- Advertisement -

Қоныс тойы көп болмақ

123

- Advertisement -

Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Болатбек Байтөле алды он жылдан аса жер кезегінде тұрған азаматтардың алғашқы тобына жер иелену құқын білдіретін куәліктер тапсырды. Елбасының бастауымен қолға алынған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы осылай өз нәтижесін бере бастады.
Алдымен жол салып, жарық пен су жүйесі тартылмайынша тұрғын үй салуға учаске берілмейтін тәртіп орнағалы он екі жылға жуықтады. Бұл мерзімде жер кезегінде тұрғандардың саны аудан бойынша он екі мыңнан асса, оның ішінде тек аудан орталығының өзінде жеті мыңға жеткен болатын. Жаңа жылда олардың 2776-сы он сотықтан жер телімдерін иеленбек.
Бұл үшін соңғы жылдары аудан орталығының іргесін 615 гектарға кеңейте түскен «Солтүстік» және «Оңтүстік» аталатын жаңа тұрғын үй алқаптарында қажетті инфрақұрылымдар жүргізілді. Жеке тұрғын үйлер құрылысына бөлінген бұл екі ықшам ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытудың жалпы сметалық құны 989,23 миллион теңгені құраса, 2016 жылы оның 275,0 миллион, ал биыл 667,0 миллион теңгесі игерілді. Тараздық мердігер «Пырақ Құрылыс» ЖШС электрлендіру, «Тараз Құрылыс Дизаин» ЖШС көше жолдарын салу жұмыстарын тыңғылықты атқарып шықты. Ықшам ауданда бір арнайы қосалқы станса, тоғыз трансформатор, үш мыңға жуық электр бағаналары орнатылған. Электр сымдары тартылып, екі мыңға жуық көше шамдары ілініп, бағана басында әр тұрғын үйге жалғанатын жиырма метрлік желіге дейін қарастырылған. Кең де түзу көше жолдары да көз сүйсінтеді. Ал, «ПСК Градцентр» ЖШС сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп болды. Енді су құбырын жүргізетін мердігер іске кіріседі. Болашақта табиғи газ желісін тартудың да кезегі келмек.
Сөйтіп, Жаңа жылда жаңа тұрғын үй алқабында жаппай құрылыс қарқын алады. Соның ізінше қоныс тойлары да көбеймек. Жер иелену куәлігі берілгендердің қуанышында шек жоқ. Олардың атынан сөз алған Төлеген Тіленшиев пен Юлия Бахчевой дайын инфрақұрылымдарымен жер учаскелерін тарту еткен Елбасына, облыс және аудан әкімдеріне алғысын жаудырды. Жаңа жылдық тарту осындай болса керек-ті.

Қордай ауданы.

Құрманбек Әлімжан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support