. Қуығына қойған түтіктен сап-сары зәр шығып жатқан, қан жоқ. Зәрінің анализінде эритоциттер емес, лейкоциттер көп. «Иә, қыздың сол жақ бүйрегі соғылған, бұрыннан созылмалы қабынуы болуы да мүмкін. Дәл қазір абыржитындай, қорқатындай ештеңе жоқ. Тек динамикасын жіті қадағалап, зәрінің, қанының анализдерін жиі тексеріп отыру керек», – дедім. Содан ол қызды алты күн бойы көрген емеспін. Қайтып көрмеген себебім, біріншіден, алғаш рет көргенде қыздың сол жақ бүйрегі зақымданғанмен, көңілімде анық күдік туғызған жоқ еді. Зәрі сап-сары, тап-таза болатын. Анализінде эритроциттер емес, лейкоциттер басым еді. Бүйірін басқанда сәл ғана ауырсынып тұрған, ондай ауырсыну бүйрек жай жарақат алғанда да бола береді. Екіншіден, емдеп жүрген дәрігері: «Қыздың сол жақ бүйрегі зақымдалған жоқ па екен, көріп беріңізші», – деп менен сұраған емес. Яғни олар да күдіктенбеген. Емдеуші дәрігері де анау-мынау емес, клиникамыздағы тәжірбиелі нейрохирург болатын. Оның үстіне жансақтау бөліміндегі ауруларды күніге таңертең жеке-жеке қарап, әрқайсысының диагнозына, алып жатқан еміне тоқталып, әбден талқылайды. Бірақ мамандардың бір де біреуі алты күн бойы қыздың сол жақ бүйрегі зақымданған деген күдікті пікір айтпаған. Тек ескере кететін бір жайт, қыз түскен күннің ертеңінде Б. С. маған: «Қыздың сол жақ бүйрегінде туа біткен кесел бар ғой деймін, клиникалық белгілеріне қарағанда, сол кеселді бүйрек соққы алғанға ұқсайды», – деген. Мен: «Болса болар», – деп қана қойғанмын. Себебі, түскен кездегі зәрінің анализінде лейкоциттердің көп болуы осыған меңзейтін еді. Өкінішке қарай, Б.С-ның сол күдікті пікірді айтқанымен, реанимацияда жүріп, байқұс қызды қайтадан бірде-бір рет қарамағанына таңғаламын. Күнде шолу кезінде қыздың ішін қарамастан, қаны мен зәр анализдеріне теориялық талдау жасап, қуығынан түтік арқылы ағып жатқан зәрі таза болған соң, «бәрі жақсы болар» деп жүре берсе керек.
Жасалып жатқан емнің түр-түріне және күштілігіне қарамастан, қыздың жағдайы өте ауыр күйінде қала берді. Мезгіл-мезгіл іші ауырады, құсады, іші кебеді. 19 мамыр күні жарақаттар бөлімінің меңгерушісі, сол күні экстренді хирургияда жауапты хирург болған Толқын Әнуарқызы қызды әрі қарап, бері қарап: «Іш қуысы ағзаларының біреуі зақымданған, ішіне қан кетіп жатыр» деген күдікпен ауруды операцияға алады. Диагностикалық микролапротемикс жасайды. Іш қуысынан бос жүрген қан таппайды. Яғни іш қуысы ағзалары зақымданбаған болып шығады. Соған қарамастан, күн өткен сайын науқастың жағдайы нашарлай береді. Дене қызуы 39-40 градустан бір түспейді, іші ауырғаны басылмайды, үлкен дәреті өздігінен жүрмейді, құсады, организмнің белгісіз бір интоксикациясы (улануы) күн өткен сайын үдей түседі.
