- Advertisement -

Аудандық сот – жаңа ғимаратта

181

- Advertisement -

Жыл басы Жуалы аудандық сотының қызметкерлері үшін жағымды жаңалықпен басталды. ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, облыстық соттың төрағасы Рүстем Мырзакәрім, сот жүйесінің ардагері Құдайберген Үсенбаев аудандық соттың жаңа ғимаратының лентасын салтанатты жағдайда қиды. Аталған шараға облыс бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев, құқық қорғау органдарының жетекшілері, «Нұр Отан» партиясы филиалының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, судьялар мен сала ардагерлері, аудан тұрғындары қатысты.

Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов құттықтау сөзінде мемлекеттің сот билігінің өркендеуіне аса көңіл бөліп отырғандығын айтты. «Мемлекет басшы­сының судьялардың VІ республикалық съезіндегі тапсырмаларын орындау барысында, соттардың инфрақұрылымдарын нығайту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта сот ғимараттарының типтік жоспары бекітіліп, оның құрылысында инженерлік-коммуникациялық жүйесінің жабдықталуына, қолайлылығына баса мән берілетін болып келісілді. Жуалы аудандық сотының жаңа ғимараты осындай талапқа сай нысандардың бірі», – деді ол. Сонымен қатар көптеген азаматтардың сот жүйесімен байланысуына тура келетін жағдайлар болатындығын атап өтіп, былай деді: «Олар үшін сот әділеттікке жетудің соңғы үміті. Сондықтан сот ғимаратына келетін жандар онда қолайсыздықты, тұрмыстық қиыншылықты сезінбеуі өте маңызды. Заңның үстемдігін көрсететін сот актілері жарияланатын ғимаратты заманауи жабдықталған залдар тұтастай толықтырып тұрады».

Жаңа ғимараттың жалпы алаңы 1482,9 шаршы метрді құрайды. Іргетасы өткен жылдың маусым айында қаланған құрылыстың сметалық құны 288 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды. Заманауи үлгідегі стандартқа сай салынған мұнда үш сот мәжілісі залы, судьялардың кеңесу бөлмелері, күту залдары, прокурор мен адвокаттардың кабинеттері, мұрағат, асхана орналасқан.
Облыстық соттың төрағасы Рүстем Мырзакәрім аудандық сот 1984 жылдан бері ыңғайластырылмаған ескі ғимаратта орналасқандығын айтып, енді сот ұжымының тың серпінмен жұмыс істейтіндігіне сенім білдірді.

Шынар САҒИЕВА

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support