- Advertisement -

Жастары жалынды елдің болашағы жарқын

94

- Advertisement -

 Облыс әкімдігінде жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен алқалы басқосудың күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы М.Мәтенов өңірдегі жастар саясатының іске асырылу барысы туралы баян етті. Ол бұл бағыттағы жұмыстар «Қазақстан – 2020: болашаққа бастар жол» мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

– Облыста мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа жалпы 571,5 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,6 пайызға артық. Ағымдағы жылы басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 21,1 миллион теңгеге 17 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Жыл басынан бері басқарма тарапынан жастар арасында түрлі салаларды қамтыған жастар акциялары мен сенбіліктер, кездесулер мен флеш-мобтар, сонымен қатар әлеуметтік, патриоттық, рухани, мәдени, діни, спорттық бағыттағы және өзге де салаларды қамтыған 100-ден астам шара өткізілді. Оған 100 мыңнан астам жастар қатысты, – деген Мәди Мейірбекұлы атқарылған көптеген шараларға жекелей тоқталып өтті. Басқарма басшысынан Кәрім Нәсбекұлы мүмкіндігі шектеулі жастармен қандай байланыс орнатылғанын сұрап, оларды бейіміне қарай спортқа, өнерге тартып, қолайлы жағдай жасап отыру керектігін тапсырды. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында келер жылы өңірімізде өтетін «Дүниежүзілік қазақ жастарының форумына» дайындықты қазірден қолға алуды, оған барлық басқарма мен аудан басшыларын атсалысуға шақырды.
Бұдан соң сөз алған облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров жастар арасында діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында атқарылған жұмыс барысын баяндады.
– Басқарма мен оған қарасты мекемелерде жұмыс атқаратын дінтанушы-теолог мамандар тарапынан интернет жүйесіндегі жастар арасында танымал интернет парақшалар мен әлеуметтік желілерде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 1560 күдікті сілтеме анықталып, дінтану сараптамасына жолданылды. Нәтижесінде 291 сілтемеге тосқауыл қойылды. Сондай-ақ бүгінгі уақытта 40-қа жуық дінтанушылар, теологтар және имамдар блогерлік жұмыстарға тартылып, қоғамдағы дінге қатысты маңызды тақырыптарда мақалалар, ақпараттар, сілтемелер жариялап, қарсы насихаттық жұмыстарын жүргізуде, – деген Жангелді Жайлауұлы деструктивті діни ағымдардың ықпалында жүрген азаматтар арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні 124 жас қоғамға бейімделгенін, олардың 12-сі жергілікті әкімдіктер тарапынан тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгенін айтты.
Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков меркілік жастардың жай-күйіне тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Облыс басшысы аудан әкімінен ауылдық жастардың баспана мен жұмыспен қамтылуы қай деңгейде екенін сұрады. Мейірхан Азатұлы жер телімін сұрап отырған жастардың көп екенін, олардың сұранысына сай шаралар атқарылып жатқанын хабарлады. Жастар саясатын жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдардың үлесі туралы мәлімдеген облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Мұратбаев өңірдегі студенттердің басты мәселесі ретінде олардың қоғамдық көлік қозғалысындағы жолақысы жеңілдетілсе және студенттік билет қарастырылса деген жастардың тілегін жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселені шешуді Тараз қаласының әкіміне тапсырды.
Жиында бірқатар басқарма басшылары мен жоғары оқу орындарының ректорларына күн тәртібіндегі тақырыптарға орай тапсырмалар жүктелді.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support