- Advertisement -

Кітап деген – бір мұхит…

184

- Advertisement -

Менің кейде не оқуым керектігін байырғы кітапқұмарлардан сұрап алатыным бар.
Солардың айтуымен Шарон Летчердің «Кедей әке, бай әке», сондай-ақ Луиза Хей мен Роберт Киосакидің «Өз өміріңді қалай оңалтуға болады?» деген кітаптарын оқып таныстым. Біріншісі, әсіресе ата-аналардың бас алмай оқитын-ақ кітабы екен. Адамның бай не кедей болуының ұл-қыздары тәрбиесіне қалай әсер ететіні, мұндай жағдайда не істеп, не қою керектігі тәптіштеліп жазылған. Ал екінші кітапта авторлар адамның өмірден түңілуіне әкеліп соғар дағдарыс, жұмыссыздық, әлдебіреулерге тәуелділік секілді нәрселердің барлығы да қалыпты құбылыс, оны еңсерудің жолдары бар екенін ағылшындық салқынқандылықпен, байыппен түсіндіріп, жетеңе жеткізе де біледі. Ағысқа ұрынған жанның жағадағы қармайтын талы секілді. Былайша айтқанда, бойыңдағы тылсым жатқан күшті оятып, іскерлікке, ізгілікке, жақсылыққа, өмірді сүюге ұмтылдырады.
Дәл қазір бізге керек дүниелер, міне, осылар ғой.

Кездейсоқ қолыма түскен «20/80» кітабын да парақтап шықтым. «Парето заңы», әлде «Парето ұстанымы», «20/80» принципі дейміз бе, осынау эмпирикалық ереже «20 пайыздың күші 80 пайыздың, ал 80 пайыздың күші бар-жоғы 20 пайыздың нәтижесін береді» деп тәпсірленеді. Келтірілген сандарды дәлме-дәл, нақты деп айтуға болмас. Алайда жаны жоқ емес. Бүгінде бес-алты адамның жұмысын бір өзі атқарып жүрген нағыз еңбек торысы деуге лайық азаматтарды бір емес, біраз мекемеден кездестіреріңіз анық. Қоғамымызда мұндай құбылыстың бар екені белгілі болғалы бері арада бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Жаңалық деуге де келмейді. Алайда осы бір жайдың «жаны сірілігін» айтсаңызшы! Әлгі кітап та қоғамымыздағы еңбек қатынастарын түбегейлі өзгертіп, еңбек өндірімділігін қалыптастыруды ойлайтын экономистер мен кәсіпкерлердің біршама көзін ашады деген ойдамын.

Біз «Нағыз адам туралы аңыздағы» қаһарман ұшқыш Алексей Маресьевтің, көзі көрмесе де «Құрыш қалай шынықты?» романын жазған Островскийдің, оның кейіпкері Павел Корчагиннің ерліктерін жасөспірім кезімізден үлгі етіп, соларға еліктеп өстік. Бүгінгі ұрпақ олар жайлы біле қоймайды. Алайда қазір де тағдыры қанша жерден сынаққа алса да, жасымаған қайсар ғұмыр иелері арамызда аз емес. Солардың бірі – белгілі түрколог ғалым, жазушы Немат Келімбетов болатын. Орда бұзар отыз жасын орталамай жатып омыртқа жұлынына зақым келіп, төсекке, арбаға таңылған ғалым өмірге құштарлығының арқасында қиындықтарды қалай еңсергенін «Үміт үзгім келмейді» роман-эссесінде тәптіштей жазады. Рухы мықты, ұлтшыл жан өмір мен өлім беттескенде жеңіп шығып, артына өлмес мұра қалдырды. Дәл осындай бақытсыздыққа тап болған тағы бір қайсар қазақ, ақын Нұртас Исабаев та «Өмірге құштарлық» атты 620 беттік ғұмырнамалық романын баспадан шығарыпты. Не деген жанкешті еңбекқорлық десеңізші! Осындай жағдайды бастан кешкен жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың «Таңшолпан» атты дилогиясы өнегелі өмір сүрудің мәні мен маңызы жөнінде шынайылықпен сыр толғайды. Аяқ-қолы балғадай, дені сау, зіңгіттей азаматтардың қолынан келмейтін тәуекелге барып, құйттай ғана қаламмен тау қопару дегеніңіз осы. Үш кітапты да толғанбай, бейжай оқып шығу мүмкін емес. Адам бойындағы өмірге құштарлық сезімін еселей түсуімен, денсаулықтың қадірін, өмірдің мәнін ұғынуға жетелеуімен де құнды дүниелер екен. Бір деммен оқып шықтым. Сіз де оқыңыз, еш өкінбейсіз. Өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайтыныңызға әбден сенімдімін.
Былтырғы еңбек демалысымда екінің бірінің тісі бата бермейтін жеті жүз беттік «Нақұрыс» («Идиот») атты психологиялық романын оқып, Достоевскиймен бетпе-бет келген едім. Жазушының шеберлігі қайран қалдырды. Кітап қаншалықты қалың болғанмен, тұтас бір дәуір оқиғалары ә дегеннен-ақ иіріміне тартып ала жөнелері бар. Әр алуан кейіпкерлер шынайы болмыс, қайшылыққа толы күрделі тағдырларымен даралана көрінеді. Содан да бас көтермей қызыға оқып шықтым. Былтырғы тындырған бір ісім осы болды. Ал биыл…
Не оқуым керектігін, бәлкім, сіздер айтарсыздар?

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support