Күміскүл Сәрсенбаева,
айтыскер ақын:

– Сіз қазақ айтыс өнеріне өз үніңізбен келген ақындарымыздың бірісіз. Әңгімеміздің әлқиссасын осы киелі өнерге қалай қадам басқаныңыздан бастасақ?
– Айтысқа келуімнің өзі қызық болды. Мен көбіне айтыстың тыңдарманы едім. Қордай аудандағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет ететінмін. Бірде жұмыс бабымен Тұрар Рұсқұлов ауданына келдік. Бір жиын болған, сонда қарасақ ақындар айтысы өтіп жатыр екен. Екі ақынның бірі Ербол Қамбатыров болса, екіншісі есімде қалмапты. Солардың айтысын тамашалап отырып, «қап мына жерде былай айту керек еді, мына жерде былай деу керек еді» деп ой топшыладым. Бізді осында алып келген басшымыз маған жақын келіп «Күміс сен шығып айтысып көрші» деп қолқа салды. Ербол ол кезде республикалық айтыстарға қатысып, шыңдалып қалған ақын еді. Қасымдағылар қоймаған соң, тәуекел етіп шықтым. Ән айтуға келгенбіз ғой, домбырам өзіммен бірге болатын. Содан не керек, аяқ астынан айтысқа шығып кеттім. Ойыма келген ұйқастармен өзімше ойлар айта бастадым, Кенен атамның ауылынан екенімді мақтанышпен толғадым. Сұрақ-жауап алысып екеуміз үш айналым жасадық. Содан Ербол мені белгілі айтыскер Шорабек Айдаровқа «Қордайда Күміскүл деген жақсы ақын қыз бар екен, айтысы тамаша» деп мақтап барған ғой. Сол айтысымыз көпшілікке ұнаған болуы керек. Одан кейін Облыстың алпыс жылдығына орайластырылған облыстық айтысқа қатысып, онда жергілікті ақын Қасқырбай Нарбатыровпен айтыстым. Солай-солай айтыс әлеміне дендеп ене бердім…
– Айтыстан бұрын да өнер адамы болғаныңызды айтып қалдыңыз…
– Ол рас. Ән айтуды жаным қалайтын. Жыршы-термешілер байқауларына қатысып, алдыңғы орындардан көрініп жүретінмін. Айтысқа келуімнің себебін содан іздеймін. Негізі «Сәрсембаевтар» атты облыстық ансамбліміз бар-тын. Ол кезде сондай отбасылық ансамбльдер көптеп кездесетін. Сол ансамбльдің құрамындағы домбыра ұстаған дәстүрлі әншісі едім. Ұжым болып та талай жетістіктерге жеткенбіз.
– Демек, ақындықтың ауылына ойда жоқта тап бола қалған жан емессіз ғой?
– Солай десек те болады. Менің нағашы әжем суырып салма ақын болған екен. Бірақ тарихта аты қалмаған. Ауылдағы шаралардың көркі болған десем артық айтпағандығым. Бәлкім, сол нағашы жағымнан дарыған шығар…
– Алғаш айтысқа шыққанда қай жаста едіңіз?
– Осы көп айтыскер ақындар айтып жатады «алғаш айтысқанда 10-15 жаста болатынмын» деп. Мен олай мақтана алмаймын. Жаңа айтқанымдай мен ақын ретінде тұңғыш сахнаға шыққанда ақыл тоқтатып үлгерген, мамандық иесі атанып қызмет бабында жүрген қыз едім. Бұл бір жағынан өз пайдасын да берді деп ойлаймын. Себебі, мен айтысқа жеңіл-желпі қараған емеспін. Төл өнерімізге барынша жауапкершілікпен қарауды өзіме міндеттеп отыратынмын. Ең алғаш алған үлкен жеңісім Махамбет Өтемісұлына арналған облыстық айтыстағы бас жүлде. Негізі ол жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылық қызметіне келіп, шығармашылығыма онша назар сала бермейтінмін. Десек те, Алла аузыма сөз салып, сәтінен шыққан айтыстарым жетерлік.
– Сіздің ел көлемінде танылуыңызға себепкер болған «Жүрсіннің жүйріктерінің» қатарына қалай іліктіңіз?