22 мамыр күні түскі сағат 12:30-да енді тамаққа барайық деп жиналып жатыр едік, бөлімшеге Р.И.Э.келіп кірді. Әдеттегінше: «Амансыңдар ма, жігіттер?» деп, әрқайсымыздың қолымызды алып, амандасып шықты. Содан соң, мұртын бір шиырып қойды да, асықпай орындыққа отырды. Бұл кісінің жай келмегенін сездім. Қандай шаруамен келгенін білгім келіп, бетіне қарап едім: «Сұлтанбек Нұржекеевич, анау жансақтау бөлімінде жатқан қыздың жағдайы нашар!», – деді. Бетіме «не дер екен?» дегендей аңди қарады. Мен ештеңе демеген соң: «Барып көрші. Шара қолданбасаңдар бала өліп қалады», – деді. Салмақты дауыспен қанша білдіргісі келмесе де, бір нәрсеге қобалжып тұрғанын бет-әлпетінен сездім. Өзі өте салмақты, бірбеткей кісі. Хирургтерге тән, анда-санда ашуланып қалатын мінезі де бар. Онда да көп сөйлеп тұрмайды, бір-екі ауыз сөзбен бітіре салады. Көбіне көңілді жүреді.
– Қайсы қыздың? – дедім, қайсы науқас туралы айтып тұрғанын білмей.
– Өткенде сол жақ бүйрегі зақымданған, зақымданбағаны белгісіз боп тұрған қыздың. Меніңше, сол жақ бүйрегінің айналасында ұйыған қан бар-ау деймін. Операция жасамасаңдар жарылады, бүгін тіпті қатты ісініп кетіпті, – деді үрейлі дауыспен.
Есіме түсті. Қыздың жағдайы шынымен-ақ ауыр екенін Р.И. өзі келіп айтып жүргеніне қарап-ақ түсіндім. Анау-мынау нәрсе болса, бұл кісі бүйтіп жүгірмес еді. Дереу барып, көруім керек деп шештім. Тамақ ішіп, ырғалып-жырғалып жүргенде уақыт өте береді, ал ауыр халде жатқан науқас үшін әрбір секунд қымбат…
Қыздың жағдайы расымен де өте ауыр екен. Қойған сұрағыма естілер-естілместей ғана ақырын жауап береді. Аурудың белгілері түгел сол жақ бүйректің зақымданғанын көрсетіп тұр. Сол бүйрегі сыртқа қарай томпайып ісіп кетіпті, іші деп кеуіп тұр. Сол жақ бүйірі қол тигізбей ауырады, әнеукүні бұл суреттің бірі де жоқ болатын. Дене қызуы 39 градус, дәреті өздігінен кетіп жатыр. Зәрі сап-сары, тұп-тұнық. Анализінде эритроциттер көрнекті аймағында 10-15 тал, ал лейкоциттер жоқ. Түскен күннің ертесінде лейкоциттер болған еді ғой. Дереу инфузиялы урография жасаттым. Міне, жұмбақ. Оң жақ бүйрегінде ешқандай өзгеріс жоқ. Сол жақ бүйрегі сәл ғана уақыт кешігіп жұмыс істей бастағанымен, тостағандарының жоғарғы тобы мен ортаңғы тобының жартысы көрініп тұр. Ал төменгі тобы мен астауы және зәраққышы мүлдем көрінбейді. Бірақ бүйректің астына қарайғы жерлерден бұлт тәрізденген көлеңке сұлбасы көрінеді. Бүйректің астыңғы бөлігі бөлшектеніп зақымданғанға ұқсайды.
