- Advertisement -

Қылмыс неге азаймай отыр?

118

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің биылғы қорытынды мәжілісінде негізінен облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің есебі тыңдалды.

Тақырып талқыға түспес бұрын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мәжіліс құрамы алдында облыста бірқатар лауазымға басшылық қызметке тағайындалған азаматтарды таныстырды. Ең бірінші облыстық «Ақ жол» газетіне директор-бас редактор қызметіне тағайындалған Қуат Әуесбайдың қысқаша еңбек жолын атап өткен облыс әкімі басылым басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Келесі азамат – облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған Мақсат Ахаев.
Сондай-ақ, ұйымдастырылған Мәдениет күндері аясында ең үздік деп танылған Т.Рысқұлов аудандық мәдениет бөлімі облыс әкімінің арнайы Алғыс хаты мен УАЗ автокөлігімен марапатталды.
Келесі кезекте күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев баяндама жасады.
Баяндамаға сүйенсек, осы жылдың 11 айлық қорытындысы бойынша құқық бұзушылық өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмендеген. Алайда, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу дерегі 10,3 пайызға артқан. Оның басым бөлігі Тараз қаласында тіркелсе, аудандар арасынан Т.Рысқұлов алдыңғы орыннан көрінген.

Жалпы, қылмыс жасау көрсеткіші біршама азайды делінгенімен, адам өлтіру дерегі өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артқан. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 2016 жылы 38 болса, биылғы жылдың 11 айында 59 дерек тіркелген. Оның 15-і көшеде, 17-сі қоғамдық орындарда, 19 қылмыс бұрын сотталғандардың қолымен, 29 адам өлімі мастықпен, 5 қылмыс тұрмыстық текетірестен, қалған алтауы басқа да жағдайларда жасалған. Адам өлтірген қылмыскерлердің 42-сі жұмыссыздар болған екен. Сондай-ақ жұмыссыз жүргендер 2282 ұрлық, 59 зорлық, 224 тонау әрекеттеріне барған. Сөйтіп, жалпы қылмыстың 41 пайызын «екі қолға бір күрек» таппағандар жасаған.

Бақытжан Халиоллаұлының айтуынша, қылмыстың басым бөлігі жұмыссыздық пен маскүнемдіктің салдарынан орын алады екен. Сондықтан қоғамдағы осы мәселелердің оңтайлы шешілуі көптеген кері әрекеттердің алдын алған жөн болар еді деп топшылады ол.
Мұнан өзге де салада атқарылған жұмыстар мен алдағы күннің жоспарлары, қылмыс пен құқық, заң бұзушылықтардың алдын алуға қатысты жан-жақты мәлімет беріліп, баяндама тыңдалып болған соң облыс әкімі жергілікті полиция басшысына бірқатар сауалдар қойды.
Соның ішінде облыс бойынша түрлі нысандар мен көшелерге бейнебақылау камераларын көптеп орнатудың қаншалықты пайдасы тиіп жатқандығын сұрады Кәрім Нәсбекұлы. Өз кезегінде полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев камералардың көмегімен қылмыстың ашылуы 15 пайызды құрайтынын және оның ең басты пайдасы – қылмыс пен түрлі тәртіп бұзушылықтың алдын алуда ықпалы зор екенін айтты.
Көшелерде орнатылған бейнебақылау камерасының арқасында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлік ісі таспаға түскенін тілге тиек еткен өңір басшысы Елбасы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» құру мақсатында да бұл мәселеге ерекше назар аударылып жатқанын жеткізді. Ең бастысы, облыс бюджетінен қыруар қаржы бөлініп, орнатылған камералар өзін ақтайтындай жүйе қалыптасу керектігін баса айтты. Сондай-ақ полиция қызметінің жұмысын жақсарту мақсатында сала мамандарына 32 миллион теңгеге планшет алынғанын, мұндай техникалық жағдайлар жыл өткен сайын жақсартылып жатқанын ескертті.
Қоғамдық орындарда тәртіп ең көп бұзылатын – Тараз. Облыс әкімі қала әкімі Рүстем Дәулеттен бұл мәселенің алдын алуда қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады. Ол «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы аясында демеушілердің көмегімен 45 миллион, қала бюджетінен 60 миллион теңге бөлініп, оған арнайы бейнебақылау камераларын орнату жоспарланғанын жеткізді.
Сондай-ақ облыс әкімі Шу ауданында түрлі қылмыстық істердің өршіп тұрғанына көп көңіл бөлді. «Жалпы, бұл ауданда ұрлық, қылмыс оқиғалары қашан азаяды, қайткенде көрсеткіш төмендейді? Қарапайым халыққа тыныш заман қашан орнайды?» деген әкімнің сауалына сала мамандары ондағы келеңсіздіктерге бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдың төмендігі, екінші кезекте мамандардың кәсіби машығының жетіспеушілігі себеп екенін айтты.
Талас ауданындағы ұрлық деректерінің де ашылуы көңіл көншітпейтін болып шықты. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалып отырғаны күдік туғызатынын айтқан облыс басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыруды Бақытжан Бейсеевтің өзіне тікелей тапсырды.
Ал Қордай ауданында бұрын сотталғандардың қолымен жасалған қылмыс көрсеткішінің 225 пайызға артуы осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілмеуінен екенін айтқан Кәрім Нәсбекұлы мұндай істе сергектік танытып, салғырттыққа жол бермеу керектігін тапсырды.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіне сай келесі кезекте Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында ішкі істер саласы бойынша атқарылған жұмыстар сөз болды.
Мұнан өзге де мәселелер мәжіліс құрамының назарына ұсынылып, тиісті шешімдер қабылданды.

Маржан рақай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support