– Тараз қаласының 2000 жылдығында өңірімізде үлкен халықаралық айтыс болды. Мен облыстан іріктелген ақындардың алды боп қатыстым. Ол айтыста қарсыласым азулы, белгілі айтыскер ақын, Сары тентек атанып кеткен Қуаныш Мақсұтов болды. Екінші айналымда қарсыласым-қарағандылық Аманжол Әлтаев. Аманжолмен айтысымыз елдің көңілінен шыққан айтыс болды деуге негіз бар. Оны қазылар алқасында отырған Әкім Тарази ағамыз: «Мынау қыз бен жігіттің айтысының озық үлгісі, классикалық айтыс болды» деп бағалап, барынша мақтаған. Сол қолпаштаудың арқасында Жүрсін ағаның да назарына ерекше түскен болуым керек. Одан кейін Алматыда өткен Райымбек батырға арналған айтулы айтысқа шақырту алдым. Алматы нағыз өнер ортасы ғой. Көрермен мен тыңдармандардың да дені осында. Ондағы айтыста да Аманжол екеуміз тағы жұптасып қалдық. Бұл жолы да сәтті өнер көрсеткенімізді ел айтып жатты. Мен республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып өз тәжірибемді толықтыра бастадым. Әйтпесе, оған дейін нағыз айтыстың шарттарын жіті түсінбей жүріппін.
– Айтыстың алдында дайындаласыз ба?
– Шынымды айтсам сол кезде дайындық дегенді білмейтінмін. Айтысқа шақырту болса болды, домбырамды алып топқа түсе беріппін. Ал, қазір дайындық керек деп ойлаймын. Мейлі қағазға жазып түсіріп, жаттап алмасақ та, іштей өз ойыңды жинақтап, пайымдап жүру керек. Өйткені, қазіргі ақындардың ой өрісі де, деңгейі де жоғары. Әрқайсысының дайындығы да бекем. Оған қоса көрермендердің талабы қатаң, талғамы да биік. Баяғы көрермен мен бүгінгі көрермендердің өресін салыстыру мүмкін емес. Оның бір көрінісі, сол кездегі айтыстар мен қазіргі айтыстардың арасы жермен көктей екендігі. Енді бізден кейінгі буын келе жатыр, олардың алды қазіргі айтысқа ерекше леп беріп жүрген Мұхтар Ниязов, Жандарбек Бұлғақов, Мейірбек Сұлтанхан, Болатбек Оразбаев және тағы басқа талантты жастарды атауға болады. Бұлардың қарқыны тіпті жоғары.
– Десек те, бұрынғы айтыстарға қарағанда қазіргі айтыстардың табиғилығы аздау немесе жасанды болып көрініп тұратыны жасырын емес қой. Оның үстіне айтысты шоуға айналдырып бара жатқандаймыз. Сахнада айтыс емес, құдды бір сценарий бойынша дайындалған көрініс көріп отырған секілді күй кешеріміз де содан. Айтыс ақыны ретінде айтыңызшы, оның ілігін неден іздеуге болады?
– Мен бұл оймен келісе алмаймын. Рас, қазір көбісі айтыс жайында осылай пайымдап жүр. Түсінгенім, бұл Ринаттың кезіндегі шығарған дауынан туындаған пікір секілді. «Ақындар айтыстың алдында қарсыласымен келісіп, сен мынаны айтасың, мен мынаны айтамын деп шешіп алады-мыс». Ринаттың бар ашқан сыры осы. Мүмкін солай да шығар. Бірақ ол айтыс әлемінің өз ішіндегі шешілер түйткілдер еді ғой. Оны сыртқа шығарудың дым қажеті жоқ болатын. Сонда деймін да, кезінде Біржан мен Сара айтысқанда да алдын-ала дайындалу болмады дейміз бе, болды. Бір-бірінің атына сырттай қанығып, ол туралы мәліметтер жинап, іштей дайындалып жүрді деп ойлаймын. Қарсыласыңмен келісіп алуды жөн деп есептейтінмін. Бірақ, дайындық қазіргі айтысқа керек нәрсе. Көрерменнің талғамы үшін. Қарсыласыңмен бір бағытта болу үшін. Мен Ринатпен біраз айтыстым. Ондай, дайындық Ринаттың өзінде де бар. «Бірінші қайсысынан бастаймыз?» деп ойын ортаға салып отыратын…
– Бұл қазіргі ұпай үшін айтыстың кесірі шығар. Әйтпесе, ол заманда да екі ақын бірдей ұпаймен теңесіп, келесі айналымға екеуі бірдей өтіп отырды деу қисынсыз ғой. Меніңше, қазір де сол шақтағыдай екі қарсыластың бірі ұтылып, бірі басым деп бағаланып: «жеңді, я жеңілді» деп кесіліп, шешілетін айтыстар керек секілді.