Егер бүйректің астыңғы жағы ғана зақымданса, онда астауы мен зәраққышы қайда? Неге көрінбейді? Неге қуығынан тап-таза зәр шығып жатыр? Неге қан араласып шықпайды? Көкейде сан сұрақ туды. Сол сұрақтардың бәріне жауап іздеп, біраз ойлануға тура келді. Ақыры зәраққышы астаудан жұлынып кеткен, сондықтан сол жақ бүйрегінің зәрі қуыққа түспейді деген тұжырымға келдім. Қалай болған күнде де, дереу операция жасау керек екеніне көзім жетті. Қандай операция жасалатынын тек операция үстінде тапқан кеселдің түріне қарай анықтайтын болып шештім. Қысқа дайындықтан кейін, кешкі сағат бестерде қызды операцияға алдым. Сол аяғына салынған гипсі аздап ыңғайсыздық туғызса да, қызды оң жағымен, сол жақ бүйрегін үстіне қаратып жатқыздық. Сол жақ бүйірін Федоровтың әдісімен тіле отырып, бүйрек жатқан тұсқа келгенде, бүйрек айналасындағы майының ісініп, қалыңдап кеткенін байқадым. Сәл бассам болды, былқ-былқ етеді. Арғы жағының қанға ма, жоқ зәрге ме, әлде іріңге ме толып тұрғанын анық байқадым. Бүйректің май қабатын тілген сәтте арғы жағынан кәдімгі жанар таудың ұрасынан бұрқылдап шығып жатқан газ тәрізді газ шықпасы бар емес пе? Ә дегенде ішектерінің бір жерін тесіп алған екенмін деп қорқып кеттім. Жайлап тексерсем, жаңағы ауа ішектерден емес, тұп-тура жараның өзінен шығып жатыр екен. «Анаэробты инфекция» деген суық өн бойымды түршіктіріп жіберді. «Анаэробты инфекция» деген өте қауіпті инфекция. Мұндайда жараны іріңдететін микробтар оттегі жоқ, ауа бармайтын жерде өсіп-өнетін микробтар болып саналады. Тілінген жараны сәл ашыңқырап едім, бұрқ етіп, ақшыл сарылау келген қоймалжың ірің шықты. Иісі сондай сасық екен, лоқсып жібере жаздадым. Бүйрегі қып-қызыл қошқыл болып, талаурап кетіпті. Ісініп, үлкейіп кеткендігі соншалық, бүйрегіндегі қуысқа әрең сыйып тұр. Іріңді бактериялық себуге алдым. Егер «анаэробты инфекия» болса, онда ешқандай да микрофлора өсіп шықпайды. Бүйректің жан-жағына ауа толып кетіпті, басқан сайын бұрқ-бұрқ етіп шығып жатыр, шығып жатыр. Ауа еттердің жықпыл-жықпылына дейін сіңіп кеткен, алақаныммен бассам, қар басып келе жатқандай сықыр-сықыр етеді. Гангренаға айнала бастаған. Іріңнің негізгі ошағы бүйректің төменгі жағына орналасқан екен. Рентген суретте көрінген «бұлтқа» сәйкес кеп тұр. Іріңді электр сорғышпен сорып алдым, мөлшері 150 миллиметрдей. Іріңдеген жердің тіндері қап-қара болып, өліеттеніп кетіпті, тиіп кетсең іріп әрең тұр. Дәл сол арадан шетінің жұлма-жұлмасы шығып кеткен зәраққыштың астаудан жұлынып қалған ұшын тауып алдым. Ол да қап-қара болып шіріген. Пинцетпен ұстап көріп ем, ыдырап қолға ілінбейді. Бүйректің айналасына жиналған іріңді сорып, тазалағаннан соң байқасам, бүйрегі де, оның айналасындағы майлы қабығы да, сол арадан өтетін етті қабаттары да, пердесі де қатты қабынып, өліеттеніп кетіпті. Іш пердесінің арғы жағында жатқан ішектерінің буылтық-буылтық болған қабырғалары білінгендей болды. Іш қуысында бос жүрген немесе басқа да бір сұйық затты байқай алмадым. Бүйректің қан тамырлары келіп кіретін қақпасының айналасын тазалап, еркін көрінетіндей еттім. Тамырларының да сыртқы қабықтары қабынып кеткен, сәл тиіп кетсең болды, бұрқ етіп қан шығады. Астауының зәраққыш жұлынып кеткеннен кейін қалған қалдығын тауып алайын деп, әбден әуреге түстім. Астаудың қалдығы мүлдем көрінбейді. Терезеде ілулі тұрған урограммасына тағы бір қарап алдым. Оң жақ бүйрегінің астауы бүйректің ішіне орналасыпты. Әрі кіп-кішкентай екен. Олай болса сол жақ бүйрегінің де астауы оң жағынікі сияқты бүйректің ішіне орналасқан және ол да кішкентай. Зәраққыш жұлынғанда астаудың жартысына дейінгі бөлігін қоса жұлып кетіпті. Ал астаудың қалған түбіртегі тартылып, бүйрек қақпасының ішіне кіріп кеткен. Артынан қанша тырыссам да таба алмадым.
