- Advertisement -

Әлеуметтік дүкеннің әлеуеті мол

104

- Advertisement -

Ит жылы игілікті істермен басталуда. Соның бірі – Тараз қаласының темір жол аумағының арғы бетінде жағдайы төмен азаматтарға арналған әлеуметтік дүкеннің ашылуы дер едік. Бір атап өтерлігі, бұл сауда орнының тауарлары үшін тұтынушылар бір тиын да ақы төлемейді. Мұнда оларға бәрі де тегін беріледі. Адам баласы бойындағы асыл қасиеттің бірі де бірегейі қайырымдылық екені белгілі. Қашанда алған қолдан берген қол қайырлы. Осы мақсатта ашылған «Хадия» дүкенінің иелері жағдайы төмен адамдарға тегін азық-түлік өнімдері мен қажетті киім-кешектер таратып беруді үйлестіруді қолға алыпты.

– Жұмысымызды жаңа жылдың алғашқы күнінен бастағанбыз. Жасыратыны жоқ, қалада күнделікті нанның өзіне зәру, киерге киімі жоқ азаматтар да бар. Бізде, міне, солар үшін ең қажетті, айрықша әлеуметтік маңызға ие тауарлар мол-ақ. Бүгінде қайсыбір бақуатты отбасыларының көп ұсталынбаған, әлі де әжетке жарайтын дүниелерді қоқысқа тастай салатыны бар. Мұндай отбасыларымен байланысып, біраз дүниелерге қол жеткіздік. Оларды да бірі болмаса бірі игілікке жарар деп сөрелерімізге әкеліп қойдық. Жалпы мұндай дүкендер Алматы қаласында, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында да бар деп естиміз. Соның бірін қаламызда да ашуға тәуекел еттік, – дейді кәсіпкер азамат Фархат Қасымов бұл тұрғыда.
Тараздық Фарида Миржалилова оның бұл бастамасына бірден қолдау білдіріп, өзінің көптен жұмыс істемей тұрған дүкенін еш ақысыз қайырымдылық мақсатта пайдалануға да беріпті. Мұндай сауда орнының ашылғанынан хабардар болған бірқатар қалалықтар да айрықша белсенділік, жомарттық танытып, дүкенге үйлеріндегі басы артық заттары мен азық-түліктерін әкеліп өткеруде екен. Мұнда нан, май, шай, ұн, макарон, фарш, картоп сынды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бір аптаға жететіндей көлемде алдын ала жинақталады екен. Ал киім әрбір тұтынушы үшін бір реттен ғана беріледі. Дей тұрғанмен, бұл орайда дүкен иесінің өзіндік шарттары да бар. Мысалы, әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың балаларымен бірге келіп, қажетті киім-кешекті өлшеп, бірнешеуін бірден алуына да болады. Бұл үшін жеке төлқұжат пен баланың туу туралы куәлігі талап етіледі.
Әлеуметтік дүкен иесінің айтуынша, әсіресе, сырт киімдер мен балаларға арналған үй жиһаздары, ойыншықтар айрықша сұранысқа ие болуда. Еріктілердің жомарттық жасап, қайырымдылық жасауға, тұрмысы төмен отбасыларына қолұшын созуына да ешқандай шек қойылмайды. Алда- жалда алып жүруі қиын жүктер болса, дүкен тарапынан арнайы көлік жіберіліп, қайырымдылық көрсетушілердің тікелей үйінен алып кетудің де мүмкіндігі бар. «Жалпы, біздің дүкенге келіп көмек сұрайтын отбасына қажетті заттар болмай қалса, олардың мекен-жайы мен байланыс телефондарын жазып алып қаламыз. Қайырымдылық танытушылар тарапынан мұндай заттар дүкенге түсіп жатса, оны оларға тікелей жеткізіп те береміз немесе өздері алып кетеді. Біз қолы ашық, жаны жомарт жандардың қандай да бір қайырымдылық көмегін қошуақ көңілмен қабылдауға әр кезде де дайынбыз», – дейді Ф. Қасымов.

«Ақ жол-Ақпарат»

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support