– Ол рас. Ұпай үшін айтыстың айтары аздау келеді. Әрине, ондай айтыстарды ұйымдастыруға болады. Тіпті, сондай айтыспен киелі өнеріміздің құнын сақтап қалатынымызды түсінуіміз керек. Ол үшін сөзге тоқтайтын ақындар керек. Әйтпесе, қазіргі айтыскерлерде көбінде сөзге тоқтау жоқ. Сөзден ұсталып, тосылып қалып жатса да дес бергізгісі келмейді. Қиуын келістірмесе де қиыстыруға машықтанып алған. Мүмкін, бұл пенделіктің әсері шығар. Әйтпесе, біле білгенге жеңілгенді мойындау да ерлік қой.
– Дұрыс айтасыз. Ал, сіз өзіңіз жеңілгеніңізді мойындаған кезіңіз болды ма?
– Әрине болды. Облыстық бір айтыста Айтмұхамбет Исақов маған: «Кезінде көкті тіреп шалқайған қыз, енді бүгін жар таппай қартайған қыз» дегендей өлеңдетіп тап бергенде, не айтарымды білмей жеңілгенімді мойындап, орнымнан тұрып кеткенмін. Бірақ, сол айтыста маған жеңіске бергісіз жеңіліс деп сый-сияпат жасаған еді. Орын алмасам да алғандай болып қайттым. Ондай қарсыластарымда да болған. Бірде Шорабек Айдаровпен айтысып «Күйеуі жоқ қыздарға көрінесіздер асыл боп, көктен түскен жасын боп, әпкемді алған жездем ең, басында түк тал шашың жоқ…» деп айтып келе жатқанмын. Қасыма қарасам Шорабек ағам жоқ. Ұтылғанын мойындап орнынан тұрып кетіпті. Анадайдан шапаны сүйретіліп кетіп барады…
– Сіз тұрмысқа қырықтың қырқасында шықтыңыз. Мұны айтып отырғаным айтыста осы жасқа дейін жалғыз жүргеніңіз қарсыластарыңыздың тарапынан көп қозғалып, қатты айтылып жүрді. Сол кездері ондай сын сөздерді қалай қабылдаушы едіңіз?
– Алғашында ренжіп, көңіліме жақын алатынмын. Бір айтыста қарсыласыма залдың суықтығын айтып ем, ол жалғызбастылығымды бетіме басып, «жылытатын жігіт іздеп жүрсің бе?» деп қойып қалды. Ринаттың да бір айтыста: «Күмісай, сен енді ерге емес зейнетке бір-ақ шығасың» деп ауыр айтқаны бар. Сол сәттердегі көңіл-күйімді білсеңіз ғой, тамағыма бір өксік кептеліп, көзіме жас келіп, жылап жіберуге шақ тұратынмын. Айтайын деген ойымның бәрі әдірем қалатын. Кейіннен де көп айтылып жүрді. Бірақ бұл жағынан өзімді іштей дайындап алатын болдым. Себебі, қарсыластарымның дені әлсіз жерім осы деп, бас салатынын білетінмін. Оларға еш ренжімейтінмін де. Өкпелеп, наз айта қалсам ол менің тосылғандығым яки, осалдығым болар еді ғой. Ал менің артымда аламанға үкілеп қосқан бүкіл бір облыстың, өңірдің намысы тұрады. Бір жағынан бұл тағдыр жазуы екенін түсініп, өзімді басып жүретінмін. Екінші жағынан бұл менің ғана басымдағы жағдай емес, қаншама оң жақта отырып қалған қазақ қыздарының басындағы ауыр мұңы болды ғой. Солардың да атынан сөйлеп, намыстарын таптатпай, жігерін жасытпау керектігіне өз үлесімді қосуымды ләзім деп түйдім. Оларға да оңынан ой салғым келді. Сондай-ақ оны айтқан қарсыластарымның мен арқылы барлық отырып қалған қыздарды қамшылауы деп қарағаным ұтымды болды. Кейіннен тұрмысқа шықтым. Менің тұрмысқа шыққаным басқаларға үлгі болып, сөне бастаған үміт отын тұтатқан шығар…
– Отағаңыздың айтысқа қатысы бар ма?
