- Advertisement -

Тағдыр тауқыметін жеңген қаһарман

113

- Advertisement -

Жүзінен жылы леп есіп тұратын Зүлфия Ғабидуллина тағдыр тауқыметін жылы жымиысымен-ақ жеңіп жүргендей көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қарымы шексіз жерлесіміз ешқандай қиындыққа мойымайды. Оның тұла бойында әлсіздік деген қасиет жоқ. Қайта тағдырдың қатал сынымен қаймықпай күреседі. Алдына асқаралы арман қоя біледі. Қазақ елінен шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионының осындай ерге тән күрескерлік қасиеті оны «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына қосқаны анық. Зүлфия қандай құрметке де лайық.

Ол балалықтың бал дәмін де татып үлгермеді. Небары бес жасында ішіне ащы судың уыты сіңген мотоцикл жүргізушісі бағдаршам жасыл жанғанда қарсы бетке бет алған Зүлфияны қағып кетеді. «Жол апатының қалай орын алғаны туралы білмеймін. Анамның айтуы бойынша ғана хабардармын. Омыртқам жарақаттанған соң емделуге біраз уақытым кетті. Сол кезде дене шынықтырумен айналыстым», – дейді қаһарманымыз.

Осы бір трагедиялық жағдайдан соң ол бір жылдай аурухана төсегіне таңылды. Балалық шақтың бал дәмін емес, мехнатын көрді. Омыртқасынан бөлек аяқ-қолы жарақаттанған кейіпкерімізге дәрігерлер бірнеше ота жасады.
Әуелде спорттың бірнеше түрін жанына серік еткен ол 1998 жылдан бастап тек жүзуді таңдады. Тіпті қаладағы бассейндерде жаттығатын мүмкіндік те болмады. Дені сау азаматтармен мүгедек адамдардың жүзу бассейнінде қатар спортпен шұғылдануына тыйым да салынған. Ол соған қарамастан, спортты тастамады.
Өмір өткелдеріндегі қиындықтармен қыңбай күресе білетін кейіпкеріміз 1998 жылы тұрмысқа шығады. Дәрігерлердің бала босануға қарсы шыққанына қарамастан, Зүлфия тәуекелге бел буды. 1999 жылы Руфия есімді қызды дүниеге әкелді. Ана бақытын сезінді.
Зүлфияны 2007 жылдан бастап Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер Саттар Бейсембаев жаттықтырып келеді. Сол жылы Зүлфия кәсіпқой спортқа шындап кірісті. Кейіннен үлкен бассейінде толыққанды жаттығатын мүмкіндік те туды.
Жерлесіміз талмай тер төгіп, аянбай еңбектенді. Нәтижесіз емес әрине. 2014 жылы Инчхонда өткен паразиялық ойындарда жұлдызы жарқыраған ол алтыннан алқа тағынды. Келер жылы Шотландияның Глазго қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатынан екі бірдей қола жүлде иеленді. Ол ел тарихында тірек қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында алғаш боп Паралимпиада медалін қоржынға салды. 2016 жылы Бразилияның Рио қаласында өткен аталмыш додада 100 метр қашықтықта еркін стильде жүзген жерлесіміз чемпион атанып, мемлекет мерейін тасытты. Ағымдағы жылы Мексикада жалауы желбіреген әлем біріншілігінде алтын жүлде иеленген Зүлфия біраз бұрын Германия ашық біріншілігінде әлемдік рекордқа түзету де енгізген еді.
– Спорт – менің өмірімнің мәні мен сәні. Кезінде қазіргідей жағдай жоқтығына қарамастан, арбаға отырып, жауынның астында жаттығуға бара беретінмін. Жеңіске деген құштарлық менің бойымда өмірге деген қызуғушылықты оятты. Адам алдына мақсат қойса ғана соған жету жолында тер төгеді. Бұл өмірде бірдеңе өзі өзгереді екен ғой деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Ол әлбетте жалқаудың ісі. Маңдайыңнан шүмектеп тер аққанда ғана оның өтеуі болады. Жалғанда барлық қиындық өткінші екенін түсінген жөн. Алда сені тек жақсылық күтеді.
Алғаш медаль алған сәтімді қалай ғана ұмытамын? Бәріне телефон шалып шықтым. Үйге келіп, туыстарымнан сүйінші сұрай бастадым. Бәрі сыйлық жасап, еркелетіп жатты. Қуанышым қойныма сыймай кетті, – дейді ол.
Бар жақсылықты адал еңбегінен күтетін Зүлфия Ғабидуллинаның алдағы арманы да асқақ. Ол тұңғыш рет Қазақстаннан шыққан екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанғысы келеді. Сол жолда аянбай еңбектенуге де әзір. «Елімнің көк туын көкте желбіретіп жүргеніме қуаныштымын. «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасына енген әрбір спортшы жауапкершілік жүгін түсінеді. Мақсатым айқын. Елімді жарқын жеңістермен қуанту үшін барымды салатын боламын», – деген Зүлфияның арманы орындалса дейміз.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support