Оның үстіне көмектесіп тұрған көмекшілерімнің де көмектері шамалы болды. Әбден қиналдым. Көмекшілерім экстренді хирургиялық жарақаттар бөлімінің кезекші дәрігері В. С.мен интернатурада оқып жүрген, институтты былтыр ғана бітірген Ұлан. Екеуінің де іш хирургиясынан, оның ішінде урологиялық операциялардан тәжірбиесі жоқ. Қалай көмектесудің ретін білмейді. «Бүйректі артқа қарай, төменгі полюсін көтеріңкіреп ұстаңдар» десем, ұстай алмайды. Ұстаған күннің өзінде қолдарымен менің іс-әрекетіме кедергі келтіреді. Біресе ұстап тұрады да, аяқ астынан жібере салады. «Ой, кешіріңіз, қолдан тайып кетті» деп кешірім сұраған болып, қарап тұрады. Кешірім сұрағандарынан не пайда, бүйректің тамырларын тұп-тура қақпаның айналасындағы жабысқақтары мен тіндерінің өзі де қабынып, әрең тұрған тамырларын байқаусызда кесіп, тесіп, жұлып алмайын деп, бар өнерімді салып, асқан ептілікпен, жайлап босатып жатқанда, олар солқ еткізіп бүйректі жібере салып тұрса… Тамырды жұмсақ пинцетпен енді ұстай бергенде немесе тамырды жібермей тұрған жабысқақты енді кесе бергенде бүйректі жібере салса, тамырды қиып түсуім әбден мүмкін ғой. Ірі тамыр қиылды дегенше, баланы көзді ашып-жұмғанша-ақ жоғалтып аламыз. «Жөндеп ұстасаңдаршы» деймін анда-санда кейіп. Ұрсайын десем, одан әрі сасқалақтап, берекелері кетіп жүрер деп ойладым. Үндемей-ақ қояйын десем, екеуінен де жөнді көмек болмай жатыр. Ақ тер, қара терге түстім. Ойым: тым құрығанда астаудың шет-жағасын тапсам, зәраққыштың шіріген жерін кесіп алып тастап, төмен жағын мүмкіндігінше босатып, астау мен зәраққышты бүйректің паренхимасы арқылы өткізілген түтікшенің үстінен бір-бірімен жалғастырып тіксем деймін. Соның сәті түспей тұрғанын қарашы?! Сол арада: «Қалдарыңыз қалай болып жатыр?», – деп, Құдай айдап, Қуат келе қалды. Алдына ғана бүйректің астауын таба алмастан жаным қиналып тұрған кезде: «Тым құрығанда «көмектесейік пе?» деп, қал-жағдайымызды сұрап, урологтардың біреуі де келмеді-ау» деп ойлағам. Операцияға кетіп бара жатқанымда, Әлияға: «Қазір күрделі операция болайын деп тұр. Келіп-кетіп, жағдайымызды біліп тұрыңдар. Мүмкін көмектерің керек болып қалар», – дегенімде, «жарайды» деген сияқты еді. Ол да тырп етпей қалды. Сағат 18:30 болыпты. Жұмыс уақыты аяқталды. «Мүмкін бәрі үйлеріне кетіп қалған шығар» деп, іштей әлдекімдерге ренжіп, күйініп тұрғанмын. Қуатты көріп, қуанып кеттім.

Сұлтанбек Ешмұхамбетұлы

(Жалғасы бар)

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту