- Advertisement -

Азық-түлік бағасы неге ала-құла?

137

- Advertisement -

Қылышын сүйретіп қыс келсе болды, азық-түлік бағасы шарықтап шыға келетіні бар. Осыған байланысты сауда-саттықпен айналысатындардың айтар уәжі көп-ақ. «Бензин қымбат», «жалға алып отырған орынның төлемақысы көтеріліп кетті», «сырттан жеткізілетіндіктен, тасымал шығыны жоғары»… таусылмайтын толып жатқан сылтау. Алайда облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру аясында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Қолдағы мәліметке қарағанда, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша тұрақты жұмыс атқаратын облыстық штабтың өткен жылғы 14 отырысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылыпты. Осындай мақсатта құрылған аудандық штабтарда 112 басқосу өткізілген.

Былтыр жыл басында инфляцияны тежейтін облыстық жоспар да бекітіліпті. Наурыз айында Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері мен облыс әкімдігі арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына индикаторлар белгілеу бойынша үш жақты меморандум қабылданған. Дегенмен өңірімізде мамыр айында 0,4 және маусымда 2,1 пайыз индикатордан асып кету дерегі тіркелген. Бұған маусымаралық кезең мен көрші елдерден тасымалданатын көкөніс бағасының қымбаттауы әсер еткен көрінеді.

Басқа азық-түлік тауарларын былай қойғанда, көкөніс өсіруге қолайлы өңір саналатын облыста оның молшылығын жасауға не кедергі?
Елбасының кешегі дәстүрлі Жолдауындағы шешілуге тиіс он міндеттің ішінде агроөнеркісіп кешенін дамыту да кеңінен қозғалды. «Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек» деді.
Жер жыртып, егін саламын, бау-бақша өсіремін деген шаруаға мемлекет тарапынан көмек-қолдау аз болып жатқан жоқ қой. Облыстық әкімдік те кетпен шауып, тер төгіп еңбек етемін деген кәсіпкерге қамқорлық жасап жатыр. Қысы-жазы өнім беретін жылыжай кешені аумақтары да ұлғайтылу үстінде. Азық-түлік өнімін өзімізде облыс тұрғындарына жеткілікті етіп өндірсек, біріншіден, оның сапасы жоғары болады, екіншіден, талай жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады, үшіншіден, облыстан тыс кететін қыруар қаржы өзімізде қалады. Әйтеуір, өткен жылдың шілде айынан бастап индикатордан – 0,3, тамызда – 2,8 қыркүйекте – 1,9, қазанда – 0,4, қарашада 1,2 пайызға төмендепті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жылдағы жоспарлы шараларға сәйкес, күнделікті баға мониторингі, бағаны негізсіз көтермеу жөнінде жеке кәсіпкерлер мен компаниялар басшыларымен кездесулер мен келіссөздер жүргізіліп жатса да, баға әлі де ала-құла. Мәселен, Тараз қаласындағы «Ауыл–Береке» базары мен ірі сауда орындарындағы бағаның айырмашылығы жер мен көктей. Базардағы сұрыпталған картоптың көтерме бағасы былтырғы желтоқсан айында бір килограмы 90 теңге болса, ірі сауда орындары «Вкусная корзинада» – 145, «Смартта» – 150, «Смолда» – 155, «Алмада» 170 теңгені құрап, 61-89 пайызға көтеріліп кеткен. Базардағы 60 теңгенің сәбізі «Смартта» – 120, «Вкусная корзинада» – 125, «Дәмдесте» – 135, «Алмада» 150 теңгені құрап, 58-150 пайыз қымбатқа сатылуда. «Смарт», «Смолл», «Вкусная корзина» сынды сауда орындарында көкөніс сататын орынды жалға алатын жеке кәсіпкерлер тауарға қойылған үстемеақы шығынға сәйкес келмейді деп ақталады.
Өткен жылы азық-түлік тауарларын тұрақтандыру бойынша өткізілген штабтың соңғы үш отырысында Тараз қаласындағы ірі сауда орындарында көкөніске қосылатын жоғары үстемеақыны төмендету бойынша Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментіне ұсыныстар берілген. Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өз тарапынан облыс орталығындағы азық-түлік нарығына талдау жүргізіп, қажетті ақпаратты департаментке былтыр 16 тамызда тиісті шара қабылдау үшін жолдаған.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға облыс және аудан орталықтарында өткізіліп жататын жәрмеңкелердің септігі тиеді. Ондай шара барысында шаруа тұтынушыға өнімін ешқандай делдалсыз тікелей өзі өткереді. Қалалықтар қысқа қараша айында қамдануды аяқтайды. Былтыр осы айда облыс орталығында аптаның сенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Жалпы, өткен жылы облыс бойынша 249 рет жәрмеңке ұйымдастырылып, 1 миллиард 313 миллион теңгенің өнімі өткерілген. Тараз қаласының орталық алаңында облыстық деңгейде кеңейтілген 9 жәрмеңке өтіп, 541,8 миллион теңгенің 1092,8 тонна өнімі сатылған.
Былтыр тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссияның 8 отырысы өткізіліп, 336,5 миллион теңгені құрайтын 1600 тонна әлеуметтік тауар сату және 708,7 миллион теңгенің 5320 тонна тауарын сатып алу жөнінде шешім қабылданыпты. Қордың берген соңғы мәліметі бойынша, 488,1 миллион теңгенің 3934 тонна тауары сақтаулы тұрған көрінеді. Былтыр қордан 2016,5 тонна әлеуметтік тауар сатылған.
Өткен жылдың 12–14 желтоқсан күндері Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызы облыс аудандарына екі бағыт бойынша тұрақтандыру қорынан алып шыққан 125 тонна тауардың 88,3 тоннасын өткеріп қайтқан. Дегенмен Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Мойынқұм аудандары бағыты бойынша алып шыққан 67 тонна тауардың 50,3 пайызы сатылса, Жамбыл, Талас және Сарысу аудандары бағыты бойынша жолға шыққан пойызға жүктелген 58 тонна тауардың 33 тоннасы ғана өткерілген. Сонда қалай, ауылдықтар тамақ ішпей ме? Жоқ, бұл жерде аудандық әкімдіктер тарапынан тауарды өткеруде ұйымдастыру шаралары толыққанды жүргізілмеген. Мұнымен қоса, облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың тұрғындары үшін тұрақтандыру қоры есебінен 16–24 желтоқсан күндері де арнайы жасақталған керуен барлық аудандарға жолға шыққан. Шара аясында халық жиі тұтынатын 330 тонна тауар өткерілсе, бірінші сұрыпты ұнның бір килограмы – 87, картоп – 80, пияз – 60, сәбіз –50, тауық жұмыртқасының бір данасы – 22, күнбағыс майы – 315 және қарақұмық майы 240 теңгеден өткерілген.
Деректер көрсеткеніндей, облыстық әкімдік тарапынан азық-түлік бағасын тұрақтандыру, оған қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін аз тірлік атқарылып жатқан жоқ. Жергілікті жерлерде де аудандық әкімдіктер жылдың төрт мезгілінде күн тәртібінен түспейтін әлеуметтік маңызға ие тауарлар бағасы мәселесіне айрықша жауапкершілікпен қарағандары абзал. Бағаның қымбаттауына жол беріп жататын сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлердің халықтың арқасында кәсібін дөңгелентіп отырғаны жадынан шықпаса дейміз.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support