- Advertisement -

Қайсарлық

107

- Advertisement -

Қанша жерден ұстамдымын дегенімен, күміс қанат алып лайнер әуеге көтерілгенде жүрегі лоблып барып басылған. Енді міне, екі құлағы шыңылдап, басы ауырып тұрғаны. Содан мазасы қашып, самарқау отырған. Ұшақтағылар абыр-сабыр болып кеткен соң ғана жан-жағына көз тастады. Жүрек талмасы бар ма, жолаушының бірі естен танып қалыпты. Мұны көргенде ойланып жатпастан, жан ұшыра көмекке ұмтыла берді…

Жасы алпыстан асқан Рәзия Тәліпбекқызының кәсіби түйсігі алдамаған екен. 63 жастағы жолаушының жүрегі ұшақтағы қысымға шыдамаған көрінеді. Дереу қан қысымын өлшеген, 0-ді көрсетіп тұр. Ұзақ жыл жедел жәрдемде фельдшер болып жұмыс істегенінің пайдасы тиді. Асып-саспай, науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетуге кіріседі.
– Бағымызға орай әлгі ұшақта реаниматолог дәрігер бар екен. Шымкентке жолаушылап шығыпты. Бастапқы медициналық көмекті көрсетіп, жасанды ауа жастықшасы арқылы дем беріп, дәрі ектік, система қойдық. Дембіл-дембіл қан қысымын өлшеп, тамыр соғысын бақылап отырдық. Халықаралық желі арқылы әуежайға жедел жәрдем шақыртып қойғанымыз мұндай жақсы болар ма, ұшақ қонғанда олар да келіп, күтіп дайын тұрды. Көрер жарық сәулесі бар екен, қан қысымы 0-ге түсіп кеткен жағдайда науқасты аман алып қалу өте қиын. Жедел көмектің арқасында ұшақ қонғанша беті бері қарады. Абыр-сабырмен жүріп, дәрігердің есімін сұрауды да ұмытып кетіппін. Бірақ, Ақтаудан Шымкентке бірге ұшқан сырқаттың қайда тұратынын сұрастырып алғам. Кейін Сайрам ауданына хабарласып, Азиза Лапаеваның аман екеніне көз жеткіздім, – дейді сол оқиғаның куәгері Рәзия Сапарбекова.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің, «Асыл ана» әжелер ансамблінің мүшесі Рәзия апайдың бойында осыншама қайсарлық жатыр деп кім ойлаған?! Оқыс жағдай орын алмаса, оның 40 жылдан астам медицина саласында еңбек етіп, қаншама адамның жанына араша түскенін де білмей де жүре берер ме едік. Зейнетке шыққалы да талай жыл өткеніне қарамастан, кәсіби біліктілігін көрсетіп, қиын жағдайда науқастың жанын сақтап қалуға көмектескені, шынында да, үлкен ерлік. «Scat» авиакомпаниясының Шымкент қаласындағы филиалы Рәзия Сапарбекованың бұл ерлігін бағалап, арнайы Алғыс хат жолдапты.
Рәзия Тәліпбекқызының айтуынша, Азиза Лапаеваның қазіргі жағдайы жақсы. Сол күні ол Стамбулдан ұшып келе жатқан беті екен. Ақтауға қонып, сол жерден Шымкентке қарай ұшаққа отырған көрінеді. Тағдырдың тартқан тартуы шығар, екі бірдей білікті маманның сол ұшақтан табылғаны. Иә, өмірдің үлкен сыйы – амандыққа не жетсін!

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support