Істің адамы

0
78

Тағылымы тәнті ететін, болмысы биік азаматтар – баршаға  үлгі. Қоғам үшін сіңірген еңбегін бұлдамайтындар сирек те болса бар. Ондай кісілермен кездескенде көңіліңде «Жақсы адам осы» деген бір ғана ой тұрары анық. Облыс халқына кеңінен танымал  Әбдінұр Әсілбековтің есімі осындай ұлағатты ортаны толтырып жіберетіні  даусыз. Бұл әсерді біз қоғамға сіңірген еңбегі бар азаматтың  құтты  шаңырағына барғанда ерекше сезіне түстік.

Әбдінұр Әбілдаұлын 2006 жылдан бері сырттай білемін. Облыс әкімдігінің үлкен залында өткен жиындарда көргенбіз. Ол кісі – облыстық мәслихаттың хатшысы, біз қарапайым журналист едік. Сессияның төралқасында отырғанда сұсты көрінетін. Ол мүмкін баспасөз бетінен көріне беруге аса ықылас таныта бермейтінінен болар. Әлі күнге дейін біздер Әбекеңді бұқаралық және электронды ақпарат құралдарынан көп кездестіре алмаймыз. Алайда сол кездің өзінде төңірегіндегілер, халық қалаулылары бұл кісі туралы тек жақсы пікірлер айтатын. Оған бас кейіпкеріміздің қарапайым қалпы, үлгілі өмір жолы себеп болса керек.

