- Advertisement -

GGG – Альварес

104

- Advertisement -

Боксшылар екінші жекпе-жекке дайын

Кәсіпқой бокс әлемінде орта салмақтың королі саналатын Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварес арасында екінші жекпе-жекті өткізу жөніндегі келіссөздер сәтімен жалғасып жатыр.
Орта салмақтың үздіктері өткен жылы алғашқы кездесуін өткізіп, шаршы алаңда кім мықтыны анықтай алмай кеткен болатын. Аталмыш шайқастың нәтижесі бокс мамандары мен жанкүйерлер тарапынан үлкен шу тудырғаны да белгілі. Жеңімпаз анықталмаған жекпе-жекте Геннадий Головкин өзіне тиесілі WBC, IBF, WBA (super), IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Кәсіпқой бокс әлемінің жұлдыздары арасындағы екінші шайқас ағымдағы жылдың бесінші мамырына жоспарланып отыр. Алайда әзірге келісімшартқа қол қойылған жоқ. Десе де екі тараптың да өкілдері келіссөздер сәтімен жүріп жатқанын айтуда. Сауль Альварестің командасы тарапынан сөз алған «Golden boy promotions» компаниясының президенті Эрик Гомес екінші жекпе-жек туралы ойымен бөлісіп үлгерді. «Бұл керемет кездесу болатыны анық. Бәлкім Головкин мен Альварес арасында трилогия да жасармыз. Әйткенмен алдымен екінші шайқас туралы ойлау керек. Алдағы жекпе-жекте Сауль жеңіске жетудің барлық амалын қарастырып көрмек. Бірінші айқасты қараңыздаршы, Альварес соңғы үш раундта Головкиннің сілікпесін шығарды. Келесіде біздің боксшыға оңайырақ болады. Әрине, Гена оңай қарсылас емес, алайда Саульде енді тәжірибе бар.
Головкиннің командасымен келісім-шарттар алмастық. Бірнеше рет қарадық. Меніңше енді соңғы рет жан-жақты саралау керек. Негізгі мәселелер келісілді. Тек кейбір детальдарды реттестіретін боламыз. Келісімшартқа қол қойылған соң бірден іске кірісеміз», – деді ол.
Бұған дейін Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер де Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жекті өткізу жөніндегі келіссөздер сәтімен жүргізіліп жатқанын жария еткен болатын. Екі боксшы алғашқы кездесуде 60 миллион доллар табыс тапқан. Альварес 35 миллион долларды қалтасына салса, Геннадий 25 миллион долларлық чекті иеленген. Ақылы трансляцияның (ppv) королі саналатын Сауль Альварес үшін Головкинмен өтетін шайқас экономикалық жағынан өте тиімді. Бұл жанкүйерлер күткен ең үлкен жекпе-жек. Сондықтан мұндай шайқастар міндетті түрде өтуі керек. Алдағы аптада келіссөз толығымен аяқталады деп күтілуде.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support