- Advertisement -

Қадамың құтты болсын!

149

- Advertisement -

Күләш Ахметова, ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Ұлы Даланы мекендеген Қазақ Елінің кешегісі – керемет, бүгінгісі – ғаламат. Біздің қасиетті жеріміз қандай байтақ, халқымыз қандай дарқан!
Мерейлі мемлекетіміздің арайлы өңірлерінің бірі – Жамбыл облысы. Тарихы бай, тағылымы асыл өлкемізбен қалай мақтансақ та, жарасады.
Екі мың жылдан астам тұрған көне Тараздың әлем мәдениетінде өзіндік орны бар. Облыстың қай тарабына барсаңыз да, меймандос та мейірімді, қанағатшыл да қайырымды қауым алдыңыздан шығары анық. Қазақ хандығының туын тіккен бұл аймақтың айбары мен абыройы әлі де жоғары. Әсіресе тәуелсіздіктің таңы рауандап атқаннан бастап, жарқын келешекке талпынған халқымыздың қарым-қабілеті сан қырынан ашыла түскендей. Осы жылдары облыс басқарған азаматтардың әрқайсысы ынта-жігерін аямай, өз үлестерін қосқанын білеміз. Әрине, әр басшы өз қолтаңбасын қалдырады.
Жаңа жылдың алғашқы айында облысымызға жаңа әкім келді. Танымал тұлғалардың аты-жөні аталғаннан-ақ оның беделі мен бейнесі көз алдымызға келеді. Асқар Мырзахметов деген есім қандай сынға салса да қайыспайтын қара нар, қайсар жауапкершілік иесін еске түсіреді.
Көршілес Оңтүстік Қазақстанның көркеюіне ерен еңбек сіңірген көрнекті тұлға үшін Жамбыл жері бейтаныс болмас.
Нұр жамылған өлкеміздің әрбір сүйем бедері мезгілдің жырын жырлап тұрғандай. Бір ғана Талас ауданының тауы мен бұлағының қыры мен қырқасының, сайы мен саласының, гүлжазира даласының бабалар беріп кеткен аттарының өзі тұнып тұрған сұлу шежіре!
Жамбылда егін де бар, мал да бар, кен де бар, кент салатын жер де бар.
Айналайын, Асқар! Қасиетті өңірге басқан қадамыңа нұр жаусын! Бұған дейін талай-талай ауқымды істер атқарылған болса да, әлі де ақыл-ой парасатты, жасампаздық пен жаңашылдықты талап ететін биік белес, маңызды міндет алдыңда тұр. Облыстың көркеюіне, ежелгі Жібек жолы бойындағы жұлдыз – шаһардың жауһардай жарқырап, айрықша ажарлануына аянбай қайрат жұмсайды деп сенеміз. Оған сенің өмірлік тәжірибең де, білімің де жетеді. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам әскер емес» дейді. Өзіңнің Елбасы тапсырмаларын орындаудағы ізгілікті істерің мен бастамаларың елдегі қарымды азаматтар мен жалынды жастардан, қалың көпшіліктен қызу қолдау табады деп үміттенемін. Өзіңе денсаулық, отбасыңа амандық, береке-бірлік, еңбегіңе жеміс тілеймін.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support