Әбекең 1948 жылғы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының, Түлкібас ауданында өмірге келген. Алайда барша ғұмыры Әулиеата топырағында өтіп келеді. Қаратау қаласында орта мектепті әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің белгілі әншісі Шәріп Омаровпен бірге бітіргенін біреу білсе, біреу білмес. 1970 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген соң, Мойынқұм ауданындағы «Айдарлы» кеңшарынан экономист болып еңбек жолын бастады. Көп ұзамай бас экономист қызметіне жоғарылаған. Мұнан соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтқаны бар. Әскерден келген Әбекең үшін өрлеу жолы басталып жүре берген еді. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын инженер-зоотехник мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді. Білімін жетілдірген жас азамат Тараздың іргесіндегі Жамбыл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып ауысып, бірер жылдан кейін ұйымдастыру бөлімінің басшысы лауазымына лайықты деп танылған. Бұл қызметті 7 жылдан астам уақыт атқарады. Мұнан соң аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне барды. Бұл өрлеу баспалдағында да абыройдан қол үзген жоқ. Іргелі ауданның құрылыс, энергетика, көлік қозғалысы, су шаруашылығы жағын басқарып, талай шаруаны өрге бастырды. Аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Тұрсынхан Мүсірәлиев еді. Аудан басшысы мұның жоспар-жобаларына үнемі қолдау танытып отырыпты.
– Аудандық атқару комитетінің төрағасы Николай Полющук болатын. Аты аталған кісілермен қоян-қолтық жұмыс атқарып, біраз шаруаны жүзеге асырдық. Ауданда орталық аурухана, 7 орта мектеп, 4 балабақша жаңадан салынды. Газ, су торабы тартылып, бірнеше көшелерге асфальт жол жетті. Ауылдарда амбулаториялар бой көтерді. Осы күні ойласақ, халық игілігі үшін біраз шаруа атқарылған екен, – деп сол тынымсыз жылдарды еске алады Әбекең.
Мұнан соң ауданаралық мал өсіру және мал бордақылау бірлестігінің директоры болып тағайындалып, «Қызыл жұлдыз» кеңшарының тасын өрге сүйреген екен. Оны ауыл тұрғындары да ризашылықпен айтады. Осы директорлық қызметте де 7 жыл отырыпты. Кейіннен облыстық шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер қауымдастығының төрағасы болады.
Осылай іскерлігімен көрінген Әбдінұр Әсілбеков 1998 жылы Жамбыл ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Өзінің іскерлігін, тәжірибесін танытатын сәт енді туған еді. Ол кезең жалақы мен зейнетақының, әлеуметтік төлемдердің жылдап кешігіп жатқан уақыты еді. Мұндай сәтте аудан басшысының есігінде қайдан тыным болсын. «Тәулігіне 10-15 тұрғын, әйел азаматшалар қабылдауыма келіп, айқай шығарып кететін. Ауыр-ауыр сөздер айтатын. Ол кезде елімізде экономикалық жағдайдың өзі тұрақтанбай тұрды ғой. Оны қарапайым тұрғындарға қалай түсіндіресің?!» – деп еске алады сол сәттерді Әбекең. Алайда Әсілбеков мұнан шығар жолды да тапты, өзінің іскерлігін де танытты. Барлық шаруаның қаражатқа тірелетінін түсінген ол ауданда салықты өз деңгейінде жинауды қолға алды. Тіпті, электр торабын, газды тұтынушыларға да салық төлетті. Ұзақ жыл салығын «жеңіл жолмен» төлеп келген «БМ» шарап зауыты да қазынаға толық деңгейде салық құя бастады. Соның нәтижесінде ауданда жиналатын салық көлемі 450 миллион теңгеден 2 миллиард теңгеге өсті. Сол себепті айлық пен жәрдемақы уақтылы беріле бастады. Аудандағы барлық мектептер күрделі жөндеуден өтіп, қаңқасы қалған клубтар қалпына келтірілді. Ауданда «Аса сазы» оркестрі құрылып, көпшілікке концерт ұсыныла бастады. Орталық ауруханаға УЗИ, рентген аппараттары алынып, денсаулыққа көңіл бөлінді. Аудан әкімі Әсілбеков «Мектеп директорлары тек білім сапасын қадағалаумен, бас дәрігер емдеу ісімен айналыссын. Ол мекемелердің шаруашылық жұмыстарымен басқа адамдар шұғылдансын» деген талап қойды. Сол – сол екен, білім сапасы да жақсарды, халықтың емдеу мекемелеріне деген көзқарасы да оң жағына өзгерді.
Әлеуметтік сала ғана емес, ауыл шаруашылығы да өрлеп, өркендеп жатты. «Райс», «Айтақ» каналдары арқылы егіс алқаптарына су жеткізу, жерді тыңайту жұмыстары сәтті жүзеге асты. Ауданда мал басының саны еселеп артты.
Әсілбеков бұл тәжірибесін екі жыл бойы Байзақ ауданының әкімі болған жылдарында да жалғастырып, мұндағы тұрғындардың да алғысын алды. Салық жинауды 250 миллион теңгеден 1 миллиард теңгеге дейін көтерді. Аудан орталығында аллея, демалыс саяжайын салдырып, тұрғындардың алғысына бөленді. 2003 жылы облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Осы лауазымды екі шақырылым бойы атқарып, 2012 жылға дейін жалғастырды. Өзі де Жамбыл, Байзақ ауданынан облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланған. Елдің мұң-мұқтажына халық қалаулысы ретінде де көп көңіл бөлді. Ауыл шаруашылығының дамуына, экологияның тазалығына, қоршаған ортаның жақсаруына назар аударды. Халыққа қажетті мәселені көтеріп, елдің көкейіндегіні қозғап ұсыныс айтқан депутаттарды әр сессияда қолдап, олар ойлаған істің жүзеге асуына ықпал жасап отырды. Сондықтан мәслихат хатшысы ретінде де құрметке бөленді. 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 2010 жылы мемлекеттік марапат – «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Мұнан бөлек, он шақты мерекелік медальдардың иегері. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі осылай бағаланды. 2012-2014 жылдары облыс әкімдігі мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілікті арттыру орталығының директоры қызметін атқарып, еңбек демалысына шықты. Бұл күнде «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атанып отырған Әбдінұр Әбілдаұлы өзінің мазмұнды өміріне риза екенін айтады. Кезінде комсомол тойын өткізіп қосылған өмірлік жолдасы Мәрзия апа екеуі 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан 9 немере сүйіп отыр. Перзенттерінің бәрі жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан.
– Жақсы-жаманын халық өзі бағалай жатар. Менің қызметім осылайша елдің көз алдында. Сеніп тапсырылған қызметтерді жауапкершілікпен атқарған секілдімін. Әр жылдары 6 облыс әкімімен бірге қызмет атқардық. Әкем Әбілда Тортайұлы да аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарған кісі еді, Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Анам Күлзейнеп екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Олар Отанға, елге адал болды. Сол әкемнен дарыған жақсы қасиеттер мені де адамшылықтың ауылынан алыстатқан жоқ. Қай қызметте жүрсем де адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық, турашылдық, жауапкершілік, тәртіпті болу – менің кредом болды.
Ел басқару қызметінде жүрсем де, әдебиетті жанымдай жақсы көрдім. Қазір де менің бір серігім – әдеби көркем шығармалар. Тәуелсіз еліміздің әр сәтті қадамына қуанамын. Кеше ғана жолданған Елбасының биылғы Жолдауындағы жаңашылдықтарды да құптаймын. Біз бір орында тұрып қалмай, қашанда өрлеуге, жаңа мүмкіндіктерді игеруге ел болып ұмтылуға тиіспіз. Бұған еліміздің, ел жастарының әлеуеті жетеді деп сенемін, – деп сөзін түйіндеді Ә.Әсілбеков.

Есет ДОСАЛЫ

Суретті түсірген
Лола Нұрматова

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here