– Айтысқа тікелей қатысы бар демесем де, өнерге бір кісідей жақын адам. Сөз қадірін пайымдай алатын жан. Менің айтыстарымды бағалап, өз пікірін айтып жүреді. «Күмісай, сен иманжүзділігіңді жоғалтпа, жеңіл сөзге әуес болма, елді күлдірем деп болмашы нәрселерді айтпа» деп ойын ортаға тастап отырады. Менің сыншым да, жанашырым да сол кісі.
– Айтыс ақындары жүлдеге құнығып бара жатыр дегенге келісесіз бе?
– Бұл жерде жүлдеге құнығып бара жатқан ештеңе жоқ. Айнұрдың бұрындары кейде: «ешқашан айлық алып, жұмыс істеп көрмеппін…» дейтіні бар еді. Сол секілді бұл жерде ақындар айтысты табыс көзі ретінде ұстанып жүр десек қателеспейміз. Бұрында Жүрсін аға хабарласып: «Әй, не болды, қалталарыңның түбі тесілуге шақ қалды ма, айтысқа шығасың ба?» деп қалжыңдап қағытушы еді. Мен өзім қалтам жұқарып қалды деп айтысқа ат терлетіп барған емеспін. Шабытымның келгеніне байланысты қатысатынмын. Негізі айтыс ақындарының көбісі отбасыларына басты тірек болып, артындағы бауырларын сүйреп жүргендер. Оларға жағдай жасалғаны жөн. Оның үстіне күнде өтіп жатқан айтыс жоқ, өтіп жатқан күнде де бір адамға беріліп жатқан бас жүлде, автокөлік жоқ. Осыны ескеру керек.
– Десе де, қазір айтыс ақындарының осы уақытқа дейін қанша көлік мінгендері саусақпен саналып жатады. Айнұр Тұрсынбаева отыз бес көлік мініпті, Жандарбек Бұлғақов бір айтыстан үш көлік ұтып алып кетіпті деген секілді. Сіз қанша көлік міндіңіз?
– Айтыста жүрген жылдарымның ішінде осы кезге дейін көліктін кілтін қолма-қол алғаным бес рет, көліктің құнына шаққан ақшалай сыйлықты алғаным алты рет екен. Мен одан байып кеткен жоқпын. Маған айтыс бір-ақ нәрсе берді. Ол олжам – менің кеш те болса ерге шығып, отбасы құрғандығым. Бұл менің – теңдесіз сыйым!
– Қазіргі шаппа-шап сөз өнері, атадан мирас мұрамыз айтыс төңірегінде біраз даудың барын білеміз. Сол жайында сіздің ойыңыз қандай?
– Айтыс туралы алып-қашпа әңгімелер айтылуындай айтылып келеді. Айтар ауыздың жалығар шағы да болғандай. Бірі «Айтыс – Жүрсіннің жекеменшігі емес» деп даурығып жүр, енді бірі «айтыс биліктің қолшоқпары болып бара жатыр» деп әуреленіп жүр. Айтыс – қазақтікі. Оны ешкім жекешелендіріп алған жоқ. Кеңестік кезеңнен айтысымызға дем беріп, кемесін өрге сүйреп жүрген Жүрсін ағаның бейнеті зор. Ал, басқа азаматтар оның көптеп өтілуіне мұрындық болып жатса, алғыстан артық ештеңе айтпағанымыз дұрыс қой. Айтысқа билік оң көзқарас танытып, киелі өнеріміздің өлмеуіне сеп болып жатса неге қуанбасқа?! Әйтпесе, біраз жыл бұрын «айтыс қайтыс болды» деп жанұшыра шырылдағанымызды бәрі біледі. Оған қоса айтыс ақындары оппозицияның да қолшоқпары емес қой. Ақын болған соң халықтың мұң-мұқтажын айтыс арқылы жоғарыға жеткізіп отыру парызымыз шығар, бірақ, жақсылықты да жар салып жырлауымыз керек. Қазақстан сәт санап өркендеп келе жатқан мемлекет. Тәңірге тәубе айтқан жөн. Халықты біртұтастыққа шақыру – сауапты іс. Осыны ұмытпағанымыз абзал!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жанғазы Ахмет

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here